Тағдырлы арулардың тамаша мүмкіндігі
Қазақстан Республикасы мəслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай, облыстық мəслихат депутаттары «30 игі іс» науқаны аясында Қарағанды облысы жəне Ұлытау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №32 (АК-159/9) əйелдерге арналған орташа қауіпсіздік мекемесіне арнайы барып, ондағы нəзік жандарды 8 нау рыз əйелдердің халықаралық мерекесімен құттықтады.
Аталған мекеме облыс орталығынан 70 шақырымдық жердегі Көксу кентінде орналасқан. Əйелдер колониясы 600 адамдық. Қазіргі кезде 500 сотталушы жазасын өтеуде. Олардың ең көп саны Астана, Шымкент қалаларының, Түркістан, Жамбыл, Ақмола облыстарының тұрғындары.
Бір қуантарлығы, түзеу мекемесі əлемдік стандарттарға лайықталған. Қала ішіндегі қалашық типіндегі кешенде орта жəне кəсіптік білім беру ошақтары, кітапхана, тігін, кəдесый цехы, наубайхана, психология кабинеті бар. Өндірістік жəне тұрмыстық деп аталатын қос аумаққа бөлінген бұл жерде былайғы тіршілікке қажетті жағдайдың бəрі қарастырылған. Мұндай колония тұтас Қазақстан бойынша бесеу.
Əлеуметтік-мəдени даму жəне халықты əлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, депутат Қадиша Оспанова құттықтау сөзінде мұндағы арулардың барынша қысқа уақытта жарқын өмірге жолдама алуларына тілектестік білдіріп, мекеменің кітапхана қорына 100 жаңа кітап сыйға тартты.
– Өмірдің түрлі жағдайымен мұнда түскен жандар кітап оқып, көкірегін ағартса деген шынайы қамқор ниетпен келіп тұрмыз. Мекемені аралап жүріп, мұнда аруларымыздың мейлінше əлеуметтенуіне бар жағдайдың жасалғанын көзбен көріп тұрмыз. Əлбетте, түрлі деңгейдегі мінбеден əлі де талқылайтын мəселелер жетерлік. Біз салалық департамент басшылығымен бірлесіп, көкейкесті түйткілдерді оңтайлы шешу мақсатындағы қажетті құжаттарды заңнамалық негізде дұрыс шешілуі үшін Қазақстан Республикасы Парламентінің тарапына жолдауға ықпал етеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деп, əр тұлға оқуға тиіс деп санайтын отыз таңдаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Қазір осы бағытта маңызды бағдарламалар жасалуда. Біз де осы бастаманы қолға алып, кітап атты қымбат қазынамызбен табалдырық аттадық, – деп түйіндеді сөзін Қадиша Базарбайқызы.
Онан соң сөз тізгінін танымал əнші, облыстық мəслихат депутаты Меруеш Башай ханым алып, тебірене тілек қосты. Қазақтың қазмойын қасиетті домбырасымен Шəмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» деген əнін тамылжыта орындады. Маңызды кездесу соңы түзеу мекемесінің өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты.
– Нəзік жандардың жазасын мерзімінен бұрын өтеуіне терең мəн береміз. Əлбетте, қыз-келіншектердің санасын ізгілік атаулыға бағыттау мақсатында йога, кинотерапия сынды сантүрлі практикалық тұрғыдағы ақылкеңес берумен айналысамыз. Бастысы, осы жерде-ақ əркім табыс таба алып, оны жақын-жуығына не болмаса, талап-арыз негізіндегі қажетті берешегін төлеп, бостандыққа шығу мүмкіндігі ұсынылған. Гуманистік идеяны ту еткен мекемеге əр уақытта түрлі сала өкілдері бас сұғып, колонияның күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып жатады. Мəселен, жуық арада ашық есік күні өтпек, ол шарада жазасын өтеушілердің жақын-жуығы келіп қауышады, – дейді түзеу мекемесінің психологы Жаңагүл Бейсенбаева.
Қарағанды жəне Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығы, əділет полковнигі Бекболат Шəкіров депутаттар корпусының қылмыстық атқару жүйесіне мəн беріп, қамқорлық танытқаны үшін риясыз алғысын жеткізді.
– Иə, біз қолымыздан келген жақсы істерден қалыс қалмаймыз. Əйелдерді əлем құттықтайтын осынау жарқын күнде аруларымызға игілік қалаймыз! – деп түйіндеді сөзін Бекболат Еркебайұлы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz