Жаңалықтар

Табиғат сөйлейтін мезгіл

Наурыз – қазақ дүниетанымында жай ғана ай атауы емес, тіршіліктің жаңарып, табиғаттың қайта түлейтін айрықша кезеңі. Бұл – қыс пен көктемнің алмасар ша­ғы ғана емес, бүкіл жараты­лыстың жаңа тыныс алатын сә­ті. Халқымыз осы мезгілдегі әрбір өзгерісті жіті ба­қылап, оны «Наурыздың тыл­сымдары» деп атаған. Өйт­кені, бұл уақытта таби­ғат үнсіз тіл қатып, өз заңды­лығын, өз ырғағын паш ете­ді.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

21 наурыздан 22-сіне қараған түні Жердің Солтүстік жарты шарында астрономиялық көктем басталады. Күн мен түн теңеліп, жарық пен қараңғы, суық пен жылу тепе-теңдік табады. Бұл – табиғаттағы ғана емес, адам жаны үшін де ерекше үйлесім сәті. Күннің ұзаруы, жарықтың молаюы бүкіл тіршілік иесінің бойына қуат беріп, ұйқыдағы табиғатты оята бастайды. Құстардың қиқуы, судың сылдыры, топырақтың тынысы – бәрі де осы мезгілде ерекше естіледі.

Наурыздағы табиғи құбылыс­тардың әрқайсысы халық танымында өзіндік мәнге ие. Мәселен, осы айда жауатын үлпілдек, жұмсақ қарды «наурызша» деп атауының өзі тегін емес. Бұл қар тез еріп, жерге нәрлі ылғал береді. Сондықтан, «Наурызда қар жауса – ырыс жауады» деп ырымдаған. Шын мәнінде, бұл – жердің көктемгі ылғал қорын толықтырып, болашақ өнімнің негізін қалайтын табиғи үдеріс.

«Самарқанның көк тасы жібиді» деген ұғым да – терең мағынаға ие бейнелі сөз. Бұл тіркес тек аңыз емес, табиғаттағы үлкен өзгерістің символы. Күн мен түн теңелген шақта жердің тоңы жібіп, қатып жатқан тіршілік қайта қозғалысқа түседі. Яғни, табиғаттың «жүрегі» қайта соға бастайды деуге болады.

Наурыз – құстардың оралуымен де ерекше. Қараторғай мен бозторғайдың келуі – көктемнің нақты белгісі. Олардың мінез-құлқына қарап-ақ ауа райын болжаған. Егер қараторғайлар ұяларын дереу жөндей бастаса, көктем ерте шығады деп сенген. Ал, бозторғайлардың көкке көтеріліп, ұзақ сайрауы – күннің бірқалыпты жылынатынының нышаны.

Қаз бен үйректің ұшу бағыты мен биіктігі де халық назарынан тыс қалмаған. Олар биік ұшса, жыл ылғалды, суы мол болады, ал, төмен ұшса, құрғақшылық болуы мүмкін деген болжам жасалған. Бұл – табиғат пен жануарлар әлемінің өзара тығыз байланысының айқын дәлелі.

Наурыз айында байқалатын тағы бір ғажайып құбылыс – топырақтың «тыныс алуы». Күн сәулесі жерге тік түскенде, топырақтан бу көтеріліп, ерекше иіс тарайды. Ғылымда мұны «топырақтың пісуі» деп атаса, халық оны «Жер ананың дем алуы» деп бейнелі жеткізген. Бұл – жердің тіршілікке дайындалып, бойына қуат жинап жатқан сәті.

Қардың еру сипаты да ерекше мәнге ие. Егер қар күндіз еріп, түнде қайта қатса, ылғал жерге терең сіңіп, топырақ құнарын арттырады. Ал, қар күрт еріп, су бетімен ағып кетсе, жер ылғалдан қағылып, өнімге кері әсер етуі мүмкін. Демек, табиғаттың әрбір құбылысы – үлкен заңдылықтың бір бөлшегі.

Халықтық болжамдар да осы айда айқын көрінеді. Мәселен, Наурыз күндері ашық болса, жаз жайлы өтеді деп сенген. Ал, тұман жиі түссе – жаз жаңбырлы болады. Наурызда күн күркіресе, бұл жер астындағы тіршіліктің толық оянғанының белгісі ретінде қабылданған.

Көктемнің соңына қарай қайың мен үйеңкі ағаштарында шырын жүре бастайды. Бұл – жер қойнауындағы ылғал мен қоректік заттардың жоғары көтеріліп, өсімдіктердің тіршілікке толық кіріскенін білдіреді. Табиғаттың ішкі қозғалысы осылайша сыртқы белгілер арқылы көрініс табады.

Наурыздың тылсымы – оның көзге көрінбейтін үйлесімінде, үнсіз сөйлейтін сырында. Бұл ай – табиғат пен адамның арасындағы байланысты терең сезінуге мүмкіндік беретін ерекше кезең. Әрбір белгі, әрбір құбылыс – ата-бабамыздың табиғатты танып, түсінгенінен туған даналық.

Наурыз – тек жаңа жылдың бастауы емес, ол – жаңару мен үндестіктің, үміт пен өмірдің айы. Табиғаттың осы бір нәзік сәтін сезіне білген жан ғана оның шынайы құдіретін ұғына алады.

Сәкен КЕЛДІБАЕВ,
табиғат жанашыры

Басқа материалдар

Back to top button