Жаз басталғалы Абай ауданында жол жөндеу жұмыстары жалғасып, елдімекендердің кіреберіс және ішкі жолдарына тақтайдай асфальт жол төселуде.

Абай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дмитрий Терешиннің айтуынша, аудан бойынша жалпы пайдаланыстағы жолдардың ұзындығы 789,1 шақырымды құраса, соның 86 шақырымы республикалық, 236,1 шақырымы облыстық, 92,6 шақырымы аудандық, 69 шақырымы Абай қалалық, 295 шақырымы ауылішілік маңызы бар жолдар екен.
Биыл содан аудан ауыл-кенттері ішіндегі және Топар су қоймасының оң жағалауына баратын жолдарды орташа жөндеп, асфальттау қолға алынған.
Кешегі күнге дейін «Дила Компани» ЖШС сол оң жағалаудың 2,6 шақырымына асфальт төсеп, тақтайдай қылып қойды. Бұған бөлінген 150,613 миллион теңге толық игеріліп, жұмыс сапалы атқарылғанын көзбен көріп, көңіліміз толды.
Келесі бір Қызыл ауылына кіреберіс 5,1 шақырым жолдың жөндеуіне 281,782 миллион теңге бөлініп, бұл шаруаны «Нарек717Строй» ЖШС атқаруда. Қазірдің өзінде олар осы жолдың 2,5 шақырымын жөндеп бітті.
Аудандағы жол жөндеп, асфальт төсеу жұмыстары одан әрі жүргізіліп жатыр.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы