Табиғаттың тәтті сыйын тарту етеді
Бал – ең таза әрі шипалы нығмет. Бірақ, оның сапасы мен пайдасы өндіріс тәсіліне тікелей байланысты. Өңірде органикалық бал өндірумен айналысатын жандар некен-саяқ. Дегенмен, қоспасыз, экологиялық таза өнім ұсыну – нағыз жанкешті еңбекті талап ететін іс. Осындай адал кәсіптің басында тұрған қоғам белсендісі, Қазақстанның «Бал-Ара» Омарташылар одағының мүшесі Дия Ержанова саф өнім өндіруді өзіне мақсат еткен. Ол еуропалық стандарттарға сай сертификатталған, сапасы сүзгіден өткен балын ұсыну арқылы еліміздегі органикалық омарташылықтың көшін бастап келеді.
Органикалық бал деп, табиғи жолмен алынған, өндірісінде химиялық тыңайтқыштар, пестицидтер және антибиотиктер қолданылмайтын өнімді айтады. Мұндай балды өндіру үшін омарта маңындағы радиус шамамен 3-5 шақырым аумақтағы өсімдіктер де экологиялық таза болуы қажет. Дия Көшкенқызы еуростандартпен бекітілген қоспасыз бал өндірумен айналысады.
– Органикалық бал – денсаулыққа пайдалы, табиғи әрі сапалы өнім. Оны таңдағанда арнайы сертификаттары бар өнімдерге мән берген жөн. Өнім Латвиядағы Рига шаһарында сертификатталған. Еуроодақта аккредиттелген. Өнімге талап жоғары. Жылма-жыл сертификат аламыз. Осылайша қоспасыз балдың сапасы сүзгіден өтіп тұрады. Сондықтан, тұтынушы бек сенімді боларына күмән кем. Қазақстанда мұндай саусақпен санарлық екі-ақ өндіруші бар. Оның бірі – біз, – деп қуанышпен хабарлады Дия ханым.
Әу баста отбасындағы қос заңгер омарташылық ісіне әуестенген. Кейінірек осы саланы жете зерттеп, соған ден қойған. Өмірлік серігі Кәкім Ыбыраев осы күні кәнігі омарташыға айналған. Кейіпкеріміздің сөзінше, бастабында идеяны іске асыру оңай болмағанымен, уақыт өте келе, ойды да, бойды да үйретіп алған соң шаруа барысы өздігінен оңала бастапты. Омартаның маңында телефон байланысына мүмкіндік жоқ, мүлгіген тыныштық. Қолыңыздағы түрікқұлақты арагідік фотоаппарат ретінде ғана қолдана аласыз. Мейлі жүз мың кадр жасасаңыз да, ондағы таңғажайып сұлулықты дәлме-дәл бере алмасыңыз кәдік. «Табиғатпен тіл табыса алсаңыз, оның сый-кәдесі де көл-көсір болады. Ал, табиғаттың тұма да таза өнімі ел денсаулығың мықты етері шүбәсіз» деген ой тұжырады Дия. Мерзімі жетіп, күндер алмасқанда қос заңгер өніміне Magic_of_honey деген перзенттерінің басқы әріптерінен құралған бренд атауын ойлап табады.
– Басқа түскен сынақ атаулысын жұмыла еңсеріп, бірлігіміздің күшімен алға қадам басудамыз. Отбасымыздың, тұрақты тұтынушыларымыздың әрі мемлекетіміздің зор қолдауымен біз тек ілгеріге қадам басып қана қоймай, өсіп-өркендеп, нығая түсеміз. Біз өзіміз бастамашы болған ізгі ісімізге риясыз сенеміз! – деп қосты Дия Көшкенқызы.
Қош, табиғи бал алдымен денсаулықты нығайтуға әсер ететін дәрумен екендігін ұмытпағанымыз абзал болар. Табиғаттың төл тартуы саналатын бал – жай ғана тәтті тағам емес, нағыз шипа көзі. Дия Ержанова сынды кәсіпкерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында ел нарығында экологиялық таза, сапасы жоғары өнімдер пайда болуда. Органикалық бал – табиғаттың сыйы ғана емес, өндірушінің адалдығы мен кәсібіне деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Ең бастысы, мұндай өнімдер тек денсаулыққа пайдалы ғана емес, сонымен қатар, қазақ омарташылығының дамуына, табиғатты қорғауға және тұтынушылардың сапалы өнімге қол жеткізуіне септігін тигізуде. Ендеше, таза өнімді таңдап, табиғаттың шынайы дәмін сезінейік!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан