Табиғат жанашырына жәрдем
Шілденің бірінен бастап, еліміздің орман және табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері лауазымдық жалақыларына үстемеақы ала бастайды. Тиісті қаулыға ел Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды.
Атап айтқанда, орман және табиғат қорғау ұйымдарының қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерін жақсарту мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілді.
Құжатқа сәйкес орман өртін сөндіру стансаларының, орман мекемелерінің, табиғат қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100%-ға дейін үстемеақы алады. Олардың ішінде, орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, тракторшы-машинистер, радиооператорлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтары мен аппаратураларын жөндейтін слесарлар, өрт-бақылау мұнарасының бақылаушылары бар. Сондай-ақ, 113 авиациялық күзет өрт сөндіруші-десантшысының жалақысы көтеріледі. Барлығы 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақымен қамтылады.
Қаулыны іске асыруға 2024-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 8 480,1 млн. теңге көлемінде қаржылық шығындар көзделген.
Жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мекемелерінің орман өрт сөндіру стансаларының 1 619 қызметкеріне қосымша ақы төлеуді қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоспарланады.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында орман құрылымдары қызметкерлерінің өміріне және денсаулығына қауіп төндіретін жұмысы үшін лауазымдық жалақыларына 100% үстемеақы белгіленді.
Өткен жылы облыстың Осакаров, Бұқар жырау, Ақтоғай, Шет және Қарқаралы аудандарында өрт сөндіру станциялары ашылып, жаңа техникамен жабдықталғанын айта кету керек.
Өз тілшімізден.