АймақБұқар жырау

Тағлымы мол кездесу

Бұқар жырау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және Халықаралық Сәтбаев қорының қолдауымен  «Отбасы хрестоматиясы» жобасы мен «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының авторы, шығыстанушы, ағартушы Санжар Керімбаймен кездесу кеші өтіп, кітабы таныстырылды.

    Аудандық Мәдениет үйінде болған кездесуге келген жұртшылық әуелі қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевқа арналған көрмемен танысып, сыйлы меймандарды осындағы домбырашылар ансамблі күймен қарсы алды.

    Бұдан соң  кең залда сахна шымылдығын жергілікті дәстүрлі әнші Саян Бөдес Иманжүсіптің әнімен ашып,кеш тізгінін белгілі айтыс ақыны, филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұлов қолына  алып, басынан аяғына дейін жүргізді.

   Кездесуде құттықтау сөз сөйлеген Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайынов:

 – Биыл қазақтың Ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаевтің туғанына 125 жыл толуына байланысты ауданымызда көптеген шаралар өтті.Бұл соның заңды жалғасы.Сондықтан кезінде Қанағаңның ізі қалған топыраққа қош келдіңіз! -деп, Санжар Керімбайдың иығына шапан жауып, оның өңіріне ең алғаш «Бұқар жыраудың асыл мұрасы» төсбелгісін қадады.


Өз кезегінде сөз алған Санжар Керімбай «Отбасы хрестоматиясы» жобасы аясында «Бала да Қаныш оқыған кітаптар» сериясымен шығарылған 6 кітаптан тұратын топтама мен қайта жарық көрген Төкен Оразовтің «Қаныштың жастық шағы», Евней Бөкетовтің «Жас Қаныш», Медеу Сәрсекенің «Қуғындалған Сәтбаев» кітаптарын ала келгенін айтып, өзі жазып, құрастырған «Қаныш және ғылыми майдан» кітабына экзистенциалық талдау жасады. Мұнда ол слайдтар арқылы Қанағаң өмірі мен ғылым жолындағы көпке беймәлім қалтарыстары мен көрген  қиындықтары, кедергілері туралы әсерлі әңгімелеп, оқырмандарға қолтаңбасын қалдырды.

Сөзінің соңында ол:

– Балаларыңызға Қаныш туралы осы кітапты оқытып, оларды Имантайша тәрбиелеңіздер! – деген тілегін де білдірді.

Оның өткен жылы жариялаған «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының қазір қолдан қолға түспей, оқылып жатқанын жақсы білеміз. Ендеше бұл кітабы да сондай сұранысқа ие боларына сенімдіміз.

   Санжар Керімбаймен сапарлас болып, Ботақараға бірге келген Қанағаңның баянауылдық жерлесі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің оқытушысы, өлкетанушы-ғалым Ернар Кейкин де елдегі кәріқұлақ қариялар мен ғалымның тұстас замандастарынан естіп естіп, білгендерін майын тамыза әңгімелеп, аудан әкімі Ерлан Құсайынов оған да шапан жауып, Алғыс хат тапсырды. Мұндай құрмет кештің модераторы модераторы Айтбай Жұмағұловқа да көрсетілді.

  Тағлымы мол кештің шымылдығын жергілікті өнерпаз Қалиасқар Шыныбектегі Бүркітбайдың Мұстафасының «Бүркітбай» әнімен жапты. Бұл ән Қанағаңның өзі орындап, Александр Затаевичке жаздырған 25 әнінің бір болатын.

Ержан ИМАШ,

Бұқар жырау ауданы

Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button