Ресми

Табиғатқа жанашырлық – заңнан бастау алады

Қоршаған ортаны қорғау мен табиғи байлықты ұтымды пайдалану  бүгінгі күннің де, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан, ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын Конституция жобасында экологиялық қауіпсіздік, табиғатты аялау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерінің айрықша көрініс табуы – уақыт талабынан туған маңызды қадам.

Сурет автордан

Халық назарына ұсынылған Конституция жобасы, әсіресе мемлекет дамуының экологиялық қағидаттарына қатысты тұстары біз үшін өте маңызды әрі оң бағалауға лайық деп ордалы ой тұжырамыз. Құнды құжатта табиғатты аялау қажеттілігі, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік айрықша атап көрсетілген. Экология саласында қызмет ететін тұлға  ретінде бұл біз үшін аса маңызды белгі.

Қарағанды облысы – ірі индустриялық өңір. Сондықтан, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мәселелері аймағымыз үшін ерекше өзекті. Атаулы қағидаттардың Конституциялық деңгейде бекітілуі табиғатты қорғау саясатын одан әрі жетілдіруге, экологиялық талаптарды күшейтуге және қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға берік құқықтық негіз қалыптастырады.

Сонымен қатар, жоба азаматтардың табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға міндетті екенін де нақты айқындайды. Бұл  экологиялық жауапкершілік мемлекет пен қоғам үшін ортақ құндылыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.

Мұндай нормалар елімізде экологиялық сананың дамуына, табиғатты қорғауға бағытталған заманауи технологиялардың енгізілуіне әрі Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға оң ықпал етеді деп сенеміз.

15-наурыз күні өтетін референдум – ел тарихындағы маңызды саяси оқиғалардың бірі. Сол күні халық өзінің кемел келешегіне үн қатып, мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындауға тікелей қатысады. Әрбір азаматтың дауысы – ел тағдырына, ұлт болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Референдум – тек таңдау жасау сәті ғана емес, сонымен қатар, қоғамның бірлігі мен азаматтық белсенділігін көрсететін маңызды кезең. Осы күні қазақстандықтар ортақ мүддені алға қойып, елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағы үшін өз таңдауын жасайды.

Айман ҚҰЛАТАЕВА
Қарағанды облысы бойынша
экология департаменті басшысының орынбасары

Басқа материалдар

Back to top button