Руханият

Тағылымға толы жүздесу

Қарағанды қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №11 филиалында Қарағанды қаласының 90 жылдығына орай қолға алынған «90 жылдыққа – 90 кездесу» жобасы аясында «Ғылымның алып бәйтерегі» атты кездесу кеші өтті. Кешке Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің аға оқытушысы, географ-эколог ғалым Ернар Кейкин мен Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжінің студенттері қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кеш ұлт тарихына, қазақ ғылымына, өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға Қаныш Сәтбаевтың адамдық болмысы мен елеулі еңбегін, мұраларын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты елі мен жерін сүюге, отаншылдыққа тәрбиелеуді көздеді.

Шара барысында Ернар Қуатұлы ұлағатты тұлғаның өмір жолы, ел игілігіне еткен қызметі туралы әсерлі әңгімелеп, өзінің зерттеп жүрген тың деректерімен бөлісті.

Қаныш есімін ұлықтау өскелең ұрпақтың азаматтық борышы екендігін айтты. Жиналған қауымға Қаныш өмірінен сыр шертетін «Хабар» телеарнасының бейнеқорынан үзінді және «Қазақтың Қанышы» атты слайд-презентация көрсетілді. Сонымен қатар, ұлы ғалымның ғылыми, қоғамдық-қайраткерлік өмір жолы туралы замандастарының естеліктері оқылды.

Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі студенті Бекарыс Шаймахамбет «Аққан жұлдыз» және Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы жыр» әндерін нақышына келтіре орындаса, Нұрия Ғалымжан Қасымхан Бегмановтың «Сәтбаев туралы» өлеңін оқыды.

Қатысушылар назарына «Сәтбаев тағылымы» атты кітап көрмесі ұсынылып, ондағы әдебиеттерге шолу жасалды.

Қазақстан ғылымының орасан зор табыстарға жетіп, әлемдік биікке көтерілуіне айрықша еңбек сіңірген, дүние жүзіне танымал, халқының сүйікті перзенттерінің бірі – Қаныш Сәтбаев соңына көпсалалы ғылыми мұра қалдырған ұлы тұлға.

Анар ИДИРИСОВА,
қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі
№11 филиалының қызметкері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button