Тәжірибе танымды арттырады
Ашық сабақтар – педагогтың кәсіби құзіреттілігін арттырудың маңызды бөлігі. Оның күнделікті сабақтан айырмашылығы әдістемелік жұмыстың арнайы дайындалған түрі, сонымен қатар, мұндай сабақтың барысында «шынайы» оқу үдерісі жүргізіледі.
Жақында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институты Балқаш қаласында «Оқытудың білімдік нәтижелеріне жету сапасын бағалау бойынша мұғалімнің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбында біліктілікті арттырудың көшпелі курсын өткізді. Бұл жолғы шара жаратылыстану математика пәні мұғалімдеріне арналды. Онда практикалық сабақтарды өткізу барысында тыңдаушылар №1 жалпы білім беретін мектептің базасында О.Клементьеваның тәжірибесін зерделеді.
Тәжірибелік сабақ әрбір оқушыны оқу үдерісіне, зерттеу дағдыларына, диалогтық оқыту әдістеріне, оқу жетістіктерін критериалды бағалау тәсілдеріне және топпен жұмыс істеуге баулуға бағытталған. Ашық сабақтың соңынан қатысушылар нақты жағымды сәттерді анықтап, оқу үдерісінің сапасын жақсарту бойынша ұсыныстарға сараптама жасады.
«Қалайша дұрыс мақсат қоямыз? Оларға қалай қол жеткізуге болады? Ол үшін қандай құралдар қажет?» сыңайдағы мәселелер физика пәнінің мұғалімі Г.Адрейсованың «Нақты мақсат – нақты әдіс – нақты нәтиже» тақырыбындағы коучингінде қозғалды.
Педагогтардың өз-өзін кәсіби жетілдіру, шығармашылық әлеуетінің өсуін ынталандыруға жағдай жасау мақсатындағы коучинг төрт кезең бойынша жүргізілді. Олардың әрқайсы да мұғалімнің тұрақты дамуына бағыттаған. Тыңдаушылардың айтуынша, коучинг мұғалімдердің кәсібилігін дамытудың жақсы тәсілі болып табылады, ол тек дамуға, жақсартуға, алға басуға, ең жақсы жолдарды табуға дайын адамдар үшін тиімді.
Көшпелі практикалық сабақтар нәтижесінде қатысушылар осындай іс-шараларды өткізу мұғалімдердің кәсіби өзін-өзі оқыту тиімділігін арттыруға, сабақтардың сапасын жоғарылатуына және тиімді педагогикалық тәжірибені таратуына жағдай жасайтынын атап өтті.
С.ТАШЕТОВА,
БжБС кафедрасының аға оқытушысы.
Ж.РАХИМОВА,
Абай атындағы
№2 лицейдің мұғалімі.
БАЛҚАШ қаласы.