Жаңалықтар

Табыс тапқанға тұсау жоқ

Бүгінде табыс табамын, адал еңбек етемін деген адамға кедергі жоқ. Талабың болса, болғаны. Әсіресе, «кәсіп ашамын» дегендерге үкімет тарапынан қолдау зор. Кәсіпкерлерге төмен пайызбен берілетін несиелерді қамтыған бағдарламалар баршылық. Мұндай мүмкіндікті ауылдағы ағайын тиімді пайдалана алып отыр. Ауылды жерлерде өз-өзін жұмыспен қамтып, өзгенің де екі қолына бір күрек тауып беріп отырған азаматтар бар. Мәселен, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының дерегінше, былтыр кәсіпкерлікті қолдауға облыстық бюджеттен 3 278,4 млн теңге бөлінген. Соның ішінде, 1134 жаңа жоба қаржыландырылып, 1,7 мың ауыспалы жобаны субсидиялау жалғастырылған.

Сурет marka-sochi.ru

Кейінгі 3 жылда үлестірілген несиелер бұл күнде өз нәтижесін беріп отыр. Қаладан шалғай жатқанын сылтауратпай, ауылда кәсіптің көзін тауып, үкімет тарапынан берілген қолдаумен кәсібін дөңгелетіп отырғандар жетерлік.

Солардың бірі – Талғат Өтегенов. 1994 жылға дейін құрылыста жұмыс істепті. Содан кейін, шағын шаруа қожалығын ашып, кәсібін дөңгелеткен. 2023 жылы кәсіпкерлікке арналған шағын несие алып, Шет ауданының орталығында дүкен мен наубайхана ашқан.

– Бір малшы, сонымен қатар, наубайханашы, ал, дүкенде бір сатушы тұрақты жұмыс істейді. Сөйтіп, Шет ауданында үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бұлардан бөлек, шөп шабатын кезеңде жұмыскерлерді жалдаймын. Олар да қомақты табыс табады. Бұл күнде алған несием өзін ақтап жатыр. Сауда бір ізге қойылды. Үкімет тарапынан жасалатын қолдау зор. Әрі қарай да кәсібімнің ауқымын кеңейтемін деген ниет бар, – деді Талғат Өтегенов.

Талғат Өтегеновтің наубайханасы аудан орталығын ас атасымен қамтып отыр.

Ал, Ақерке Амандықова жұба­йымен бірге әуелде Теміртау қаласында тұрған. Пандемия уақытында табыс табу қиындап, кәсіп ашу үшін Бұқар жырау ауданына қарасты Баймырза ауылындағы қарашаңыраққа көшіп барған. Ақерке Амандықова – 33 жастағы көпбалалы ана. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен ірі қара сатып алуға несие рәсімдеген. Бағдарлама қорынан берілген 8 млн 500 мың теңгеге 15 бас сауын сиыр алған.

– Бүгінде 15 сиыр сауып отыр­мыз. 3 жұмысшының – екеуі сауыншы, біреуі көмекші. Үшеуі де зейнет жасына дейінгі адамдар. Сиырдың сүтінен бөлек, ірімшігін, сары майын, қаймағын, айранын сатамыз. Өнімдерімізді Астанаға дейін жеткіземіз. Елордада тұрақты сатып алушылар бар. Аптаның әр жексенбісінде қатынаймыз. Теміртау мен Қарағанды, Саран қалаларындағы тұрғындарға да сатамыз. Ауылдың өзінде де өнімдерімізге сұраныс бар. Теміртауға күнде жеткіземіз, – деді Ақерке Амандықова.

Кәсіп иесі келешекте сүт өнімдерін жоғары әрі стандартқа сай сапамен өңдейтін цех ашқысы келетінін айтты. Сиырдың еркек төлін семіртіп, етін саудаға шығаруды да жоспарлап отыр.

Бұқар жырау ауданының Цент­ральное ауылында Виктория Леонтьева есімді азаматша шағын маркет ашып, ауыл тұрғындарына күнделікті азықтүлік, керек-­жарақтарды саудалап отыр. Өз ауылынан сатушыны да жұмысқа алған.

– 2020 жылға дейін бұл ғимарат ауылдағы жалғыз дүкен болды. Сол жылы кәсіпкерлікті қолдауға арналған несие алып, осы дүкенді сатып алдық. 2022 жылы ғимаратқа жаңадан бөлмелер қосып, кеңейттік. Қазір қажетті азықтүлік, тұрмыстық химия, техника, шаруа­шылыққа қажетті тауарлар, ойыншықтар және т.б сұранысқа ие та­уарларды сатамыз. Шағын маркеттің аумағы 210 шаршы метрді құрайды, – деді Виктория Леонтьева.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Абзал Рахымбаев өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуда биыл да ауқымды жұмыстар атқарылатынын айтты.

– Кәсіпкерлікті қолдауға биыл облыстық бюджеттен 3 294,7 млнтеңге бөлінді (субсидиялау – ­3 032,2 млн теңге, кепілдік беру – 132,5 млн теңге, гранттар – 130,2 млн теңге), 1000-ға жуық жаңа жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр және қабылданған міндеттемелер бойынша 1,7 мың жобаны субсидиялау жалғасады, – деді Абзал Рахымбаев.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button