Бас тақырып

Табыстың тайқазанын қайнатқандар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­рағанды облысына са­пармен келгенде «Бірлік, ынтымақ, толеранттылық, өзара құрмет, жа­нашырлық және әрқашан бір-бірімізге қол ұшын беруге дайын болу біз­дің дәстүріміз бен мәдениетіміздің негізінде жа­тыр. Біздің ұлттық бол­мысымызды қалыптастыратын бұл бірегей құн­дылықтарды жа­сан­ды идеологиялық құры­лымдарға телу оңай емес. Бірақ, менің ойымша, бұ­ған қажеттілік жоқ» деген болатын.
Қарағанды – өндірістің ошағы. Кәсіпорындарға мем­лекет тарапынан көр­сетіліп отырған қолдау қо­мақты әрі өңір өзге ұлт өкілдерін жұмыспен қам­туға сүбелі үлес қосуда.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Көші-қон қызметі органдарының мәліметінен байқағанымыз, өңдеу нәтижелері бойынша 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында облысқа 10 695 адам келіп, облыстан 16 144 адам шығып кеткен. 2021 жылға қарағанда облысқа келгендер саны 23,9%-ға, облыстан шыққандар саны 1%-ға өсті.

Әсіресе облысқа келгендердің басым көпшілігі өндіріске жұмысқа орналасқан. Бүгінде аймақта қазақтардан басқа орыстар (43,6%), украиндар (5%), беларусьтер (4.0%), немістер (0.2%) және басқалары (7.5%) тұрады. Осы орайда көмірлі шаһар елімізге этносаралық және дінаралық толеранттылықтың жарқын үлгісі ретінде танымал екенін аңғарған жөн.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Ұлттық статистика департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, 2023 жылы көші-қон нәтижесінде 21 078 адам облыс ішіндегі тұрғылықты жерін өзгерткен. Бұл өткен жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда 3,9% – ға аз. Ал, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда облыс өңірлерімен алмасу кезінде көші-қонның оң көрсеткіші тек облыс орталығында (3343 адам) байқалған. Теміртау (101) және Саран қаласындағы (72) көрсеткіштер ерекше көзге түсті. Әсіресе, үлкен көші-қон шығындары Шет (757 адам) және Қарқаралы (721) аудандарында байқалды. Көші-қонның оң көрсеткіші Теміртау, Саран қалаларында байқалғаны әрине өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін өзге ұлт өкілдерімен байланысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Саранда өндіріс орындарының іске қосылып, соның арқасында елдімекеннің моноқалалар санатынан шығарылғанына тоқталып, осы тәжірибені қолдану қажеттігін үлгі еткен еді.

Бүгінде Саран индустриялық аймағында шоғырланған «QazTehna» ЖШС – Саранға серпін беріп отырған кәсіпорынның бірі. Онда жұмыс істегені 2 жылға жуықтаған өзге ұлт өкілі – Александр Петрович Алматыдан келген.

– «QazTehna» бренді қалыптасып, қанаты қатайған кәсіпорын. Төрт жылдың ішінде тек Қарағанды автопаркін ғана жаңартқан жоқ. Елорда, Шымкент, Алматы және еліміздің басқа да қалаларына автобус құрастырып беріп отыр. Күніне төрт-бес автобус жолға шығады. Заманауи жабдығы толық зауыттың жыл сайын өндірістік қуаты сәйкесінше өседі.
Мұндағы жеті жүзден асатын жұмысшылардың 70%-ы Саран қаласының жергілікті тұрғындары. Қалғаны өзге ұлт өкілдері. Солардың қатарында біз де жүрміз, – дейді Александр Петрович.

Сол сияқты жоғарыда аталып өткен Шет ауданында катодты мыс өндіретін зауыт бар. Жылына 9 мың тонна түсті металл экспорттайтын кен қорындағы қосымша геологиялық-барлау жұмыстарына өзге ұлт өкілдері де тартылған.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button