Табанды еңбек табысқа жетелейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, инвестициялық тартымдылығын арттыруда 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалап, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауға мүмкіндік береді. «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деп атап өтті Президент.
Осы орайда облыстағы жұмысшы мамандығында білім алатын жастардың басшысы, Қарағанды машина жасау колледжінің директоры Владимир Закамолкинге бірнеше сауал жолдаған едік.
– Қарағанды машина жасау колледжінің тарихын жақсы білеміз. Биыл білім ордасы 70 жылдығын атап өтті. Қазіргі таңда колледжде атқарылып жатқан заманауи, жаңа бағыттағы жұмыстарға тоқталып өтсеңіз? Мәселен, «Жас маман» жобасы…
– 2019 жылы «Жас маман» жобасы іске асты. Жобаның мақсаты – 100 сұранысқа ие мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Жобаны іске асыру 2021 жылы басталып, біздің колледж «Жас маман» жобасына «Токарлық іс және металл өңдеу» мамандығы бойынша қатысты.
«Жас маман» жобасы аясында колледжде техниканың соңғы үлгісі бойынша жабдықталған шеберханалар мен оқу кабинеттері жаңғыртылды. Материалдық-техникалық базаны жаңғырту еңбек нарығында сұранысқа ие білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік берді.
Жаңа жабдықты сатып алудан басқа «Жас маман» жобасы шеңберінде әлемдік стандарттарға сәйкес келетін оқу жоспарлары мен бағдарламалары әзірленді.
«Жас маман» жобасын іске асыру барысында «Токарлық іс және металл өңдеу» мамандығы бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Заманауи жабдықтармен жабдықталған зертханалар, шеберханалар іске қосылды.
– 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Техникалық бағыттағы білім ордасы ретінде келер жылға қандай үлес қоспақсыздар?
– Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін айтты. Сондықтан, «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келетін мамандар даярлауға міндеттіміз. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеру арқылы жұмысшы мамандықтарын да насихаттаймыз. Осы орайда жаңа оқу жылында еліміздің колледждерінде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 145 мың орынға дейін артты. Оған қоса Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамынша, 2030 жылға қарай жоғары білімді мамандарға қарағанда кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға сұраныс 1 миллионға жуықтайды. Колледжде келесі оқу жылында жаңа жұмысшы мамандығы ашылмақ. Әлеуметтік серіктестердің сұранысы бойынша кәсіпорындарда жұмысшы мамандықтардың жетіспеуіне байланысты «Жабдықты баптаушы» мамандығы бойынша студенттерді қабылдау жоспарда.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, жұмысшы мамандықтарын танымал ету, еңбекқорлық пен кәсібилік идеяларын ілгерілету маңызды. Колледж бітірген түлек қоғамда еңбекқор, кәсібилік сияқты қасиеттерінің өте жоғары бағалануы үшін неден бастағаны жөн?
– Колледж қабырғасында оқып жүрген кезден бастап, белсенділік көрсету қажет. Ол үшін әрдайым өз мамандығы бойынша ізденісте болып, кәсіби сайыстарға қатысқаны жөн. Кәсіби тәжірибе өту кезінде өзін жақсы жағынан көрсетіп, кәсіпорын жұмыскерлерімен тіл табыса білуі керек.
– Жалпы, колледж студенттерінің жұмысшы мамандықтарына қызығушылығы қандай? Сіздердің түлектер бірден жұмысқа орналаса ма? Республикадағы, облыстағы қандай зауыт, фабрикалардан сұраныс басым?
– Қоғамда жұмысшы мамандықтарына қызығушылық жоғары деп айта алмаймыз, себебі, жұмысшы мамандығының мәртебесі төмен. Дегенмен, біздің колледж түлектері бірден жұмысқа орналасады. Оған біздің колледждегі дуальды оқыту жүйесі көмектеседі. Студенттер оқу барысында көп уақытын кәсіби тәжірибе алуға жұмсайды. ІІ курстан бастап, жұмыс орнымен танысады. Қарағанды қаласында орналасқан «Мэйкер-КЛМЗ» ЖШС, «Құрылысмет» ЖШС, «КТМЗ» ЖШС, «Лека» ЖШС, «Борусан Макина» кәсіпорындарында біздің түлектер қызмет атқаруда.
– Кеңбейінді станокшылар немен айналысады? Олардың бір күндік жұмысын сипаттап беріңізші?
– Кеңбейінді станокшы станокта металл өңдеу ісімен айналысады. Мысалы, бір бұйым жасау үшін кеңбейінді станокшы бұйымның сұлбасымен танысады. Одан кейін станокты жұмысқа дайындайды. Сұлба бойынша өлшеу құралдарын қолдана отырып, бұйымды жасап шығарады. Қазіргі таңда кез келген салада станокшының жасаған бұйымы сұранысқа ие.
– Жыл сайын Жұмысшы мамандықтарына баулитын «WorldSkills Karaganda» облыстық кәсіби шеберлік чемпионаты Қарағанды машина жасау колледжінде өтеді. Жалпы, қарағандылық жастардың байқауға қатысудағы қарқыны қандай?
– Биыл колледжіміздің 70 жылдығына орай WorldSkills Karaganda сайысы колледж базасында «Сандық басқармамен басқарылатын станоктардағы жұмыстар» құзыреттілігі бойынша өтті. Оған облыс колледждерінен 7 студент қатысты. Байқау барысында мықты студенттер анықталып, республикалық байқауға жолдама алды. Ерекше көзге түскен Қарағанды машина жасау колледжінің түлегі Диас Сабырхан республикалық байқауға жолдама алды. 11-18 қарашада өткізілген республикалық WorldSkills Kazahstan-2024 сайысында студентіміз ІІІ орынға ие болды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ
СУРЕТТЕРДЕ: 1. Колледж студенттерінің өндірістегі тәжірибесі. 2. Станок қызметімен танысу барысы. 3. Worldskills республикалық байқауының жеңімпаздары.