Жаңалықтар

«Табына сүйген даланы перзенттер едік…»

Ақын Сәттібай Жүнісовтің бақиға аттанғанына да 40 күн өтіпті.

Һас ақынның өлеңінен өзінің демі сезіліп тұрады. Аласұрған рухы кеудеңізге көшіп алады. Нағыз өлең деген – осы! Ақынының асқақ үнін сағынған оқырман назарына өлеңдерінің топтамасын ұсынып отырмыз. Сәттібай шайыр жан түпкіріңіздің төріне шығып, күркіреп өлең оқысын.

Редакциядан.

Сурет: С.Жүнісовтің жеке мұрағатынан
Туған жер
Алаңда! Алаң-алаң жұрт, алаңды ма едің?…
Бабамды Батыр туған жұрт, Анамды керім.
Құштарлық өртеп кеудемді өзіңе деген,
Өзегім сендік екенін сезіне берем.
Далам-ай тылсым, түйсінер ең үздік ұлы,
Жусандарынан аңқитын қобыздың үні.
Самалың сипай-аймалап сарайымды ішкі
Сіңдірген күннің жаныма арайын күшті.
Шомылдырғанда мөп-мөлдір кәусарың күліп,
Жіберген болар мәңгілік аңсарым қылып
Байтағымды осы – кемеңгер, абыз кәделі.
Жетеме құйып, жетелер аңызға мені.
Кентаврлардан шайлығып кеңістік жұрты,
Мойнында тұмар боп жүрген жеңістің кілті!
«Мен неге сол бір денемнен ажырап қалдым?» –
деп талай күйген төбені қазып-ақтардым.
Бұл жазық көрген қан қырғын, сан масқараны.
Қысастық осы қашанға жалғаспақ әлі?!
Біздерде сөйлей алады осылай тіпті,
«Жалған» деп жалғыз сөзбенен кесіп айтыпты.
Тірлікті және бар мәні ар мен ұрпаққа,
Саярын Адам мойындар әлдебір шақта.
Табына сүйген даланы перзенттер едік,
Топырағыңды иіскеп, ауаңды ержеткен еміп.
Ұқсатып жүргем әкеме, шешеме неге?
Ұғындым оқып Құраннан есейе келе.
Киіз үй етіп ғаламның кіші жобасын,
Далалықтар-тын имеген кісіге басын!

Қалада туған қандастар қалада-ақ өлсін…
Тек,  ұлын тәрбиелеуге далама берсін!

2001 жыл

Пырақ

Балғын шағын шығарар жадынан кім,
Жеткіншек кез, аса шат-шадыманмын.
Малдың басы кер бие құлын салып,
Құрсағынан құт түсті жануардың.

Жап-жарық боп, сол төлдің төңірегі,
Баурап ала жөнелген еді мені.
Жал-құйрығы  күмістен, түктері – алтын,
Секілденіп ерекше көрінеді.
Маңдайында төбелі жарқыраған,
Маңғаз біткен ұнайтын қалпы маған.
Үйсін жақтан әкелген Қасым көкем,
Әкесі де текті еді арқыраған.
Сағат санап, жоқ әлде күн санап па?
Шыға келді есейіп бір заматта.
Міне осылай қос қанат біткен еді,
Жігіт боп келе жатқан бір қазаққа!
Қарт атама жырлаймын қылықтарын,
Су ішкенін, шекер жеп құныққанын.
Кеңк-кеңк күліп жарықтық отыратын,
Қос құлынның есітіп қызықтарын.
Екеуара ұғысып үнсіз ғана,
Күй кешеміз бір бөлек, тілсіз, дара.
Жаратқанның ғажайып туындысы
Мінсіз құлын, жанында мұңсыз бала.
Жымиысым жиылмай езудегі,
Қарайтынмын қиялға көзіндегі.
Енесін емеді ғой демесеңіз,
Тұлпар сынды ұстайтын өзін тегі.
Қош, құлыным жетілді жабағы боп,
Байыз таппай кеудемде бала жүрек.
Жарысқанның жүзіне қар боратып,
Бабам тартқан жебедей ағады кеп.
Ағады кеп, жүгірсе безеді кеп,
Өзін дүлдүл екенін сезеді бек.
Әттең, бір күн дүние ойран болды
Тағдыр деген төренің кезегі кеп.
Қас-қағымда қанатым қайырылып,
Көңілімнің күні өшіп, айы бұғып.
Бір аяусыз айуанның кесірінен
Жан досымнан қалдым мен айырылып.
Жасаған-ау,  не деген қорлық еді?
«Сиыр сүзіп, жабағың өлді» ,- деді.
«Аға»  деймін әкемді, аға-ау,  неге?!
Ұшырмай ма пырағым енді мені?
Тұман басқан буалдыр бар алапты,
Көз алдымда бейкүнә бала жатты.
Өзегімде алапат өрт өріліп,
Төңкеріліп дүние бара жатты.
Арманымыз көп еді алып небір,
Оқыс мінез осылай танытты өмір.
Асқақтығын, тәкаппар сұлулығын
Көре алмады-ау,  көріксіз мәліккегір.
2009 жыл
Анама
Ана,  Сізді сағындым,  жан ауырды.
Еске түсіп кездерім бала күнгі.
Ақ жүзіңді сағындым күндей күлген,
Мейірім толы сағындым жанарыңды.
Енді білдім не екенін сағыныштың,
Сен екенсің бастауы бақ-ырыстың.
Келеді де тұрады баяғыдай,
Cен ұсынған саумалдан қанып ішкім.
Сен кеткелі шытынап жан-әлемім,
Айналамды басқандай алагеуім.
Ана,  менің кешірші қатем болса,
Елден ерек тасбауыр балаң едім.
Біздің кейбір дәстүрде жарасым жоқ,
Бұрыс па әлде, дұрыс па таласым жоқ.
Бірақ бар ғой,  өмірдің азабы екен
Өз анаңды айта алмау АНАШЫМ деп.
Бұл бес күнде, өтпелі аласүргін
Қадіріне кім жеткен бар асылдың!?
Анам барда айта алмай анашым деп,
Анам жоқта «Ана!» деп аласұрдым.
Асыққандай мешітке жұмада жұрт,
Біздің үйге келуші ед мына халық.
Төрт тараптан жататын алғыс жауып,
Төрт биенің сүтінен бұлақ ағып.
Келін болды ол аяулы Алашыма,
Жете білді ел-жұрты бағасына.
Я Раббым – жарылқаушы Жаппар ием,
Жәннатты нәсіп етші Анашыма.
Мерейіңді сан мәрте асырса да,
Санатына жақсының қосылса да,
Бала болып білмеген еркелеуді
«Атасының баласын» кешірші,  Ана.
2021 жыл
Ескене
Арқаның ұлан-ғайыр даласында,
Қыраттар, шоқылардың арасында,
Ескене аталатын бір ауыл бар
Не керек, кереметтің бәрі осында!
Еңселі ел мекен еткен Ескенені,
Басынан небір дәуір кешкен еді.
Алаш!, деп атқа қонған бабалары
Абылай, Хан Кененің әскері еді.
Атыңнан айналайын Талдыбұлақ,
Шәрбат су, жібек самал, нәрлі құрақ,
Адасқан үйірінен мендей ұлға
Киелі мекендейсің мәңгі жұмақ.
Мейірбан адамдары, сенімі бек,
Көрмеген пейілдері тегі жүдеп.
Безбүйрек замананың заңдарынан
Сақтаған бұл ауылды не құдірет!?
Атамды бүкіл ауыл Әке дейтін,
Ол кісі ақ пейілмен мәпелейтін.
Келгендей Қыдыр ата құрақ ұшып,
Бір үйден бір үйге алып жетелейтін.
Жарасқан берекесі, ынтымағы,
Пырақтай көрінетін жылқылары.
Қиялым бала күнге ала қашып,
Жүрегім сол ауылға ынтығады.
2023 жыл
Арабы көк
Кәкімбек аға, Сізге мен,
Алғысымды айтам от кеуде!
Көңілге медеу іздеп ем
Үмітім мерт боп кеткенде.
Аңсары атқа құлаған
Күреңбайдікі-ау сендік мұң.
Құласын қимай жылаған,
Ақанның күйін енді ұқтым.
Айтқанда сауын тойға бұл,
Сан түрлі жарыс бар деген.
Тоқ бәйге болмай ойдағы,
Алысты дөнен кермемен.
Тұлпарға қарап ширықтым,
Сол күні неткен сергек ең.
Бағасын білер жүйріктің,
Шамасын байқап көрмек ем.
Іздесең тегі боз шөлде,
Тұрған соң қосқам дес бермей.
Қаны ыстықтығын сезсем де,
Намысшылдығын ескермей.
Жұлдыздай ақты жонменен,
Қызу қан теуіп жүректі.
Дүбірлі дуға шөлдеген
Жұртымның жанын түлетті.
Алдына түскен аттарды,
Қорлық деп білді-ау кербезім.
Намысқа шапқан шақтарды,
Отырмын ойлап енді өзім.
Жарықтық жылқы жануар-ай!
Арқалап арын жүгірді.
Тұлпардың асыл арманы-ай!
Бірінші өтіп жығылды.
Қазағым сәби көңілді,
Мерт болды тұлпар, жасыдық.
Айналып жүрсін көгімді,
«Ақбоз аттарға» қосылып.
Өмірдің қилы сан қыры
Мәре мен сөре арасы.
Жігіт пен күлік тағдыры
Не деген ұқсас қарашы…
2003 жыл
Сен
Саған түсіп жарығы күллі әлемнің,
Көз алдымды көктемдей нұрға көмдің.
Сол кіршіксіз қалпыңда гүл аңқыған
Құлазулы кеудеме күн боп ендің.
Сол жақ тұсы денемнің дір еткесін,
Енді өзіңді ұмытсам жүрекке сын.
Қиялымда қиылып күлімдеші,
Сүңгілері санамның сүмектесін.
Сонда саған айтатын сөзімді ойлап,
Сергелдеңде сенделсін сезім бейбақ.
Күллі сырын кірпікке күзеттірген,
Сенің көзің – өмірдің өзіндей гәп.
Кәусарым  ең қауышқан шөлдеп келіп,
Ғайып болдың сағыммен жер-көк кеуіп.
Маңдайыма сыймаған бес-ақ әріп,
Таңдайыма  тамып тұр кермектеніп.
Сен кеткелі жабығып жәбірден көп,
Сырласатын боп жүрмін Тәңірмен Көк.
Ол да бірақ, күн күліп, түн жылайды.
Жанарынан жауған жас жанымды өртеп.
Болмысымның доғарып дөңбекшуін,
Тәлкегіне тағдырдың көнбекшімін.
Жүрегім де солқылдап жылап жатыр,
Ғұмыр өтер басқанша енді өксігін…
1999 жыл
***
Ауылға бір алаңдап, бауырға бір,
Ауырады бұл жүрек, ауырмағыр.
Тартып кеткің келеді сол ауылға,
Сал күреңді салып қап сауырға бір.
«Елден ерек неге осы бұл өжет»-, деп?!
Кесім айтар біреулер жүре зерттеп.
Бас көтермей тобырдың арасынан,
Сен де жүрсең дейді олар бүгежектеп.
Аулақ ұстап басыңды байбаламнан,
Қашқақтайсың күмәнді пайдалардан,
Қатыспай жағымпаздық жарысына
Сөз естисің «қамқоршы» айналаңнан.
Алашқа бір алаңдап, әулетке бір,
Елден ерек сүргің кеп дәулетті өмір
Қиялыңа беріле берген кезде,
Зірк етеді бір дауыс – «әй, жетпегір!».
Бейсауат біреулерге сөз боласың,
Қас-қабағын бағасың, көз қарасын.
Төбеңнен жуынды әкеп төге салып,
Көтерер сөйтіп олар өз бағасын.
Менде бәрі жақсы деп мақтанасың,
Іле-шала табанға тапталасың.
Кінәсіз бола тұра жер шұқылап,
Жазықсыз бола тұра ақталасың.
Отбасыңа алаңдап, Отанға бір,
Жүк тұрғандай жүресің жотаңда бір.
Алаңдаумен өтеді екенсің-ау,
Өмір деген өлшеулі сапарда бұл.
2023 жыл

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button