Руханият

Композитор Людмила Мельникованың «Мелодия судьбы» атты кітабының тұсаукесері өтті

Қала күніне орай Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ақын, жазушы композитор Людмила Мельникованың «Мелодия судьбы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Автордың 400 беттен тұратын мемуарлық еңбегінде оның өмір жолы, шығармашылық қызметі және тағдырындағы жарқын кезеңдер баяндалады.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Людмила Мельникова көп жылдар бойы қаланың музыкалық-әдеби өмірінің бел ортасында жүріп, 1970 жылдан бүгінге дейінгі аймақ тарихының бірқатар тарихи кезеңін оқырманға ұсынып келеді.

Кітапта қазақ және орыс тілдеріндегі тараулар, фотосуреттер, әріптестерінің естеліктері, педагогикалық қызметі туралы жазбалар, сондай-ақ, «Портрет глазами выпускников» бөлімі бар. Автор отбасы, оның тарихы мен дәстүрлері туралы да әсерлі әңгімелейді. Проза лирикалық әрі философия­лық өлеңдермен үйлесім тапқан.

Кітап автордың 70 жылдығына орай Қарағандыдағы «Арко» баспаханасында жарық көрді. Басылымға қала әкімдігінің мәдениет бөлімі мен Qasymkitap баспасы қолдау көрсеткен.

Кездесуге өңірдің белгілі ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері жиналды. «Магнит», «Поэтические кружева» әдеби бірлестіктерінің өкілдері мен ақындар Ольга Воротынская, Татьяна Ромашихина-Кравцова, Юлия Селиванова, Александр Ткаченко авторға арнаған өлеңін оқыды.

Астана қаласынан Қазақстан Жазушылар одағы Орыс әдебиеті жөніндегі кеңесінің Қарағанды бөлімшесінің жетекшісі Нұрлан Абильдин арнайы келіп, кітапқа жоғары баға берді және өз өлеңдерін оқыды.

Кездесуге кеш кейіпкерінің шәкірті Евгений Куликов те қатысып, ұстазына ыстық ықыласын білдірді.
Кітапқа Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен ҚЭУ студенттері де қызығушылық танытып, авторға сұрақ қойып, келелі әңгіме өрбітті.

Людмила Евгеньевна кітап туралы әңгімелеп қана қоймай, шәкірттерімен бірге авторлық әндерін орындады. Кітап көрмесіне оның жиырмадан астам жинағы, кітаптары мен дискілері ұсынылды.

Іс-шараны Н.Гоголь атындағы облыстық кітапхананың өнер бөлімі ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Автор қазірдің өзінде екінші мемуарлық кітабын жазуда. Өмір, махаббат және тағдыр әуені жалғаса бермек.

Жанерке ЖАҚЫПОВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ҰЗУ студенті

Басқа материалдар

Back to top button