Спорт

Тақта тартысының төресі

Жақында Орал қаласында тоғызқұмалақтан ар­да­герлер арасында өткен рес­публикалық турнирде қар­қаралылық ­Бүркіт­ Бейсенаев өз қатарластарының арасында үздік шығып, же­ңімпаз атанды. Оған қоса, ағамыздың «Тоғызқұмалақ­ты дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталғанынан да хабардармыз. Әлемдегі зияткерлік ойындардың қай-қайсысымен бол­сын иық тірестіре алатын ұлттық ойынымызды ел көлемінде насихаттау мен дамытуға зор үлес қосып, шә­кірт тәрбиелеп жүрген Бүр­кіт Бекмағамбетұлын ар­найы құттықтай барып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Сурет Б.Бейсенаевтың жеке мұрағатынан

– Республикалық турнирдегі жеңісіңіз құтты болсын, Бүркіт аға! Ақыл-ойдың Ақжайықтағы аламаны қалай өтті?

– Рахмет. Айтары жоқ, жарыс жақсы өтті. Турнирге Астана қаласынан және еліміздің 14 облысынан барлығы 104 ойыншы қатысты. Біз үшін таңсық дүние болмаса да, бір жұмаға созылған ойындар өте тартысты болды. Өйтпегенде ше, қатысушылардың арасында тоғыз­құмалақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері, еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бар кіл мықтылар жүр. Сайыстар ерлер арасында жеке, әйелдер арасында жеке өткізілді. Ұйымдастырушыларға рахмет: ойындар өткізілген орын да, турнирге қатысушыларды қарсы алуы мен күтуі де көңілімізден шықты, бәрі жоғары деңгейде. Тоғызқұмалақтың ардагері деген атымыз бар, ескі таныстармен қауқылдасып, ниеттес, пікірлес жаңа таныстар тауып, бір жасап қалдық. Жалпы, тоғызқұмалақтан ардагерлер арасындағы бәсекелер өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері өткізіліп келеді. Содан бері де ұлттық ойынымыздың өрісі кеңи түскеніне, әрине, көңіліміз марқая­ды.

– Дойбы, шахматтың шебер­лерін жиі кездестірсек те, тоғыз­құмалақшыны күнде жолықтыра бермейміз. Өзіңіз бұл ойынды қай жасыңыздан серік еттіңіз?

– Мен де бала жасымнан шахмат пен дойбыға құмар болдым. Тоғызқұмалақты жиырмадан асқан жігіт шағымда үйреніп, көңіліме жаққаны сонша, содан бері, міне, қырық жылдан асса да қол үзбей келем. Тоғызқұмалақ дегеніңіз тақта тартысының төресі ғой! Негізгі мамандығым – инженер-педагог. 1985 жылдан сол кездегі аудандық Пионерлер үйінде тоғызқұмалақ үйірмесін ұйымдастырып, мен соның жетекшісі болдым. 2001 жылдан Қарқаралы аудандық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болып қызмет жасап келемін.

– Өзіңіз тоғызқұмалақтан осы уақытқа дейін біраз жетіс­тік­терге жеттіңіз ғой.

– Иә, тоғызқұмалақтан екі рет Қазақстан чемпионы болдым. 1990 жылдан Қазақстан Респуб­ликасының спорт шебері деген атағым бар. Ел біріншіліктерінде бірнеше рет жүлдегер де болдым. Кейін ардагерлер арасындағы спартакиадада жеңімпаз атанып, Қазақстан біріншіліктерінде бес рет чемпион, бірнеше рет жүлдегер болдым. Көп жылғы тәжірибем мен жетістіктерім ескеріліп, он сегіз жыл бойы тоғызқұмалақтан Қарағанды облысы құрамасының аға жаттықтырушысы болып қызмет жасадым.

– Тоғызқұмалақтың ұлттық ойын ретіндегі құндылығына тоқталсаңыз. Осы өнерді наси­хаттау барысы көңіліңізден шы­ға ма, не жетіспейді?

– Бұл ойынның ақыл-ойды, логиканы дамытуға көмектесетіні өз алдына, табиғаты да ұлтымыздың салт-санасымен үндес. Қазіргі уақытта тоғызқұмалақ қарқынды дамып келеді деуге болады. Ұлттық ойынымыз бұрнағы жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енгізілді. Ал, 2022 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен 9 қыркүйек Тоғыз­құмалақ күні болып белгіленді. Тоғызқұмалақтан Азия, Еуропа, әлем чемпионаттары тұрақты өткізіледі. Жан-жақты қолдаудың арқасында бұл ойынмен шұғылданушылардың саны бүгінде 210 мың адамнан асқан екен. Тоғыз­құмалаққа деген қызығушылық халықаралық деңгейде де артып келеді. Англия, Франция, Чехия мемлекеттері біздің ұлттық ойынымызды өздерінде өткізетін зияткерлік ойындар фестивалінің бағдарламасына енгізген. 2009 жылдан бері тоғызқұмалақты ғаламтордағы www.iggamecenter.com сайтында онлайн режимде ойнауға, ойын шеберлерінің партияларын талдауға, сақтауға болады.

Биыл Астанада өткен V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары аясындағы тоғызқұмалақ турнирінде Африка құрлығынан, Колумбия, Бангладеш, Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Ресей, Латвия сияқты барлығы 41 елден келген 114 қатысушы өзара бақ сынасты. Төрткүл дүние көз тіккен осынау сында Қазақ елінің ойыншылары командалық есепте бас бәйгіні еншіледі. Әлем халқына танылған бірден-бір ұлттық құндылығымызды ең алдымен өзіміз қастер тұтып, одан әрі дамытуға күш салғанымыз абзал.

– Талай жылдардан бері республикалық жарыстардан олжа салып, тоғызқұмалақ әле­мінде көш бастаған танымал жан болсаңыз да туған жеріңізден алыстамай-ақ ұлт руханиятына үлес қосып келесіз. Тоғыз­құмалақтың Қарқаралыдағы жай-күйі қалай?

– Қарқаралы ауданының Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақ секциясы жұмыс жасайды. Біздің өңірде ұлттық ойынымызды ойнаушылар да, қолдаушылар да баршылық. Енді ауданымыздағы мектептерде тоғызқұмалақ үйірмелері ашылып, балабақшадан бастап бестемше ойынын үйретсе, жақсы болар еді. Бестемше – тоғызқұмалақтың кішкентай балаларға арналған түрі, балдыр­ғандарды төрт-бес жасынан-ақ есептеу, ойлау қабілетіне үйрету үшін таптырмайтын құрал. Бұл ойын баланы логикалық ойлауға баулып қана қоймай, оның бойына ұлттық рухани құндылықтарды сіңіруге де септігін тигізеді.

– Ондаған жылдар бойы жаттықтырушы болып келе жатырсыз, шәкірттеріңіз сізге ілесе алды ма?

– Иә, өзім оннан артық рес­публика чемпиондары мен жүлдегерлерін дайындадым. Бәрі де өмірде өз жолдарын тауып, жер-жерде абыроймен қызмет жасап жүр. Бір шәкіртім Ерлан Құрманғалиев – Бұқар жырау ауданының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы. Бір кезде тоғызқұмалақ жоқтың қасы болған ауданнан біздің Ерлан аз ғана уақыттың ішінде екі спорт шеберін, ондаған спорт шеберлігінен үміткерді даярлап шығарды. Осы үрдіс жалғасып, ұлттық спортымыздағы ұрпақ сабақтастығы үзілмесе екен деген тілегім бар.

– Бәрекелді! Бәріміз де қазақтың нағыз ұлттық бренді тоғызқұмалақтың төрге оза бергенін қалаймыз. Осы жолдағы еңбегіңіз әрдайым жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Болатбек ӘШІМҰЛЫ.
Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button