Спорт

“Шахтер” тағы да тең түсті

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиынының аясында екінші жолдастық кездесуін өткізді. Бұл жолы да жерлестер мәскеулік «Велес» клубымен кездесіп, 0:0 есебімен тең тарқасты.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

«Велес» футбол клубы 2016 жылы құрылған. Биыл клубтың құрылғанына 10 жыл толып отыр. Салыстырмалы түрде жас ұжым болғанымен, қысқа уақыт ішінде тәжірибесі қалыптасқан клубтың бірі. Қазіргі таңда клуб өз елінің екінші лигасында өнер көрсетіп, тұрақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Төрешінің ысқырығы естілісімен қарағандылықтар допты ойынға қосты. Қарсылас командаға шабуылға шығып, қорғаушыларының осал тұсын іздеумен болды. 12-ші минутта қарсылас қақпасына қауіпті шабуыл жасады. Шабуылшы Марк Богачев сол қапталдан алаңның ортасына пас асырған еді. Алайда, әріптесі Рафит Нұрмұғамет допқа бірінші болып жете алмады. Бұл жолы қарсылас команда қорғаушылары шабуылға нүкте қойып, допты кері қайтарып жіберді.

19-минутта керісінше, қарсыластар қауіп төндірді. «Велес» шабуылшысы Олег Смирнов оң қапталмен бағыт алып, допты алаң ортасында жүрген әріптестеріне пас асырмақ еді. «Шахтерлік» Аруп Саутов қарсыласына қарсы ереже бұзып, доптан айырды. Осы сәтте бас төрешінің ысқырығы естіліп, «Шахтерге» қарсы айып добын белгіледі. Ал, бұл қарсыластар үшін есеп ашатын тамаша мүмкіндік-тін. Стандарттан Кирилл Кистенев допты ойынға қосып, қақпа маңына пас асырды. Бірақ, жерлестер допқа бірінші жетіп, алаңның сыртына шығарып тастады. Артынша мәскеуліктер бұрыштама добын орындап, гол салатын бұл мүмкіндікті де жіберіп алды. Бұдан кейін қос қарсылас шабуылды кезек ұйымдастырып, қақпадан саңылау іздеумен болды. Осылайша жолдастық кездесудің алғашқы айналымы да аяқталды.

Екінші айналымнан «Шахтерден» нәтиже күткен едік. Өткен ойындарға көз жүгіртсек, жерлестер есепті екінші айналымда өзгертіп жататын. Ал, бұл жолғы кездесу біз күткендегідей болмады. Қарсыластар «Шахтерге» қарсы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қорғаныста қателікке бой алдырмады. Сонымен қатар, қарсыластар тарапынан да ұйымдастырылған бірнеше сәтті шабуыл да болды. Алайда, жерлестер сапынан қақпаға шыққан Никита Килджиев есепті құрғақ сақтап қала алды. Осылайша «Шахтер» екінші оқу-жаттығу жиындары аясындағы екінші матчы тең аяқтады.

Енді қарағандылықтар 9 ақпанда Өзбекстанның «Kokand 1912», 12 ақпанда Ресейдің «Leningradets» клубымен кездеседі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button