Табиғаты тамырлас талант
Қолымда кесек кітап: көлемі – 462 бет. Осының 250 бетін еншілеген “Соғыстың сұрқы әйелге жат” хикаятын бір деммен оқып шықтым. Аударма емес, әу баста-ақ қаламнан қазақша шыққан туындыдай әсер етті. Автор мен аудармашы табиғаты тамырлас талант болса, тамаша тәржімә туады. Авторы – Светлана Алексиевич, ал аудармашы – Марал Хасен.
Светлана Александровна – орыс тілінде жазатын беларусь қаламгері. 2015 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын сол Светлана алды. Ол – мұндай мықты марапат бұйырған тұңғыш дерекші-жорналшы. Дегенмен, әдебиет әлеміндегі осы елеулі оқиға талай тартысты пікірге тамызық тастады.
Қарама-қайшы көзқарастың “тобықтай түйіні”: бірі – оның еңбегін роман деңгейіндегі көсемсөз, авторын небір күрделі дүниені жүрексінбей жеткізген озық ойлы қаламгер қатарына қосты; басқасы – оның қаламынан шыққан шығарманы әдебиет аулынан аулақ, көркемдіктен ада, бар-жоғы уақыт тынысына сай туындаған науқандық көсемсөз деген сыңайда көсілтті.
Сыйлықты саясатпен байланыстырған бейбақ та болды.
Ал, автордың өзі оқырмандар алдында оқыған дәрісінде (“Жеңіліс тапқан шайқас жайлы”, 439-бет) былай дейді:
“Мен осынау мінберде жалғыз тұрған жоқпын… Менің айналамнан дауыстар, жүздеген дауыстар шығады, олар әрдайым менімен бірге. Менің балғын кезімнен бері қарай бірге…
Менің осынау мінберге жеткен жолым қырық жылға жуықтайды: ол адамнан – адамға, дауыстан – дауысқа жетсем екен деген ұмтылыс. Бұл жол маған әрдайым оңайлықпен өтті дей алмаймын…
Мен бес кітап жаздым, бірақ маған осылардың бәрі жалғыз туындыдай ғана әсер етеді. Бір іске аспайтын арманның хикаясы жайлы кітап”.
Осылай ағынан ақтарылған автордың “Соғыстың сұрқы әйелге жат” және “Мырышқа айналған қыршындар” шығармасы ойдан шығарылған оқиға емес, өмірдің өзінен ойып алынған, шындығымен шырайлы деректі дүние. Алғашқысы – Екінші дүниежүзілік соғыстың сұмдық сойқанына арнап айтылған лағнет (жалпы таралымы 1980 жылы 2 000 000 данаға жеткені жөнінде дерек бар – авт.), кейінгісінің кейіпкері – Ауған алапатындағы кесапаттың куәсі. Екеуі де – заман запыраны!
Жылжыған уақыттың жетегінде тас-талқан болған талай жап-жақсы идеяны қалай індеткенін тілге тиек еткен сол Светлана күнделігіне былай деп жазады (444-бет) : “Соғыс туралы кітап жазып жатырмын… Неге соғыс жайлы? Өйткені біз әскери адамдармыз – біз немесе соғыстық, әйтпесе соғысқа дайындалдық. Егер үңіліп қарасаңыз, біз бәріміз де әскери тұрғыда ойлаймыз. Үйде де, көшеде де солай. Себебі, бізде адамның өмірі соншалықты арзан тұрады. Бәрі де – соғыстағыдай”. Толғандыратын түйін!
Менің пайымдауымша, пікірталас осал адамның төңірегінде тумайды. Светлана Александровна Алексиевич – соның санатындағы қаламгер. АҚШ, Австрия, Германия, Франция, Швеция, Польша елінен небір мықты марапат иеленген ол кеңестік кезеңде КСРО Жазушылар одағының Н.Островский (1984ж) және К.Федин (1985ж.) атындағы, сондай-ақ, Ленин комсомолы (1986ж.), одақ ыдырағасын Ресейдің “Салтанат” (“Триумф”) сыйлығын алды. Беріде (2014ж.) ресейлік оқырманның дауыс беруі арқылы “Большая книга” жүлдесі бұйырды. ЖаҺан мойындаған жазушының қаламынан шыққан туындыда оқырманын өзіне тартып тұратын керемет құдірет бар.
Бұған дейін ерлі-зайыпты аудармашы Марал Хасен мен Рымбала Смаилова Нобель сыйлығының он төрт лауреатының туындысынан тұратын бірінші кітапты “Ұршықтайын иірген сөз мәйегін” деген атпен шығарған. Енді екіншісі қолға тиді. Қарағандыдағы “TENGRI LTD” баспаханасында басылған ол осыған дейін өзіміз әңгіме өзегіне айналдырған Светлана Александровна Алексиевичтің “Соғыстың сұрқы әйелге жат” және “Мырышқа айналған қыршындар” деректі хикаятынан, оқырмандар алдында оқыған “Жеңіліс тапқан шайқас жайлы” дәрісінен, сондай-ақ, канадалық қаламгер Элис Эни Мунроның “Қыздар мен әйелдер” романынан алынған “Шат-шадыман көлеңкелердің биі” деген тараудан тұрады.
Екінші автор жөнінде де азын-аулақ айта кетейік: Элис Манро – қысқа әңгіменің һас шебері. Бұдан тура жарты ғасыр бұрын “Шат-шадыман көлеңкелердің биі” атауымен жарияланған алғашқы жинағы сол елдің генерал-губернаторы тағайындаған ең беделді әдеби сыйлыққа лайық деп табылды. Одан кейін де бірнеше мәрте әдеби сыйлық иегері атанады. Ал, 2013 жылы Нобель сыйлығын алғанда ол 82 жаста еді.
Рымбала апай екінші кітапқа қатысты баспасөз бетінде пікір білдіруді өтінгенде ептеп жүрексінсем де, ұсынысын аяқсыз қалдыра алмадым. Қайта-қайта телефон шалып, оны-мұны пысықтап, мазасын алып бақтым. Бірақ, ол өкпелемеді: “Сұрағанның айыбы жоқ. Бірінші кітап – ағаң екеуміз 70-ке келгенде әрі бас қосқанымызға 50 жыл толғанда балалар жасаған сыйлық еді. Сол жылы жолдамамен Францияға серуендеп қайттық.
Мәкең “Соғыстың сұрқы әйелге жаттан” кейін “Мырышқа айналған қыршындарды” тәржімалауға дайындалып жүр еді, алайда ғұмыры жетпеді. 2016 жылы тамызда бақилық болды. “Шат-шадыман көлеңкелердің биін” де бастап, аяқтай алмады. Амал жоқ, ағаңның аманатына қиянат қылмай, жеріне жеткізуге тура келді. “Мырышқа айналған қыршындарды” тегіс өзім тәржімаладым” деді.
Ғалым, жазушы, аудармашы Кенжебай Ахметов жинаққа жазған “Қалам ұшындағы аманат” атты алғысөзін былай аяқтаған екен: “…Марал Хасенов Нобель сыйлығының лауреаттарын аударып, жинақтап шығаруды қолға алған кезде түпкі ойы “Нобель сыйлығын иеленген қаламгерлер де біздің тілімізде сөйлесе ғой!” деген арманмен астасып жатқандай.
Аудармашы ағаның тым салмақты арман-ниетіне бірдің шамасы жете бермесі де анық. Алайда, құзыретті мемлекеттік ұйымдар ден қойып, арнайы қолға алса, ұлт мәдениетіне қосылар маңызды іс болар еді”. Бұл пікір көңілге қонады. Тек, танымал автормен табиғаты тамырлас талантты тәржімашы табылсын!
Әлібек ӘБДІРАШ.