АймақҚарқаралы

«Талғатбек – хирург, мен – медбике»

Сан жылдар техникалық толқынысты бастан өткерген автоконструктор Генри Форд сан мәрте сәтсіздікке ұшырады. Маңайындағылар оның ұмтылысына күмәнмен қарады. Тек әйелі ғана күйеуінің талантына сеніп, талпынысынан күдер үзбеді. Қолын қарыған суыққа қарамастан алақанымен майшам ұстап, Генридің қасында ұзақ түндерін өткізеді. Әйелдің ұлы сенімі, темірдей төзімі, зор қолдауы, үкілі үміті ақталды. Бүгінде «Ford» – Америкадағы ең ірі автомобиль жасаушы компания.

Қарқаралыда еріне қолдау көрсеткен осындай әйел адам бар. Есімі – Маржан Оспанова. Темір тұлпардың білгірі Талғатбек ағаның тамыршысы тәрізді. Ерлі-зайыптылар көлік жөндеуге кіріскенде бір-бірін ыммен түсінеді. Маржан ханым «Талғатбек – хирург, мен – медбикемін» дейді. Шынында бір-бірін қолдап, иық түйістіре еңбек етіп жүр.

Сурет: кейіпкедін жеке мұрағатынан

Міндеті – көліктің майысқан жерін түзеп, толықтырып, бояп беру. Талғатбек пен Маржанның көлік жөндеумен айналысқанына 17 жылдың жүзі болған. Негізі Маржан ханымның мамандығы тігінші. Сызу сызып, құрақ құрағанда алдына жан салмайды. Осы бір ұқыптылық пен дәлдік, төзім, қиынды қиыстырған шебер жанға көліктің майысқан бамперін түзету, сынған тұсының жігін білдірмей бүтіндеу қиынға соқпаған сыңайлы.

– Осы кәсіппен айналысып жүргенімізге 17 жыл болды. Көлік жөндеуден хабары бар жолдасымның жұмысы тұтынушылардың көңілінен шықты. Үлкен бокстың ішінде ала таңнан кеш қарайғанға дейін жүретін азаматымды жалғыз қалдырмай, ілесіп жүрдім. Ол көліктің майысқан темір қорабын жөндесе, мен сырлаймын. Келе-келе, қайсы қандай құрал, оны қай жерде пайдалану керектігін де жаттап алдым. Әбден қол үйреніп алды десе де болады. Көлік жөндеп жатқан жолдасыма қандай құрал қажет екенін көзқарасынан, қол қимылынан сезіп тұрамын. Құдды, ол – хирург, мен – мейірбикемін, – дейді Маржан апай.

Нәзік жандар көлік жүргізгенімен, әйел затының көлік жөндегенін көрмедік. Бірлі-жарым естігеніміз болмаса. Үстінде арнайы киімі, қолында құрал-сайманы, нәзік қолдарымен зілдей темір-терсекті бүтіндеп жүрген Маржан апайдың еңбегі ер ісіне бергісіз. Жалпы, әйел адам әдемілікке, ұқыптылыққа жаны құштар емес пе?! Бір-бірін үнсіз ұғысқан, техниканың тынысын тап басқан жандардың жұмысына деген сұраныс жоғары.

– Қыста көбіне бамперін соққандар жиі келеді. Жаз мезгілінде машинаны толығымен жөндеуге кіргізеді. Жан-жақтан келеді. Түзету, тегістеу, және бояуда қателік жіберуге болмайды. Бәрі де – бала-шағаның қамы. Ата-аналық борышымыз ретінде, оларға да көмектесіп тұрамыз, – дейді Маржан Оспанова әңгімеге желі тартып.

Еңбекшіл әйел – ерге сүйікті, елге сүйкімді. Маржан ханым еңбегімен ел арасында сыйлы. Ісінің білгір маманы. Әрі облыс көлемінде осы бір кәсіппен айналысып жүрген жандардың бірегейі десе де болады. Күнделікті кәсібінен қолы қалт етсе, тігін машинасын қолға алады…

Сағыныш ӘБІЛ.

Қарқаралы ауданы

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button