Тағылымға толы онкүндік
Қоғам дамыған сайын соған сай сұраныс та артып келеді. Ғылым мен техниканың дамуы, жаһандану кезеңіндегі сапалық өзгерістер мен үдерістер мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттырып, бәсекеге қабілеттілігін күшейтуді қажет етеді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда да, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлымен кездескенде де мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдыру бағытында жұмыс жүргізу керектігін баса айтқан болатын. Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Аталған құжатта мемлекеттік тілдің ғылым мен білім тілі ретіндегі беделін көтеру туралы сөз қозғалған.
Осы айтылғандардың негізінде облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан қараша айының бірі мен оны аралығында онкүндік жарияланды. Онкүндік аясында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Қарағанды «Болашақ» академиясының ғалымдары түрлі мамандықты игеріп жатқан болашақ мамандарға мемлекеттік тілдің ғылымдағы әлеуеті жайлы, салалық терминдердің қазақшалануы жайлы мазмұнды дәрістерін ұсынды. Одан бөлек, А.Байтұрсынұлы түзген терминдер, терминжасам тәсілдері, тіліміздегі салалық терминдерді бір жүйеге келтіру мәселесін ортаға салды. Соңғы мәселе бойынша Болашақ академиясының болашақ заңгерлері мен тіл мамандарына «Кей заңнамалардың қазақша және орысша мәтін нұсқаларында кездесетін мағыналық сәйкессіздіктер қақында» тақырыбындағы дәрісте заң саласының кейбір баптарына шолу жасалып, аудармадағы қателіктер жайында сөз қозғалды. Сонымен қатар, заңгер-ғалым Елеужан Серімов кей заңнамалардың қазақша және орысша мәтін нұсқаларында кездесетін мағыналық сәйкессіздердің көптігіне тоқталды. Заң факультеті студенттеріне арналған қазақша оқулықтардың жеткіліксіздігі, терминдердің дұрыс аударылмауы мәселелері де назардан тыс қалмады.
Дәрістер топтамасының соңында онкүндікті қорытындылау мақсатында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Көкетаевтың «Физика терминдерінің орысша-қазақша сөздігінің» тұсаукесері ұйымдастырылды. Жалпы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметін қоғамның барлық саласында күшейту мен дамыту терминологиялық жұмыстарды реттеуге де, жүйелеуге де тікелей байланысты. Әсіресе, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуда терминология шешуші маңызға ие. Терминология арқылы қазақ тілінің табиғи әлеуеті ашылып, оның ұғымдық жүйесі қалыптасады, жалпы әдеби тілдің өрісі кеңейеді. Ал «Ғасыр адамы» атанған ғалымның еңбегі жаратылыстану саласының жаңа терминдерін әлеуметтік сұранысқа сай қалыптастыруға қосылған үлес деп білген жөн.
Облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Салтанат Мірәсілқызы кездесудің мақсат-міндетімен таныстырып, облыс көлемінде тіл саясатын жүргізу барысында атқарылып жатқан жұмыстарға, соның ішінде аталған шараның маңызына тоқталды.
Темірғали Әбілдаұлы болса, терминдер сөздігімен таныстырды. Алаш арыстары қазақ терминологиясының негізін салып кеткенін тілге тиек етіп, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының термин түзуде басшылыққа алатын ұстанымдарды белгілеп, жолын нұсқағанын ерекше атады. Өзі түзген сөздікте 20 мың сөз, сөз тіркестері бар екенін, лексикалық қабаты аса құнарлы, бай тіліміздің мүмкіндігін мейлінше тиімді пайдалануға тырысқанын айтып өтті.
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды политехникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Ибадолла Арыстан болса, әріптес ғалымды құттықтап, сөздіктің тұсаукесер рәсімін жасады.
Жиын соңында басқарма басшысы Темірғали Әбілдаұлына алғысын білдіріп, Құрмет грамотасы мен естелік сыйлық ретінде «Батырлар жыры» топтамасын табыс етті.
Қорыта келгенде, басқарма тарапынан ұйымдастырылған онкүндік ортақ мәселені әлі де талқылауды қажет ететінін сездіргендей тіл жанашырлары мен ғалымдарға ой салды.
Р.S.Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әр төртінші қазақстандықтың жоғары білімі бар екен. Бұл дегеніңіз – үлкен еңбек ресурсы емес пе? Осы ресурсты ғылымға қарай бағыттап, тиімді қолдана білсе, тіліміздің ғылым тілі ретіндегі қызметі дұрыс қалыптасар еді. Дәл осы қызметті жолға қоюға, өзекті мәселені шешуге атсалысуға қарағандылық ғалымдардың күш-жігері мен әлеуеті жетеді деген ойдамыз.
Жұпар ЖАҚАН,
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы
жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі.