Тағдырлы сәттегі туыстық қолдау
Төңкеріс әрекетінен кейін Түркияға алғаш атбасын бұрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
ресми сапарын түрік ағайындар осылай бағалады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасына ресми сапармен барып, Президент Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөздер өткізді. Бір айта кетерлігі, Қазақстан Президенті Түркияда жүзеге аспай қалған әскери төңкерістен кейін осы елге ресми сапармен келген алғашқы Мемлекет басшысы болып отыр. Бұл сапар сонысымен де айрықша сипат алып, бауырлас халықтың ыстық ықыласына ие болды.
Анкараға арнайы келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Режеп Ердоған ресми сапардың мәртебесіне сай барлық жөн-жоралғымен қарсы алды. Мемлекеттер басшыларының екіжақты кездесуінен кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Оның барысында екіжақты іс-қимылдың қазіргі ахуалы сондай-ақ, бірқатар басымдығы бар бағыттар бойынша Қазақстан-Түркия стратегиялық серіктестігін нығайту перспективалары кеңінен талқыланды. Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібінде тұрған аса өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.
Келіссөздерден кейін екі ел басшылары бұқаралық ақпарат құралдарына арнап бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп, толғақты мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды. Түркия Президентінің айтуынша, кездесу барысында осы елдегі әскерилердің төңкеріс жасауға талпыныстары да талқыланды. Осы орайда, 15 шілде оқиғасынан кейін Түркияға келіп тұрған алғашқы Мемлекет басшысы Қазақстан Президенті екенін ерекше атап айтқан Р.Ердоған:
– Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапармен келуі мен үшін, елім және ұлтым үшін үлкен абырой болып тұр.
Сапардың әсіресе, 15 шілде күнгі әскери төңкерістен кейін өтуі өте маңызды. Қазақстан Президенті сол әскери төңкерістен кейін келген, сол арқылы біздің ұлтымызбен ынтымағын ашық түрде көрсеткен тұңғыш Президент. Қазақстан тәуелсіздік алған 25 жылдың бедерінде біз әрдайым бір-бірімізге деген бауырластығымызды көрсетіп келдік. «Жаман жігіт басын арашалайды, жақсы жігіт досын арашалайды» демекші, бұл ресми сапар Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас халықты ойлайтын шынайы достығын айғақтай түседі. Сол үшін Сізге өзімнің және халқымның атынан тағы да алғыс айтқым келеді, – деп ағынан жарылды.
Расында да, бүлік туралы суыт хабар жете салысымен ана-жұрттағы бауырлас түрік мемлекетінің басындағы заңды билікке бірінші болып ата-жұрттағы Қазақ елінің атынан қолдау білдірген Елбасы арнайы жеделхат жолдаған болатын. Мемлекет басшысы бұл жолы да Түркия Президентіне ағалық ықылас танытып: – Жеке күштердің мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруы бізді қатты алаңдатты. Мұндайды ешуақытта қолдауға болмайды. Қанша адам қаза тауып, қаншасының басына қара бұлт үйірілді. Қаза тапқандардың отбасына жеке өзімнің және Қазақстан халқының атынан қайғырып көңіл айтамын. Осы сапарымды бауырым Ердоғанды және Түрік мемлекетін қолдауға арнадым, – деп атап өтті.
Әлбетте, тағдырлы кезеңді бастан кешіп отырған дәл қазір Түркия үшін Қазақстанның қолдауы зор мәнге ие. Мемлекет басшысының Түркияға сапары – Режеп Тайип Ердоған билігінің әскери төңкеріс әрекетін басуы, Анкараның парламенттік биліктен президенттік басқару формасына көшуі, сондай–ақ өңірдегі геосаяси қауіп–қатерлердің өршуі мен Түркиядағы күрделі экономикалық және ішкі саяси жағдаймен тұспа–тұс келді. Сондай–ақ, бұл сапар Түркия мен Ресей қарым–қатынасының қайта қалыпқа келе бастауы жағдайында өтіп жатқанын да айтқанымыз жөн. Бұған да бірінші кезекте Қазақстан Президенті ықпал етіп, Түркия мен Ресейдің арасындағы қарым–қатынастың тоңын жібіткені баршаға мәлім. Сондықтан да Р.Ердоған: «Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Өз атымнан және түрік халқының атынан Түркия мен Ресей арасындағы дағдарысты реттеуге қосқан зор үлесі үшін тағы да ризашылығымды білдіремін», – деді Түркия Президенті.
Елбасы осыдан ширек ғасыр бұрын, Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған тұста халқымыздың қуанышын Түркия мемлекеті ең бірінші болып бөліскенін еске салды.
– Біз Тәуелсіздікті жарияладық. Артынша марқұм Тұрғыт Өзал мырза маған: «Түркия қолдайды», деп қоңырау шалды. Мұны еш уақытта естен шығаруға болмайды. Түркия Қазақстанның ең жақын әрі сенімді саяси және экономикалық әріптестерінің бірі. Болашақта да солай бола бермек. Себебі, біз түбі бір, тарихы бір, мәдениеті мен діні бір елдерміз. Бүгінгі ортақ тарих пен мұраға негізделген қарым–қатынасымыз одан әрі де өрістей береді. Байланыстарымыз бірте–бірте ілгерілеп, бүгінгі таңда стратегиялық сипатқа ие болды. Бауырлас жұрт барлық қауіп–қатерге төтеп беріп, өз жолын жалғастыруда. Қазақстан әрдайым Түркияға толық қолдау көрсетсе, Түркия да біздің елімізге қолдау көрсетеді деп ойлаймыз. Сол арқылы әрқашан бір–бірімізге қол ұшын созып отыруымыз керек деп санаймыз, – деді Н. Назарбаев.
Елбасы Қазақстандағы қазақ–түрік лицейлеріне байланысты да өз пікірін білдірді. «Қазақстанда жұмыс істеп тұрған мектептер – біздің мемлекеттің мектептері. Түркияға қарсы жұмыс істейтін күштерді біз ешуақытта қолдамаймыз. Бұл біздің мүддемізге жатпайды. Сондықтан біз бүгін елдеріміздің білім беру министрліктері жұмыс тобын құрып, әр мектепті тексереді деп уағдаластық», – деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл лицейлер тексерілгенін және олардан заңсыз ештеңе табылмағанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бұл сапар екі елдің арасындағы қарым–қатынасты одан әрі жандандыра түседі деген сенімін білдірді. «Біз шағын жеке кездесуде барлық жағдайды, саяси ахуалды, екі елдің арасындағы қарым–қатынасты, сепаратизмге қарсы күресті, Түркияның төңірегінде қалыптасқан жағдайларды талқыладық. Қазақ–түрік саяси диалогының аясы уақыт өткен сайын кеңейіп келеді, біз саяси бағыт бойынша, сапарлар алмасу мәселесі жөнінде келістік. Биылғы жылдың өзінде біз Режеп Тайип Ердоған мырзамен үшінші рет кездесіп отырмыз. Алдағы уақытта, G-20 Саммитінде де кездесеміз деп ойлаймын. Жалпы, мұндай кездесулердің мақсаты – қос халықтың достығын одан әрі тереңдету», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі елдің алдында тұрған міндеттердің бірі сауда–саттық және инвестиция төңірегіндегі әріптестік екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар уағдаластыққа қол жеткізіліпті. Қазақстанда көптеген түрік компаниялары жемісті қызмет атқаруда. Бүгінде елімізде түрік капиталының қатысуымен 1600-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Түрік бизнесінің өкілдері жаңа елордамыздың құрылысына белсенді атсалысты. Олар бүгінге дейін Қазақстанда 20 млрд. доллар шамасындағы мердігерлік жұмыстарды атқарды, 460 нысанды іске қосты. Тауар айналымы өткен жылы 2 млрд. долларды құрады. «Бұл – қазіргідей дағдарыс жағдайындағы көрсеткіш. Бұрын бұдан да жоғары еді. Былтыр Режеп Тайип Ердоған мырзаның Астанаға мемлекеттік сапары барысында «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын жүзеге асыру іс-шаралары жоспары қабылданды. Біздің ендігі мақсатымыз – екі елдің арасындағы сауда-саттықты 10 млрд. долларға жеткізу. Біздің келіскен жаңағы құжат аясында жоспарланған, орындалып жатқан 20 инвестициялық жоба бар. Бұл жобалардың жалпы құны 813 млн. доллардан артық»,– деді Елбасы.
Бұдан кейінгі кезекте Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия ежелден Ұлы Жібек жолын тоғыстырған елдер екеніне тоқталып өтті. «Бүгінгі таңда мемлекетіміз Шығыс пен Батысты жалғастыру дәстүрін жоғалтқан жоқ. Ердоған мырзаның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына Түркияның қабылдануы жөніндегі ұсынысын толықтай қолдаймын, ШЫҰ-дағы біздің әріптестеріміз де қолдайды деп сенемін»,– деді Н. Назарбаев.
Бұл күні сонымен қатар, Қазақстан Президенті Түркия инфрақұрылымы дамыған аса маңызды транзиттік ел екенін, осыны ескеріп, бауырлас елді «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатына атсалысуға шақырды. «Бұл біз үшін өте маңызды. Бүкіл Қытайдан, Орталық Азиядан Батысқа шығу Түркия арқылы жүзеге аспақ. Қытайдың шекарасынан біздің Каспий теңізіне дейін салынған 1500 шақырымдық теміржол салуды аяқтадық. Қазақстан арқылы өтетін Батыс Қытай 2700 шақырымдық автобан жолын салу аяқталды. Қазіргі таңда Баку порты кеңейтіліп жатыр. Біздің келіссөздеріміз бойынша, Қазақстан-Түркия индустриялық аймақтарын құру жұмыстары Қазақстанның бірқатар өңірінде жүріп жатыр. Бұл қадамдар екі елдің экономикалық әлеуетінің дамуына одан әрі серпін береді», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, қазіргідей алмағайып заманда Қазақстан Түркиямен бірге халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға дайын екенін білдірді. Осы орайда, XXI ғасырдың басты кеселі терроризммен күресу бағытында бірлесе жұмыс атқару қажеттігін атап өтті. Бұған қоса, Мемлекет басшысы бүгінде әскери және әскери-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың орнықты дамып келе жатқанын атап өтті.
Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев биыл Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы Тұрақты емес мүшелігіне сайланғанын айтып, осы орайда, қазақ еліне қолдау білдірген бауырлас Түркияға алғыс білдірді.
Қазақстан Президенті өз сөзінде мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастықтың артып келе жатқанын жеткізді. «Келер жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі өтеді. Бұл ауқымды шара баламалы энергетика саласындағы инновация мәселесіне арналған. Осы орайда, мен Түркия басшылығын, бизнес өкілдерін және бауырлас түрік халқын аталған шараға қатысуға шақырамын»,– деді Елбасы. Осылай дей келе, ол жалпы, қазақ-түрік қарым-қатынасын барлық салада нығайту үшін үлкен мүмкіндік бар екенін, бұл жерде түркі тілдес мемлекеттердің бірлігі ауадай қажет болатынын жеткізді. «Егер, бірлесіп жұмыстар атқаратын болсақ, біз алмайтын асу болмайды. Қазір Түркия үлкен белестің алдында тұр. Мен Түркияның алдағы уақыттағы бағыт-бағдары дұрыс боларына сеніммен қараймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Р. Эрдоған Қазақстан Президентіне қазіргідей қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсеткені үшін тағы да алғыс айтты.
Ләйлә Еділқызы.
(«Егемен Қазақстан»).