Табиғат күзеті күшейді
Облыста табиғатты қорғау бағытындағы нақты қадамдар жалғасуда. «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне заманауи өрт сөндіру техникасының берілуі – өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды шешімдердің бірі. Бұл бастама табиғи өрттердің алдын алуды күшейтіп қана қоймай, ерекше қорғалатын аумақтарды сақтаудың жаңа кезеңін айқындайды.

Облыста ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның айқын дәлелі – «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жаңа техникамен толықтырылуы.
Бұл жолы парк қарамағына 14 техника берілді. Оның ішінде толық жетекті жеті HOWO өрт сөндіру көлігі мен жеті JAC T6 автокөлігі бар. Бұдан бөлек, қызметкерлер үшін арнайы жабдықтар мен қызметтік киімдер де жеткізілген.
Мұндай кешенді қолдау – тек техникалық жаңарту ғана емес, табиғатты қорғау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық қадам.
Соңғы жылдары табиғи өрттердің жиілеуі экожүйеге елеулі қауіп төндіріп отыр. Сондықтан жаңа техниканың берілуі дер кезінде қабылданған шешім екені анық.
Парк мамандарының айтуынша, автопарктің жаңаруы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін едәуір арттырады.
– Автопаркті жаңарту төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін едәуір арттырып, табиғи өрттердің алдын алу және оларды сөндіру шараларын күшейтуге, сондай-ақ, аумақты қорғаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді табиғат кешендерін қорғау және қайта өндіру мен пайдалану бөлімінің қорғау инженері Сатыбалды Нұрлыөмір.
Жаңа техникалар шалғай аумақтарға тез жетіп, өрттің таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, парк инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары бір жылмен шектелмейді. Өткен жылы да «Бұйратау» паркінің қажеттілігі үшін «Беларус-922» және «Беларус-1222.3» маркалы алты трактор сатып алынған болатын.
Бұл техникалар орман алқаптарын күтіп ұстау, жолдарды тазарту және өртке қарсы алдын алу жұмыстарында кеңінен қолданылып келеді.
Биыл наурыз айында «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 15 жыл толғанын айту керек. Осы уақыт ішінде парк өңірдегі табиғи мұраны сақтауда маңызды рөл атқарып келеді.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



