Ресми

Талғамның тарихи мүмкіндігі

2026 жылғы 15 наурызда еліміз үшін тарихи маңызы зор шешім қабылданбақ. Бұл күні қазақстандықтар республикалық референдум арқылы жаңа Конституция жобасына қатысты өз таңдауын жасайды. Меніңше, бұл – жай ғана саяси рәсім емес, елдің болашағын айқындайтын жауапты қадам.

Сурет автордан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, бұл бастаманы бүкілхалықтық талқылауға ұсынды. Бұл шешімнің өзі халық пікіріне басымдық берілетінін көрсетеді. Мемлекет тағдырын айқындайтын мәселені тікелей азаматтардың дауыс беруіне шығару – демократиялық ұстанымның айқын көрінісі.

Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қабылданып, елдің құқықтық іргетасын қалады. Алайда, уақыт өзгереді, қоғам жаңарады, талаптар күшейеді. Сондықтан, жаңа тарихи кезеңде Конституцияны жетілдіру – заңды әрі қажетті қадам. Ұсынылып отырған жаңа редакция билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін күшейтуге, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін арттыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – мемлекеттің дамуының заңды жалғасы. Референдумның басты ерекшелігі әрбір азаматтың ел тағдырына тікелей ықпал ету мүмкіндігі. Әр дауыс – маңызды. Әрбір «иә» немесе «жоқ» деген таңдау – болашаққа берілген баға.

Бұл бастама қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады. Азаматтар өздерінің шешім қабылдау процесіне қатысатынын сезінеді. Соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып келеді. Президенттік өкілеттіктің шектелуі, Парламент рөлінің артуы, жергілікті өзін-өзі басқару функцияларының кеңеюі – мұның барлығы саяси жүйенің жаңаруына бағытталған. Жаңа Конституция осы өзгерістерді жүйелеп, институционалдық тұрғыдан бекітеді. Бұл мемлекет басқарудағы ашықтықты арттырып, жауапкершілік деңгейін күшейтеді деп сенемін.

Референдум – тек құқық қана емес, тарихи жауапкершілік. Бұл референдумға белсенді қатысу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. 15 наурыз – жай күн емес. Бұл – елдің жаңа даму бағытын айқындайтын тарихи белес. Референдум арқылы біз мемлекетіміздің құқықтық негізін бірге қалыптастырамыз. Мен өз таңдауымды елдің тұрақтылығы мен дамуы жолында жасаймын. Себебі Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button