«Табыс» жобасы Қарағандыда белсенді жүзеге асуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Әлеуметтік осал топтарға көмектесу – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның борышы. Біз әр азаматтың әлеуетін ашуға жағдай жасауымыз керек», – деп нық атап көрсетті. Бүгінде Президент тапсырмасының нақты орындалуына бағытталған жүйелі жұмыстар еліміздің әр өңірінде жүзеге асып жатыр. Соның айқын дәлелі – облыста қолға алынған «Табыс» жобасы. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асып жатқан бұл бастама мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен оларды күтуші жандардың өміріне жаңа үміт, жаңа тыныс сыйлап отыр.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен іске асқан жоба – өз өмірін өзгерткісі келетін, дегенмен, денсаулық жағдайына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр.
– Бұл бағдарлама біздің қоғамда ерекше қолдауды қажет ететін жандардың әлеуетін ашуға бағытталған. Олардың көбі – үйде баласын бағып отырған аналар немесе денсаулығына байланысты еңбек нарығынан тыс қалған азаматтар. Біз оларға жаңа мамандық беріп қана қоймай, өмірге деген сенімін қайта ояттық. Биыл 50 адам оқудан өтті, оның 22-сі – мүмкіндігі шектеулі жандар, ал 28-і – күтушілер. Қазірдің өзінде үш адам ресми жұмысқа орналасты, 19 адам тәжірибеден өтіп жатыр, – дейді басқарманың еңбек нарығының мониторингі және талдау бөілімінің басшысы Айнагүл Ермағанбетова.
«Табыс» бағдарламасының басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен оларды күтушілерге заманауи IT саласындағы білім мен кәсіби дағдыларды меңгерту, әрі қашықтан жұмыс істеу арқылы тұрақты табысқа қол жеткізуге барынша жағдай жасау.
Қатысушыларға веб-дизайн, сайт әзірлеу, бағдарламалау секілді сұранысқа ие цифрлық бағыттар бойынша тегін оқу ұсынылады. Бағдарлама 4 айлық теориялық дайындық пен 2 айлық тәжірибеден тұрады. Сабақтар онлайн және офлайн форматта өткізіледі, ал үйден шыға алмайтын қатысушылар бейнесабақты YouTube қолданбасы арқылы көре алады.

– Біз оқыту мен тәжірибе кезеңін ыңғайлы форматта ұйымдастырдық. Кейбір қатысушылар Теміртаудан, кейбірі шалғай ауылдардан қосылды. Әрбір сабақ жазылып, әлеуметтік желіге тегін жүктеліп отырады. Әрбір қатысушыға барынша мүмкіндік жасауға тырысып бақтық. Ең бастысы – бұл жоба олардың қоғамнан оқшауланбауына мүмкіндік береді, – деді «Табыс» ұйымының жетекшісі Абай Амантай.
Қанатқақты жобаның алғашқы түлектерінің бірі – Гүлдана Совет. Ол – алты жастағы мүгедектігі бар баланың анасы. Бұған дейін бухгалтер болып жұмыс істеген ол өміріндегі жаңа бетбұрысты дәл осы бағдарлама арқылы бастағанын айтады.

– Бұрыннан компьютерге қызығушылығым бар еді. Бірақ баламның жағдайына байланысты тұрақты жұмысқа шыға алмадым. Бұл жоба туралы әлеуметтік желіден білдім де, бірден өтініш бердім. Онлайн форматтағы сабақтар мен үшін өте ыңғайлы болды. Қазір 1S ERP компаниясында программист болып жұмыс істеймін, – дейді Гүлдана Совет.

Аймақта ерекше санаттағы азаматтарды жұмысқа тарту бағытында соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Жергілікті басқармалар, кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, инклюзивті еңбек нарығын қалыптастыруда. Қоғамның кемелдігі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасаған қамқорлығымен өлшенеді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



