Тағылымға толы әже тәлімі
Саран қаласындағы мектептерде «Әжелер мектебі» жобасы іске қосылды. Аталған бастама аға буынның білімі мен тәжірибесін, өмірден түйгенін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, патриот әрі жан-жақты қылып тәрбиелеуді көздейді.
Алдымен, білім ошақтарының әкiмшiлiгi мен қамқоршылық кеңесi он оқушының әжесін iрiктеп алады. Оқу жылы барысында жобаға қатысушылар балалармен кездеседі және олармен шеберлік сыныбын, дөңгелек үстел, арнайы дәріс және басқа да пайдалы шаралар өткізеді.
Әр отырысқа нақты бір тақырып таңдалып, сол бойынша жүйелі білім һәм тәрбие беріледі.
– Дәріс немесе кездесудің тақырыбы жоба қатысушысына байланысты болмақ. Мәселен, біреу балаларға өлең жазуды үйретсе, енді бірі өзінің отбасылық және жеке тәжірибесінен қызықты оқиғалар айтып береді. Атап айтсақ, болашақта мамандықты дұрыс таңдау, негізі мықты отбасын құру, баланы саналы қылып тәрбиелеу туралы баяндап береді. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері балаларға киізден кәдесыйлар жасауды үйретуде, – деп түсіндірді Саран қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Думан Әлімжанов.
Сонымен қатар, «Әжелер мектебі» жобасы аясында интерактивті танымдық ойындар да өткізіледі. Кездесулердің бірінде «Әжелер мектебінің» өкілдері түрлі ұлттардың дәстүрлі киімдері туралы әңгімелеп, бірнеше тілде ән шырқады.
Алдағы уақытта кездесулер қала мектептерінде тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өткен жөн. Таңдаулы әжелердің оқушылармен өткізетін іс-шараларының жоспары бекітілген.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»