Табиғи тағамға талап жоғары
Кофехананың негізін қалаушы, жас ғалым Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің PhD докторы – Арайлым Серікбай. Мектеп кезінен биология мен ботаниканы ұнатқан ол микрожасылдарды өндірумен айналысады.
Орталықтың ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстанның іскер әйелдері одағының өкілдері қатысты. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Абзал Рахымбаев жобаның бастамашысы әлеуметтік кәсіпкер екенін атап өтті. Ол өз бизнесін жүргізумен қатар әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсететінін тілге тиек етті.
Арайлымның жобасы бизнес, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және мәдениет саласындағы дарынды жастардың идеялары мен бастамаларын қолдауға бағытталған. Өткен жылы «Ғылым» аталымы бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жобасы грантының иегері атанған жас ғалым «EcoTagam» инновациялық отандық экопродукциялар орталығы жобасын жасап шығарған.
Арайлымның жобасы, сондай-ақ, дұрыс тамақтанудың барлық түрлері бойынша дайындалған. Эко-кофеханаға келушілер салмақ тастауға көмектесетін табиғи сусындар мен тәттілерден басқа заманауи «жасыл» агротехнологиялар бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады.
– Бірінші кезекте жұмыс орындарын құру, отандық өнімді шығару мақсат болды. Табиғи өнімдерді ұсына отырып, халықты сауықтырумен айналысамыз. Дұрыс тамақтануды насихаттау және жастарды ғылым мен білімге баулу – жобаның басты мақсаты, – дейді жоба жетекшісі. Айта кеткен жөн, өткен жылы Арайлым Серікбай Қарағанды университетінің базасында «BioHumusKZ» алғашқы ғылыми-білім беру орталығын ашқан болатын. Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – тұтыну үшін микрожасылдарды өсіру, өсімдіктер үшін қауіпсіз және табиғи тыңайтқыш – вермикомпост алу, сондай-ақ өнімге дәрумен беру.
Сол уақытта ғылыми-білім беру орталығына келушілер микрожасылдар мен басқа өсімдіктердің пайдасы туралы алғашқы ақпаратты алып, қауіпсіз табиғи тыңайтқыштарды қолдана отырып, оларды үйде өсіруді және трансплантациялауды үйренген.
Сонымен қатар, Арайлым жас кәсіпкерлерге арналған курстар ашты. Оның оқыту әдістемесі авторлық бағдарламаға негізделген. Курстарда сүйікті ісін табысты бизнеске айналдыруды үйретеді.
Ғалым биологияға, микрожасылдар әлеміне деген қызығушылықты тек қарағандылықтар арасында ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріне насихаттағанды жөн көріп отыр.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz