Жаңалықтар

Тағылымы терең тағзым

Алғыс айту күні – тари­хи жадымызды жаңғыртып, адамдық пен кеңдіктің қа­дірін ұғындыратын ерекше мейрам. ХХ ғасырдың зұлмат жылдарында Қазақс­танға жер аударылған жүздеген мың адамның тағдыры қазақ халқының дархан мінезімен, кең пейілімен тығыз байланыста еді. Сол талайлы тағдыр иелерінің бірі – Қазақстандағы тұңғыш кәріс мүсіншісі, қарағандылық суретші Алексей Цой.

Суреттер облыстық бейнелеу өнері музейінің мұрағатынан

1937 жылғы депортация кезінде отбасы Орталық Қазақстанға қоныс аударған Алексейдің балалық шағы жоқшылықпен, ауыр еңбекпен өткен. Балқаш пен Ақшатау кеніштерінде, кейін Қарағанды шахталарында жұмыс істей жүріп, ол қарапайым еңбек адамының шынайы болмысын терең таныды. Кейін осы тәжірибе оның бүкіл шығармашылығының философиялық өзегіне айналды.

Өмірінің соңында суретші өзінің үш бірдей мүсіндік туындысын облыстық бейнелеу өнері музейінің қорына қазақ халқына деген алғыс ретінде табыстап кетті. Бұл қадам арқылы қалыпты жағдайдағы сыйлық жасаудан гөрі, тарихи әділет пен адами ризашылықтың көркем ишарасын анық аңғарамыз.

Музей қорында сақталған үш жұмыс – Цой шығармашылығының үш қыры ғана емес, оның өмірлік көзқарасының көркем манифесі.

Атап айтсақ, «Сиқымбаевтың портреті» (1987) туындысы – тас барельеф, полинит материалынан жасалған шахтер Бекбосын Сиқымбаевтың портреті. Кейіпкердің бет- әлпетіндегі терең текстура, әжімдердің айқындығы, қас пен ерін сызықтарының нақтылығы – мүсіншінің пластикалық тілінің айқын көрінісі.

Көздері жұмулы, аузы сәл ашық кейіпкердің бейнесі сырт көзге тыныштықты білдірсе де, ішкі ширығу мен өмір салмағын сездіреді. Бұл – физикалық еңбектен қажыған емес, керісінше рухани беріктікке жеткен жанның кейпі.

Портрет мәніне үңілсек, шығарма жеке адамның бейнесі арқылы тұтас бір әлеуметтік қабаттың символына айналған. Мұнда идеологиядан гөрі адамдық болмыс басым. Цой шахтерді батыр етіп көрсетпейді, керісінше, оның қарапайымдылығын, ішкі жинақылығын алға шығарады. Бұл туындыны мүсінші 1987 жылы музейге сыйлаған.

Ағаштан ойылып жасалған «Аспирант Маргаританың портреті» (1976) мүсіні – Цой шығармашылығындағы «лирикалық сызықтың» жарқын үлгісі.
Мұнда жас қыздың бейнесі жеңілдетілген пластикамен берілген. Жоғарыға бағытталған көзқарас – болашаққа сенімнің ишарасы болса, қолындағы кітап – білім мен руханияттың белгісі. Ұзын шаштың жұмсақ сызықтары мен ағаш құрылымының табиғилығы композицияға жылылық сыйлап тұр.
Бұл шығармада нәзіктік, тазалық, үміт басым. Өмірдің қаталдығын көрген суретшінің жан дүниесіндегі жарық сәуле туындыда айқын сезіледі.

1990 жылы суретші шеберханасынан музей қорына қабылданған мүсін – Цойдың өнеріндегі адамгершілік пен сұлулыққа деген сенімнің дәлелі.

Ал, үш кеншінің орындықта отырған «Жас ауысым» композициясы – тақырыптық әрі мазмұндық жағынан терең шығарма. Фигуралар бір-біріне жақын орналасқан, бірақ, әрқайсысының психологиялық күйі жеке-дара.
Ұстамды қалыптар, жұмыс киімдерінің нақтылығы, артық детализациядан бас тарту – мүсіншінің кәсіби шеберлігін көрсетеді. Бұл композицияда драматизм болмаса да, ішкі үнсіз диалог бар.
Танымдық тұрғыдан «Жас ауысым» – өндірістік көрініспен қоса, ұрпақ сабақтастығының символы. Аға буын мен жас буын арасындағы көзге көрінбейтін байланыс, кәсіби этика, жауапкершіліктің бәрі пластикалық форма арқылы берілген. Бұл туындыны суретші 2003 жылы сыйлаған.
Цойдың бұл үш жұмысты қазақ халқына Алғыс ретінде мұражайға табыстауын әлеуметтік-тарихи құбылыс деуге болатындай.
Өйткені, қазақ халқы ХХ ғасырдың ауыр кезеңінде жер аударылған этностарды бауырына басты. Сол кеңдік бүгінгі этносаралық тұрақтылықтың негізін қалап отыр. Еліміздегі көпэтносты қоғамның татулығы – тарихи тәжірибеден туған құндылық.

– Алексей Цойдың музей қорындағы үш мүсіні – тарихи жадымыздың бір бөлігі. Бұл жұмыстар – қазақ халқының кеңпейілдігіне берілген көркем жауап. Суретшінің Алғысы тас пен ағашқа қашалып, мәңгілікке қалды. Мұндай мысалдар еліміздегі этносаралық келісімнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады, – дейді облыстық бейнелеу өнері музейі басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.

Мұражай қорындағы бұл туындылар көп жылдар бойы кеншілер астанасының тұрғындарына рухани ләззат сыйлап келеді. Мәселен, Қарағанды қаласының тұрғыны Қазыбек Рашид музейге жиі келіп, мұндағы жәдігерлермен танысып, танымын тереңдетіп жүргенін айтады.

– Алексей Цойдың туындылары ерекше әсер етеді. Әсіресе, шахтерлер бейнеленген мүсіндері – өте шынайы. Бұл жұмыстардан адал еңбекке деген шексіз құрметті, адамның адамға деген шынайы сенімін көремін. Қазақ халқына деген Алғысын өнер арқылы жеткізуі оның сұңғылалығын, адамгершілік биік танымын аңғартса керек, – дейді ол.

Бұл мүсіндер Алғыс айту күні қарсаңында бізді тарих қойнауына жетелеп, адамзаттық биік мұраттарға бастайды. Яғни, өмірде көрген қиындық пен кең құшағымен қарсы алған елге деген ризашылық ең асыл өнерге айнала алады деген сөз.

Алексей Цойдың музей қорындағы үш жұмысы – қазақ халқының дархандығына қойылған үнсіз ескерткіш, этносаралық татулықтың көркем символы және болашақ ұрпаққа қалдырылған рухани аманат.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button