Жәукемдей берсек жөні болар деген жағдай біздікі. Тағы да сол TTS компаниясы туралы: оларға сотқа дейінгі талап арыз жөнелтілді. Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков шартта баяндалған талаптардың, атап айтқанда қоғамдық көліктің желіге шығу кестесі сақталмайтынын айтады.
Төзімі түгесілген Теміртау тұрғындары аталған тасымалдаушының жұмысына соңғы уақытта оқтын-оқтын наразылығын әлеуметтік желіде білдіруде. Бірінің албажақ автобустардың сыртқы кескін- келбетіне көңілі толмаса, бірінің аялдамаларда көп күткісі жоқ. 28 наурызда Өңірлік коммуникациялар алаңында Ораз Тәуірбеков қала әлеуеті жайлы сөз сөйледі. Қала әкімі компанияға сотқа дейінгі талап арыз тапсырылғанын айтты.
– Сотқа дейінгі хабарлама TTS компаниясына берілді. Өкінішке орай, олар автобустардың желіге шығу кестесін орындамайды. Осыған байланысты, заңнамада көзделгендей, сот тәртібімен талаптарды орындамаған жағдайда, олармен шарттарды бұзуды және жаңа, бәсекеге қабілетті тасымалдаушылар үшін босатылған маршруттарға конкурс жариялауды жоспарлап отырмыз, – деп түсіндірді қала әкімі.
Жалпы, Теміртау әкімі атап өткендей, шаһарда 14 қалалық маршрут, 5 тасымалдаушы қызмет атқарады. Ал олардың көп бөлігі TTS компаниясының иелігінде. Қалған төрт тасымалдаушы бағдарламаға сай жұмыс кестесін сақтап отыр. Автобустардың желіге шығуы олардың құрамынан кемінде 70% құрайды.
– Баршаға ортақ талап-бұл биылғы жылы, оның екінші тоқсанынан бастап электрондық қамтуды енгізу. Бүгінгі таңда біз осы жобаның белсенді кезеңіндеміз. Екінші мәселе – саябақты жаңарту, маршруттардағы сыйымдылығы төмен автобустарды үлкен сыйымдылықпен үлкенірек, орташа өлшемді автобустарға ауыстыру. Бұл барлық тасымалдаушылар үшін ортақ талап, – деп қорытындылады қала әкімі.
Әділет ШОПЕН.