Тағдырлы телеарна
МЕНІҢ МЕКТЕБІМ НЕМЕСЕ БІРІНШІ ШЕГІНІС
Біздің буын қазіргідей 100-ге тарта телеарнаны тамашалаған жоқ. Әр көшеде 2-3 үйде ғана болатын «көк сандық» үш арнадан ғана хабар тарататын. Одақтың мемтелерадиосы, Қазақстанның телерадио корпорациясы және бұрынғы Жезқазған облыстық телеарнасы. Алғашқысының мұрагері – қазіргі «ОРТ» болуы керек, отандық телеарнаның мұрагері – «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасы. Ал, Жезқазған облыстық телерадио комитетінің қазіргі мұрагері – «Дидар».
Соңғысы – жаныма жақын. Журналистикадағы шығармашылық жолымның бастауы болғаны – өз алдына бөлек әңгіме. Ең әуелі, менің боз кілемде күресіп жатқанымды көгілдір экран арқылы елге көрсеткен телеарна ғой – бұл.
Мектеп оқушысымыз. Бірде мектебіміз абыр-дабыр күйге түсе қалғаны. Сабақ жайына қалған. Директорымыз Өзбек Бимендин бастап, барлық мұғалімдер әбігер болып жүр. Сөйтсек, облыстық телеарнаның түсіру тобы келе жатыр екен. Күрес секциясына қатысатындарымызды сабақтан босатып, жаттығуға киетін күрес формамызды киіп келуге үйге жіберді. Бақыттан басымыз айналып жүр. Белімізді шарт буынып, спорт залында түсіру тобын күтудеміз. Келді. Ара-тұра теледидардан көріп жүретін тілші ағамыз көзімізге оттай басылған. Марқұм Жамбыл Бекжановпен кейін әріптес болып, осы «Дидар» телеарнасына бірге қызмет еттік. Телекамера дегенді тұңғыш көруіміз. Қазіргідей иықта жүретін бейнекамера емес. Жуандығы бір жарым жасар тайшаның жіліншігіндей төрт тағаны бар сұр сандық. Алдынан қарасаң – жалғыз көзді дәудің өзі дерсің.
…Сол күннен бастап, телевизордың алдына телміретін болып алдық. Кешкі жаңалықтар уақыты жақындағанда тағатымыз таусылады. Айтпақшы, ол заманда алаңсыз отырып теледидар тамашалаудың да өз машақаты бар еді ғой. «Көк сандықтың» арнасын ауыстыратын тетігінде тістеуік немесе «г» әрпінің пішініне келтіріліп иілген жез түтік тұратын. Далада үйге жапсарлас орнатылған антеннада біреуміз кезекшілік атқарамыз. Терезенің желдеткішінен әкеңнің немесе шешеңнің «оңға», «солға» деген даусы шығып жатады. «Болды, болды» деген дауыс шыққанша қоңыр тұрбаны қозғаумен болатын едік қой… Енді бәрі тамаша деп, үйге еніп, теледидардың алдына жайғаса берсең, сықырлауық еденнің бір тақтайын қатты басып кетесің. Кадр секіріп қоя береді.
Осынша қияметпен өзімді экраннан алғаш көрсеткен телеарнаға қызметке барамын, шығармашылық еңбек жолымды сол телеарнадан бастаймын деп сол кезде ойлаған жоқпын, әрине. Бірақ, сол жолғы түсірілімнен кейін журналист боламын деген арманым алаулап, қиялым қияға қанат қаққан-ды.
Сөйтіп, бүгін құрылғанына 60 жыл толып отырған «Дидар» телеарнасында қатардағы редактор болып еңбек жолымды бастадым. Телеарнаны 1999 жылдан бері басқарып келе жатқан белгілі қаламгер, журналист, сатира сардары, ақын Базарбай Әлеуханұлының шәкірті һәм сенімді серігіне айналдық. Университет бітірген шағымыз. Жастықтың желігі басылмаған, ноқтаға басымыз сыймай, дулы ортада өлең оқып, сонымызды танымалдықтың көкесіне балап жүрген кезіміз ғой. Жасыратыны жоқ, басқаны білмеймін, Базағаң тура мені қарашаңыраққа сыраханадан жетелеп алып келді. Сенім артты. Тәрбиеледі. Босағасына қасиет дарыған киелі шаңырақтың төрінен эфирге шығып, елге ақыл айта бастадық.
Мақтанышпен айтамын, телевизия тарландары Жанболат Мұқанов, Жамбыл Бекжанов, Құнанбай Төлеуов марқұмдармен, Тоғанбай қажы Құлманов, Марат Сандықбаев, Аманкүл Арымбекова, Бақыт Мәукенова, Эльвира Минчук сынды аға буын өкілдерімен әріптес болу бақыты бұйырды. Азды-көпті танымал болып, қаламымызға қанат бітті. Желдіртіп жаздық, өндіртіп жаздық.
Иә, «Дидар» телеарнасы – менің мектебім.
ӘУЕСҚОЙ СТУДИЯДАН – ӘЛЕМДІК ӘУЕ ТОЛҚЫНЫНА НЕМЕСЕ ЕКІНШІ ШЕГІНІС
Мыс шаһары Жезқазған – ғасыр ғұламасы, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың төл перзенті. Әлі күнге ел ырысын еселеп отырған Жезқазған өндірісінің де негізін Қанекең қалаған. 1959 жылы Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинатының электр цехының Б.Длугач, А.Трошин бастаған инженерлері әуесқой студия ұйымдастырған екен. Сол жылы 5 қыркүйек күні металлургтердің Мәдениет үйінен алғаш хабар таратып, көрермен көзайымына айналған тарихи телеарна алты асу, алты қырды артқа тастап, алпысыншы белеске көтеріліп отыр.
Қарапайым инженерлердің бұл бастамасы қалалық партия комитеті тарапынан қолдау тауып, горком хатшысы жоғарыдан көмек сұрайды. Сөйтіп, алғашқы директоры болып Керімбай Көпбаев тағайындалған әуесқой студия Жезқазған телестудиясы болып мемлекеттік тіркеуден өтеді. Телестудия тізгінін әр жылдары Зиновий Шкундин (1964-1970 жж.), Рақымбай Жұматаев (1970-1985 жж.) басқарды. 1973 жылы Жезқазған облысы құрылып, Рақымбай Жұматаев облыстық телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі комитеттің төрағасы болып қызметін жалғастырды. 1985 жылы комитет басшылығына отандық телевизияның тарланбозы Сәбит Байдалин келді. Сәбит Жүнісбекұлы 1991 жылы Жезқазған облыстық телерадиокомпаниясы болып қайта құрылған қарашаңырақты 1997 жылға дейін басқарды. Осы жылы облыс таратылып, барлық техника мен компанияның дүние-мүлкі Қарағандыға көшірілді. Қос ғимарат қаңырап қалды. Міне, мерейтойлық мақаламның тақырыбын «Тағдырлы телеарна» деп айдарлауымның негізгі себебі – осы. Алайда, мұның барлығы «Дидар» көрген дүрбелең мен телеарнаға тап келген тағдыр теперішінің басы ғана еді.
Тарихы терең, тағдыры күрделі телеарнаның өткеніне көз жүгіртсеңіз, елеулі есімдер мен тағылымды тағдырларға ұшырасасыз. Мәселен, ерлі-зайыпты Жүрсін, Бақытжамал Ермановтардың еңбек жолы осы қарашаңырақта басталған. Сапабек Мырзатов, Ескен Хасенов, Сайлаухан Нәкенов, Аманжол Үсенов, Жанбау Бірманов, Галина Драговоз, Сара Ысқақова, Рая Баймағанбетова, Шұға Нұрмағанбетова, Әсия Айдарханова, Нескен Битенова, Валентина Головина, Петр Севостьянов, Махмуд Сексенбаев, Мақсұт Сексенбаев, Дулат Әбілдин сынды телеарна майталмандары – өз тағдырларын осы телеарнамен тоқайластырғандар. Бұлардың біразы облыс тарап, компания жабылған кезде зейнеткерлікке шығып та үлгерген еді. Қаланың сол кездегі әкімі марқұм Жұмамәди Ибаділдиннің қайраткерлігі арқасында телеарна есігіне салынған қара құлып ашылып, қасиетті қарашаңырақ «Жезқазған қалалық телерадио хабарын тарату дирекциясы» болып қайта құрылды. Директоры болып КСРО Байланыс саласының үздігі Валентина Черницина тағайындалды.
Алайда, кетеуі кеткен дүниенің тез арада қалпына келуі оңай ма?! Кәсіпорын қарызға белшеден батқан. Хабар тарату лицензиясы күшін жойған. Ұжым айлап-жылдап жалақы алмай, әбден қажыған. Өндірісті қаланың маңдайына басқан жалғыз телеарнасының осындай күйге түскені қала әкімі Ж.Ибаділдиннің де жанына бата бастады. Тағдырлы телеарнаны тығырықтан кім алып шығады? Осы сауал ойының да, бойының да мазасын алған Жұмекең ақыры бір тоқтамға келді. Зейнет жасына келіп қалған директордың орнына жаңа басшы тағайындау керек. Ол үшін тығырықтан шығар жолға бастайтын бизнес-жоспары бар білікті басшы таңдау қажет. Конкурс жариялады. Базарбай Әлеуханұлының бағы жанды. Жарымжан «Москвич» автокөлігі, екі әуесқой камерасы, екі тұрмыстық бейнемагнитофоны бар телеарнаны Базағаң қабылдап алды.
Лицензиясы да жоқ. Ғимараттар тозып кеткен. Жаңа облыс орталығының «донорына» айналған Жезқазған қаласының да жетісіп тұрған ештеңесі жоқ. Оның үстіне, қала әкімі Жұмамәди Ибаділдин жаңа директорды тағайындау кезінде: «Менен қаржы сұрамайсың, ақшаны үйіп-төгіп берсең, кез келген ақымақ директор бола алады» деген. Әкімнің «құттықтауы» осындай мазмұнда болған соң, бастық болғанға кім қуана қойсын?! Білек сыбана кірісті. Екі жарым жыл есік жағалап жүріп, телеарнаның хабар тарату лицензиясын қайтарды. Екі ғимараттың бірін «Қазақмыс» корпорациясына өткізіп, одан түскен қаржыға техника алды. Жарнамадан түскен қаржыға жалақы қарызы өтелді. Ұжым еңселене бастады.
Ақыры, телеарнаның материалдық-техникалық базасы толық жаңарып, республикалық деңгейдегі телеарналармен терезесі теңелді. Кейде «Хабар», кейде «Қазақстан» арналары аймақтағы елеулі оқиғаларға қатысты сюжетке тапсырыс беріп жатады. Қалалық деңгейдегі телеарнаның кәсіби деңгейінің өскендігі сондай, «Дидарда» дайындалған сюжеттер республикалық арналарға еш өзгеріссіз, қаз-қалпында шығып жатты.
…Бірде, әлемнің біраз елдеріне хабар тарататын «НТВ» телеарнасынан тапсырыс келіп түсті. Аты аңызға айналған әйгілі актер Олег Янковский қайтыс болыпты. Актердің отбасы сонау 30-шы жылдары Жезқазғандағы «СтепЛАГ»-қа жер аударылған екен. Марқұм Құнанбай Төлеуов бастаған шығармашылық топ айналасы бір тәуліктің ішінде әйгілі актердің тамыр-таныстарын іздеп, тіпті, тұрған үйінің орнына дейін тауып, бес минуттық сюжет дайындап шықты. Материалдың сапалы дайындалғаны сонша, көп ұзамай «Дидарда» дайындалған сюжет «НТВ» телеарнасынан еш өзгеріссіз берілді.
Міне, әуесқой студиядан әлемдік әуе толқынына жол тартқан «Дидардың» қалыптасу, қайта өрлеу кезеңдері осылайша шиырлайды.
МЕНІҢ ЗАМАНДАСТАРЫМ НЕМЕСЕ ҮШІНШІ ШЕГІНІС
Жылдар жылжып, айлар зулап жатты. «Дидардың» шығармашылық-техникалық құрамы жас толқынмен толығып, әлеуеті арта түсті. Не керек, «Дидар» телеарнасы Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі үлкен мектепке айналды.
Жоғарыда есімі аталған майталмандардың арасынан марқұм Құнанбай Төлеуов пен Дулат Әбілдин мен қызмет атқарған жылдардағы орта буынның басы еді. Құнанбай марқұмның талантына тәнті болмаған жан жоқ. Оның бойындағы шапшаңдық, ой жүйріктігі, сөз саптасы, эфирді еркін меңгеру қабілеті екінің-біріне бұйыра бермес кәсіби бақыт еді. Әттең, өмірі келте болды… Ал, Дулат замандасымның сергек зердесі мен бейнеролик дайындаудағы зергерлігіне тәнті болатынбыз. Телеарна қаржылық қиындықтарға тап келген тұста барынша сапалы жарнамалық роликтер дайындап, бизнес өкілдерінің «Дидарға» деген қызығушылығын оятты. Біраз жыл телеарнаның бас продюссері болып, жаңалықтар мен хабарлардың тартымдылығын таразылау ісінде де сұңғылалық танытты. Кейін республикалық арналарда жетекші бейнеинженер болып, табысты еңбек етті. Елордаға қоныс тепкен үлкен арналардың «Дидар» ұстаханасына деген «тәбетін» де оятқан осы Дулаттың іскерлігі десем, артық айтпаған болар едім.
Кейінгі жылдары «Дидардың» мектебінде шыңдалған жас мамандарға деген сұраныс артып кетті. Оператор Мақсұт Сарыбаев «Астана» арнасының Қарағанды бөлімшесіне жетекшілік етіп жүрсе, редактор Ләйлә Нұрғалиева облыстық «SARYARQA» телеарнасының шырайын кіргізіп жүр. Арман Әмен «24KZ» телеарнасында. Диктор Дамир Галиев «Хабардан» хабар таратып жүрсе, оператор Нұрболат Құлманов «КТК» арнасында, Гүлнұр Жәкен «Бірінші Қарағанды» арнасында диктор болып жүр. Режиссерлер Света Әбдірахманова, Айнұр Өтеубаева да – өз ісінің нақ шеберлері еді. Операторлар арасында режиссерлерден ең көп ескерту алатыны Нұрбол Үздікбаев еді. Оның өзі белгілі драмматург, ақын Кенжебай Ахметовпен бірігіп, кино түсіріп жүр.
Кезінде бірге қызмет атқарып, «Дидардағы» думанды күндеріміз бірге өткен менің замандастарымның тізімін тарқата беруге болады… Сюжеттің талап етілетін уақыты секілді, газетте де шекті көлем болатынын түсінер. Елдос Кәкенов, Меруерт Наурызбай, Света Оңғарбаева, Нағима Әшірбеков, Таңат Ысқақ, Нұрлан Исмайлов, Гүлшат Әшірбекова, Гүлім Маратқызы сынды әріптестеріммен мақтанамын мен де! Бұлардың барлығы – қазір тәжірибелі журналистер Төлеш Асантегі ағам мен Мақпал Орынбетова апайдың төңірегінде. Солардан тәлім алып, ақпарат айдынындағы «Дидардың» бәсін арттырып жүр.
САУДАҒА ТҮСКЕН САФ АЛТЫН НЕМЕСЕ СОҢҒЫ ШЕГІНІС
Кейде саудалай береміз-ау… Алтын-күмісті тас екен деп саудаласақ, дүние-мүлікті мәңгілік байлыққа балап, саудалаймыз. Ал, ЖезқазғанҰлытау секілді Ұлы Даланың үніне айналған телеарнаны саудалағанды көрдіңіз бе? Оны да көрді бұл «Дидар». Базағам басшы болғалы бұл «Дидар» нені көрмеді?! «Дидар» Сарыарқаның саф алтыны еді ғой. «Алтын көрсе, періште жолдан таятыны» рас екен. Ана бір жылы «Жезқазғандық жекешелендірудің» «бағына» келген бір әкім ескі-құсқы ғимараттар мен спорт кешені, коммуналдық базармен бірге «Дидарды» да саудалап жіберген. Сатылып кете барды. Елбасының «жекешелендіру тізімінен БАҚ-ын алып тастаңдар» деген пәрменіне, Үкімет Қаулысына пысқырып та қарамады-ау… Атына заты сай «Батыр» еді-ау өзі де… Сол кездегі ҚР Премьер-Министрінің Иманғали Тасмағанбетовтің иманды шешімі болмағанда, ҚР Ақпарат министрі Дәурен Абаев араша түспегенде, кім біледі қарашаңырақ «Дидардың» кімнің жыртысын жыртып отырарын… Міне, тағдырлы телеарнаның көш жүре көрген көрешегі осылай сүрлеу тастайды.
Осындай ел тізгінін ұстаған азаматтардың арқасында, телеарна басшысы Базарбай Әлеуханұлының табандылығы нәтижесінде аман қалған қарашаңырақтың түтіні түзу шығып отыр, Аллаға шүкір. Жезқазған-Ұлытау аймағына тәулігіне 16-18 сағат хабар таратып, жалпы ел аумағына «IDTV» спутниктік желісі арқылы таралып отырған тағдырлы телеарнаның әуе толқынындағы ғұмыры осылайша ұзарған-ды. Бүгінде жалғыз Жезқазғанның емес, Ұлы Даланың нұрлы дидарына айналды. Шалғайдағы кенді өлкенің маңдайдағы бағына айналған «Дидардың» дидары жарқын, ғұмыры ұзақ болғай!
Ерсін МҰСАБЕК