Табиғат жанашырымен тамаша сұхбат
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №1 балаларға қызмет көрсету филиалында қазыналы өлке Қарағанды қаласына 90 жыл толуына орай «Туған жердің табиғатын аяла» атты қоғам белсендісі Сәкен Келдібаевпен кездесу өтті.
Дәл осы тақырыпқа сай кітапхана төрінде кітап көрмесі безендірілді. №16 мектептің 10 сынып оқушылары мен мектеп мұғалімдері де шараға атсалысты. Кездесу барысында қаламыздағы табиғатты қорғауға байланысты өзекті мәселелер талқыланып, олардың шешімі ортаға салынды. Өлкеміздегі ауа, су, жер, өсімдіктердің экологиялық жағдайлары қарастырылды. Бұл тақырып бойынша мектеп оқушылары да жеке пікірлерін айтып, ойларын білдірді.
– Шараның мақсаты – балалардың табиғат туралы түсініктерін тереңдету. Табиғат тазалығын сақтауға, оны қорғауға үйрету. Экологиялық мәдениетке тәрбиелеу. Әр ата-ана баласына табиғаттың адамзат үшін құндылығын қарапайым тілмен түсіндіріп, өзі де соған әдеттенсе, қозғалыс сонда болмақ. Мысалы, көктемнің шыққанын білдірер ұзақ деген құстың келуі бір жаңалық. Оны «жыл құсы» деп те атайды. Ежелден қазақ халқы табиғатпен селбесе өмір сүрген. Осындай білгендерімізді жасөспірімдердің санасына сіңіре берсек, жеткіншек табиғат қадірін ұғынады, – дейді қалалық мәслихаттың экологиялық комиссия мүшесі Сәкен Сәбиденұлы.
Шараның соңында кітапханаға ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған қазақ күнтізбесі сыйға тартылды. Расында, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты тиімді пайдалану – адамзатқа, оның келешегіне жанашырлық. Мұндай шаралар балаларды табиғатты сүюге, құрметтеуге үйретері анық.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz