Тағдырлар тоғысқан әлем
Ерекше қажеттілігі бар жастарға тең мүмкіндік беру – өркениетті қоғамның өлшемі. Бұл бағыттағы баянды бастама Тамақтану және сервис колледжіндегі оқу-өндірістік комбинатында да жалғасын тапты. Мұнда тағдырға мойымаған, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер болашағының іргетасын өз қолдарымен құруда. Бұл бағыттағы жетелі жобалар әлеуметтік әділет пен жауапкершіліктің іс жүзіндегі дәлелі болмақ.

Былтыр желтоқсан айында өңірден өрістеген «Кондитерлік іс» бағытындағы оқу-өндірістік комбинаты бүгінде нағыз шығармашылықтың қайнаған ордасына айналған. Қазірде мұнда ашық сабақтар лек-легімен өтеді. Әрі жай ғана есеп үшін емес. Күні кеше өз әлемі өздерінде, төрт қабырғаға қамалған жас буын бүгін көпшілік алдында еркін көсіледі. Қамыр илеп, тәтті-дәмді пісіріп, дәмді десерттерді өнер туындысына айналдырған өрендер қабілетті шектеу мүмкін емес екеніне көз жеткізді.
Теория мен тәжірибені қатар ұштастырған ұяда 14 пен 22 жас аралығындағы он жеткіншек кәсіби білім нәрімен сусындауда. Олардың арасында аутизм, Даун синдромы, есту қабілетінің бұзылуы мен ЗТГС диагнозы бар жастар бар. Алты айға созылатын бұл курс соңында олар біліммен қатар, ресми куәлік алып, сүрлеулі соқпақтан сытылып, даму жолына бет бұрады.
Жобаның басы-қасында жүрген «Bolashak Charity» қоры бұл игі істі ата-аналардың көкейіндегі мұң-мұқтаждан арылып, көптен бергі түйткілдің бір ұшпағының тарқатылғанына теңеді.
– Оқу-өндірістік комбинат даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер үшін, сондай-ақ, түрлі себептермен оқуын жалғастыра алмаған жігерлі жастар үшін мектеп пен колледж арасындағы аралық буын ретінде ойластырылды. Балалар мектеппен қатар түрлі сабақтарға қатысып, кәсіби дағдыларды шыңдай түседі. Әр жіктелген топта бірлесе жұмыс істеуді үйренеді және алғашқы мамандығын меңгереді. Біздің қор тек оқытумен шектелмейді. Түлектеріміздің тағылымдамадан өтіп, ертеңгі күні нан тауып жейтіндей жұмысқа орналасуына да мұрындық болады, – деді қордың әлеуметтік және инклюзивті бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Самал Әлбилекова.
Колледждегі өндірістік база заманауи құралдармен жарақталған, ал, ұстаздар қауымы инклюзияның қыр-сырын жетік меңгерген.
– Біз тек бәліш пісіруді үйрету емес, балаларға өз күшіне сенімділік сезімін және жетістіктерінен қуаныш алуды дарытуды міндет тұтамыз. Топта дамуында әртүрлі ерекшеліктері бар студенттер оқиды, сондықтан, әр тапсырманы кезең-кезеңімен, байыпты түрде түсіндіреміз, әрқайсысына көмектесіп, қолдау көрсетеміз. Оқушыға қателесуден қорықпайтын қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру аса маңызды, – деді өндірістік оқыту шебері Гүлнар Маматова.
Көптеген отбасылар үшін бұл жоба – үзілген үміттің қайта жалғануы. Соның бірі – 18 жастағы Ералы мен оның анасы Саида Ермағамбетқызы. Олардың «Bolashak Charity» қорымен таныстығы осыдан бірнеше жыл бұрын басталып, үлкен жетістіктерге ұласқан.
– Әлбетте, алғашқы жылдар оңай болған жоқ, бірақ, біртіндеп бейімделіп, қарапайым мектепте тоғыз сыныпты тәмамдадық. Қазір ұлым – техникалық-құрылыс колледжінің бірінші курс студенті. Мұнда ол аспаздық дағдыларын дамытып жүр. Ұлым дән риза. Үйренгенінің бәрін үйде де іске асырады. Жақында зімбір қосылған бәліш-печенье пісіріп, мұғалімдері мен сыныптастарына ұсынды. «Өз қолы өз аузына жетті» деген осы болар. Мұндай жобалар аутизмі бар жасөспірімдерге тек мамандықты меңгертпей, болашаққа деген сенімін де бағдарлайды. Ералы қазірдің өзінде аспаз болып жұмыс істегісі келетінін айтады, – деді Саида Ермағамбетқызы.
Алғаш рет Астанада бастау алған бұл жоба бүгінде Қарағанды мен Орал қалаларына қанат жайып, менталдық даму ерекшелігі бар жүзден астам жастың өміріне өзгеше бір серпін әкелді. Алдағы жоспар да ауқымды. Қанатқақты жобаны еліміздің барлық өңіріне тарату көзделген.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



