Тағы да үш ұпай
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы үшін Қазақстан Бірінші Лигасының VII туры сәтті аяқталды. Бұл жолы жерлестер сырт алаңда «Қайрат Жастарымен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Әрі клуб шабуылшысы Диас Қалыбаев осы ойында да көзге түсіп, жалпы Бірінші Лига сұрмергендер тізімінде 5 голмен көш басына шықты.

Қарсыластар допты ойынға қосқан бойда шабуыл ұйымдастырды. Алғашқы минуттан-ақ қақпа маңын торлады. Ал, олардың бұл әрекеті осы жолы нәтижемен аяқталды. 4-ші минутта шабуылшы Азамат Тұяқбаев қақпаға соққы бағыттап, командасын есепте алға шығарды.
Бірақ, кеншілер тарапынан да шабуыл болды. Алайда, кейбір сәттерді дұрыс пайдалана алмады. Дегенмен, қорғанысқа көңіл бөліп, сауатты ойнауға кірісті. Нәтижесінде, кеншілер тәжірибесінің арқасында 40-шы минутта таразы басын теңестірді. Яғни, ойынның бірінші айналымы аяқталмай тұрып, Диас Қалыбаев есеп ашты. Таблодағы көрсеткіш – 1:1.
Екінші айналымда бәрі басынан басталды. Қос командаға да ұпай керек. Сондықтан, екеуі де ештеңеден тайынбады. Екінші айналымға алаң иелері үлкен күшпен оралды. Әуелі, алаңдағы бірнеше ойыншының орнын алмастырды. Негізгі құрамда ойнаған Бекболат Исмаил, Карим Махаметжан, Лев Кургин сынды ойыншыларды қосалқы құрамда отырған жастармен алмастырды. Алайда, бұл өзгеріс алаң иелеріне ешқандай пайда алып келмеді. 55-ші минутта Асқар Біржан ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін төреші қызыл қағаз беріп, алаңнан қуды. Ал, бұдан кейін қарағандылықтар ойынды өз қолына алды.
Ойынның 78-ші минутында шабуылшы Арман Нүсіп қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Осылайша ол жеңіс голын салып, командасына үш ұпай алып келді.
Қазіргі уақытта турнир кестесінің көш басында 18 ұпаймен ақтаулық «Каспий» клубы тұр. Одан кейінгі сатыға бір ұпай айырмашылығымен кеншілер табан тіреді. Ал, үздік үштікті 15 ұпаймен павлодарлық «Ертіс» клубы түйіндеген.
Ал, үздік сұрмергендердің көшін «Шахтердің» шабуылшысы бастап тұр. Одан бөлек, сұрмергендер тізімінде үш голмен Арман Нүсіп, екі голмен Максим Галкин де бар.
Енді жерлестер 29 мамырда сырт алаңда өскемендік «Алтай» клубымен ойнайды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»