Ресми

Талғам таразысындағы тарихи таңдау

15 наурыз – ел болашағы үшін жауапкершілікті өз қолымызға алатын сәт. Бұл – мемлекеттілігімізді жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған тарихи шешім қабылдайтын күн. Республикалық референдумда еліміздің ертеңіне дауыс береміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, еліміз жаңа Ата заңды қабылдау кезеңіне қадам басты. Бұл бастама – соңғы жылдары жүргізілген саяси жаңғыру үдерісінің заңды жалғасы әрі институционалдық тұрғыдан бекемделуі.

Сурет автордан

Жаңа Конституция жобасы ашық қоғамдық талқылаудан өтті. Бұл – бұрын-соңды болмаған тәжірибе. 10 мыңға жуық ұсыныс түсіп, олардың барлығы сараланып, жүйеленді.

Құжатты әзірлеуге 130 кәсіби маман қатысып, нәтижесінде 77-ден астам бапқа өзгеріс енгізілген. Ата Заң құрылымының 84 пайызы жаңартылмақ.

Маңызды бастаманы қолдау үшін жалпыұлттық коалиция құрылды. Бұл – қоғамның әртүрлі топтары реформаның қажеттілігін түсініп, ортақ жауапкершілікті бөлісуге дайын екенін көрсетеді.

Жаңа редакция жобасы 11 бөлімнен, 96 баптан тұрады. Жаңа редакция жобасында негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер кеңінен қамтылуы құрылымдық басымдықтың өзгергенін аңғартады.

Сондай-ақ, жаңа «Халық кеңесі» бөлімі енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтай институттарының орнына құрылатын бұл орган – қоғамдық диалогтың жаңа форматы. Халық кеңесінің құрамына еліміздегі этностардың, қоғамдық бірлестіктердің және өңірлердегі мәслихаттардың өкілдері кіреді. Бұл жергілікті жерлердегі жағдайды ескеруге мүмкіндік береді. Яғни, өкілділік ауқымы кеңейіп, қоғам үнін жеткізудің институционалдық алаңы күшейеді.

Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – адамды мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде жариялауы. Преамбулада адамдардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау міндеті нақты бекітілген. Ал, бірінші бапта адамның құқықтары мен бостандықтары ең жоғарғы құндылық ретінде айқын көрсетілген.

«Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты – жаңа саяси философияның өзегі. Бұл норма мемлекеттік саясаттың барлық бағытына бағдар береді.

Адамның ар-намысы, ой және сөз еркіндігі, жеке басының бостандығы – конституциялық кепілдікке ие. Сонымен бірге, ғылым, білім, инновация мәселелерінің алдыңғы орынға шығуы адам капиталын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде бекітеді. XXI ғасырда бәсекеге қабілетті ел болудың кілті – білімді, еркін, жауапты азамат.

1995 жылғы Конституция «мемлекетімізді құру үшін» деген сөздермен басталатын. Жаңа редакцияда «мемлекетімізді нығайту үшін» деген тұжырым енгізілді. Бұл – мазмұндық тұрғыдан да, саяси-философиялық тұрғыдан да маңызды өзгеріс. Отыз жыл бойы біз тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастырдық. Ендігі кезең – оны институционалдық тұрғыдан нығайту.

Сонымен бірге, Преамбулада тарихи сабақтастық мәселесі айқын көрініс тапты. Қазақ жеріндегі байырғы мемлекеттердің мұрагері екеніміз атап өтілді. Мыңжылдық тарихымыз ұлттық құндылық ретінде танылды. Яғни, ұлттық бірегейлікті нығайтатын, мемлекеттілік дәстүрін жалғастыратын тұжырым қолға алынды.

Демократиялық мемлекеттің басты шарты – билік тармақтарының өзара тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі. Жаңа Конституция осы принципті күшейтеді.

Президент, Парламент және Үкіметтің құзыреттері нақты айқындалады. Әр институт өз өкілеттігі шегінде жұмыс істеп, жауапкершілік алады. Президент Конституцияның кепілі ретінде қала береді, бірақ, саяси жүйе тепе-теңдік пен жауапкершілікке негізделмек.

Бұл басты құжат – реформалардың заңнамалық тірегі. Онда адам құқықтарын қорғау, қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау және заманауи сын-қатерлерге жауап беру тетіктері қамтылған.

Жаһандық геосаяси өзгерістер, технологиялық серпіліс, цифрландыру дәуірі мемлекеттен жаңа сападағы басқару моделін талап етеді. Жаңа Конституция жобасы осы талаптарға жауап береді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Ата заңы мықты елдің іргесі де берік. Конституция – ұлттық келісімнің, стратегиялық дамудың, қоғамдық сенімнің негізі. Отыз жыл ішінде қолданыстағы Конституция бірнеше рет өзгертілді. Бұл – дамудың табиғи үдерісі. Алайда, қазіргі кезең кешенді, жүйелі жаңартуды талап етеді. Сондықтан, жаңа Конституция қабылдау – тарихи қажеттілік.

Біз 15 наурызда тарихи таңдау жасаймыз. Бұл таңдау келешек ұрпақтың тағдырына әсер ететін шешім.

Жаңа Конституция жобасы – адамды ең жоғары құндылық деп танитын, тарихи тамырымызды мойындайтын, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін және мемлекетті нығайтуға бағытталған басты құжат.

Біз – байтақ өлкені мекендеген байырғы мемлекеттердің мұрагеріміз. Тәуелсіздігімізді қайта жаңғыртқанымызға да 35 жыл толып отыр. Қазір шекарасы шегенделген, әлем мойындаған дербес мемлекетпіз. Енді оны нығайтуға тиіспіз. Ал болашағы жарқын мемлекет – берік Конституциядан басталады!

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button