Тағдыр мен тағылым
Қазақстан тарихының ең қайғылы да қаралы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық. Кеңес билігінің солақай саясаты 1932-1937 жылдары қазақ даласында зұлмат заман тудырған еді. Анықталған деректерге сүйенсек, бізде 100 мыңан аса адам нақақтан жазаланып, қуғын-сүргінге ұшырады. Соның 25 мыңы атылған екен. Оққа ұшқандардың дені – қазақтың бетке ұстар, көшбастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық Алаштың арда ұлдары еді.
Тіпті, халық саны көп емес Ақтоғай ауданында сол жылдары 235 адам жазықсыз жауапқа тартылған. Оған бірден-бір себеп – Алаш қозғалысының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақбаевтың осы өңірдің тумалары болғаны.
Жантүршігерлік, әділетсіз оқиғалар қазақ ауылдарының талайында көрініс тапқаны – тарихи шындық. Осыған қарсылық ретінде қазақ жерінде 370-тен аса бұқаралық көтеріліс пен наразылық болған. Оның ішінде, Абыралы, Созақ, Адай көтерілістері сияқты ірілерімен қоса, Балқаш-Ақтоғай өңірінде өткен Тоқырауын көтерілісі де бар. Қан жосамен басылған ереуілдер туралы деректер егемендікке дейін өте құпия сақталды.
2020 жылдың 24 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, жедел комиссия жұмысын бастап кеткен еді. Бүгінде комиссия жинаған әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша құжаттар мен материалдар негізінде құрастырылған 31 томдық кітаптар Президентке таныстырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғастырылуда.
Зұлмат кезеңде қатыгез қуғын-сүргін жантүршігерлік жайттардың айқын көрінісін кішкене ғана, 500 адамнан асар-аспас тұрғыны болған Ортадересін ауылының сол жылдардағы талайлы тағдырынан байқаймыз. Архивтерден табылған ресми құжаттардан білгеніміз: бір қылмыстық іс бойынша 1937 жылы жалған жаламен ортадересіндік 14 адам сотталып, оның алтауы өлім жазасына кесілген. Осыған орай, кейбір жайттарға аса көңіл аударғанды жөн санадық. Ондағы мақсатымыз – сол кездегі жазалаушы органдардың (Кеңес өкіметінің) құйтырқы саясатын, арам пиғылын, жымысқы істерін атап өту. Құрбан болған, кейін толық ақталған, кінәсіз әкелеріміздің адал атын ардақтау. Сол бір зымиян, қатыгез кезеңде де қарапайым ауыл адамдарының ішінен жеке басына төнер қауіптен қаймықпай, нақақтан жазаланған ауылдастарының еш кінәсіз болғанын көрсетіп, ақтауға жан салғанын айғақты етіп көрсету. Ол әкелерімен ұрпақтары мақтана алатынын нақтылау. Еш жазықсыз құрбан болған әкелеріміздің жан-жарларының 20 жылдай, тынбай сұрау салып, ерлерінің ақталып, тірі келетініне сеніммен өткеніне иіліп, тәжім ету.
Жауапқа тартып, іс жүргізгендер, ауылдастарымыздың тағдырын шешкен НКВД жендеттері көбіне өзге ұлт өкілдері болған (Духович, Зайнулин, Никитин т.б.), ал, қылмыстық іс тек орыс тілінде жүргізілген.
Біз әңгіме қылып отырған Қылмыстық іс бойынша жалған жаламен жазаланып, сотталған 14 азаматты атап айтсақ, олар (есім-сойы құжат бойынша жазылды) Касанхан Джанабергенов, Ахмет Исин, Қалай Айтжанов, Қасым Абильдинов, Амаргали Байжұманов, Қапас Иманбаев, Багорай Байжанов, Жасембек Шайкенов, Қабжан Молдаханов, Садық Махажанов, Абдрахман Ибраев, Ахметжан Давлетпаков, Шахабай Ильясов, Ильяс Рахимов.
Оның 12-сі – Ортадересіннің тумалары да, соңғы әкелі-балалы екеуі осы ауылдағы қосалқы шаруашылықтың қатардағы жұмыскерлері, яғни, Егіншілдік ауданының тумалары екен.
Бәрі де 1937 жылдың 20 желтоқсанында РСФСР-дің қылмыстық кодексі 58-бабының 9, 10 және 11-тармақтары бойынша жауапқа тартылған. Тергеуді жаңа ғана бой көтеріп келе жатқан Балқаш қаласының ІІХК (НКВД) бөлімшесі қозғаған. 7 күннен кейін қылмыстық іс Қарағанды қаласының қарамағына түсіп, ондағы «Үштік» жауапқа тартылғандардың алдыңғы алтауын ату жазасына кесуге үкім шығарған. Бұл үкім 11 күннен кейін орындалған. Қалған сегізін 10 жылдан бас бостандығынан айырып, концлагерьге кескен. Тергеу, сот құжаттарынан көріп-оқып, «концлагерь» деген ұғымның неміс фашистерінде ғана емес, Советтік мемлекетте де болған шындығын, жаныңыз түршіге еріксіз мойындайсыз мұндайда.
Жоғарыда аталған 6 азамат 1937 жылы іс қозғалғаннан кейін 18 күннің ішінде атылып кеткеніне қарамай, бәрінің іс-қағаздарында «для родственников – умер в 1942 году от гипертонии» деп жазылған. Сол кездегі Кеңес өкіметінің өкілдері 1957 жылға дейін шындықты жақындарына айтпай, жасырып келген. Жиырма жыл бойы Ахмет Исиннің жұбайы Ұлбөбек Исаева және Қапас Иманбаевтың жұбайы Қамила Иманбаева шешелеріміз үміттерін үзбей, бармаған жері қалмай, барлық инстанцияларға сұрау салумен болған.
Айта кететін бір жайт, аталған адамдарды жауапқа тартқан кезде Ортадересін шаруашылығына қастандық жасады деген бастапқы жаламен қоса 5 жыл бұрын өткен Тоқырауын көтерілісіне (байское восстание делінген) қатысқандарын теліп, алдыңғы алтауын атуға кескен.
Құжаттарды тереңірек зерттеу барысында сол кезеңнің әлі де болса, «сталиндік режимнің» ыдырамай тұрғанына қарамай, ауылдастар арасынан нақақтан айыпталғандардың кінәсіз екенін дәлелдеп, жиналыс жасап, жазаланғандарды ақтап сөйлеген қарапайым ауыл азаматтары Сағат Ақаев, Мәулен Бәкіров, Қабан Үмбетовтерді және «Тергеуші менің айтпағанымды өтірік жазыпты», – деген Мырзали Мұқановты, (кейінде елге сыйлы ақсақал болғандар, ол кезде қылшылдаған жас жігіттер) жүрек жұтқан батырлар екен дегіңіз келеді.
Әрине, адамның бәрі бірдей емес, өкінішке қарай, ел ішінде жауапқа тартылғандарды көрсетіп, жала жапқандар да бар еді. Ондай рөлді кейбіреуі өз ынтасымен атқарса, енді бірі ІІХК (НКВД) жендеттерінің зорлау, қинау қимылдарына шыдай алмағаны байқалады. Аттарын атамай-ақ қояйық. Жамандық ойлап, жала жапқандардың жазасы қайтсе де, жаратқаннан қайтатыны белгілі. Солай болды да.
Жоғарыда аттары аталған, жазаланған азаматтардың ісі 1957 жылы қайта қаралып, олар толығымен ақталды.
Осындай қуғын-сүргін кезеңінде жазаланып, шейт болған немесе ұзақ жылдар түрмеге қамалған әкелерімізді ақтау, ардақтау, тағдырынан сабақ алу – азаматтық борышымыз. Нақақтан жазаланып, құрбан болған ауыл азаматтарына Ортадересін ауылының бүгінгі тұрғындары, марқұмдардың ұрпақтары арнайы, ортақ құлпытас орнатып, кейінгі жеткіншектер біліп, тағзым ететін жағдай жасаса деген тілек білдіріп, оның орындалатынына үміттенеміз. Жазықсыз жазаланғандардың тағдыры – кейінгі ұрпаққа сабақ. Мұндай іс өлгенге емес, тіріге қажет!
Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,
Қуат БЕКМАҒАМБЕТОВ,
отставкадағы полиция полковниктері.