Таиландтан жеткен тарихи жеңіс
Таиландта өткен география пәнінен IGeO-2025 халықаралық олимпиадасы Қазақстан құрамасы үшін тарихи жеңіспен аяқталды. Үш кезеңнен тұратын беделді білім бәйгесінде қазақстандық оқушылар ел тарихындағы үздік нәтижеге қол жеткізіп, екі алтын, екі күміс иеленді.

Оқушылар арасындағы ең беделдісі – IChO, IMO, IPhO, IBO, IGeO, IOL, IOI пәндік олимпиадасы. IGeO-2025 олимпиадасында үш кезеңде үздік нәтиже көрсеткен оқушылардың арасында жерлесіміз Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Талғат Байбусынов та бар. Ол алтын медальға қол жеткізді. Қостанай облысындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Андрей Енбахтов та алтын жүлдені иеленді.
Күміс медаль Жетісу облысындағы НЗМ-нің 12-сынып оқушысы Болат Ақжолға және Ақтөбе облысындағы НЗМ-нің 12-сынып оқушысы Әлихан Қалмағамбетовке бұйырды.
Қазақстан құрамасына Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың 2-курс студенті Рустам Валеев пен халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Абай Дүйсен жетекшілік етті.
Айта кеткен жөн, Қазақстан IGeO олимпиадасына 2012 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде жас зияткерлер 5 алтын, 4 күміс және 7 қола медальға қол жеткізді. Халықаралық беделді білім бәйгесінде осындай үздік нәтиже көрсету – еліміз үшін зор жетістік.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»