«Тұздыкөл» «Сасықкөлге» айналды
Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентінің тұрғындарын экологиялық жағдай алаңдатып отыр. Бұл өңірде онсыз да адам баласын аңдыған апат көп. Дені – адамның қолымен жасалған жасанды апаттар. Бірі – он жылға жуық далаға ағып келген кәріз суы еді. Енді, Шашубай кентінің маңындағы бұрынғы «КазЗолото» кәсіпорны аумағында қорғасын зауытын салу туралы шешім ел іргесін жау тигендей қылды. «Сынық түймеге – қисық иненің» кері болған бұл мәселенің анық-қанығын білуге Шашубай кентіне арнайы бардық.
Шашубай кентінің әкімі Даниал Исбековтің айтуынша, қоғамдық резонанс тудырған кәріз жүйесі кезінде «Балқашбалық» ЖШС-нің меншігіне өтіп кеткен. Ал, зауыт салуға бекінген алматылық кәсіпкер бос тұрған аумақты сатып алып, тиісті орындардан рұқсат қағаздарын алған.
– Тоқсаныншы жылдары тоқырау келгенде талай дүние жеке адамдардың меншігіне айналды. Сол уақытта кәріз суын айдайтын насос стансасы «Балқашбалық» ЖШС еншісінде кетті. Қазір біз аталмыш стансаны пайдаланғанымыз үшін төлем төлеп отырмыз. Оны сатып алуға қомақты қаражат керек. Кеңес өкіметі кезінен келе жатқан насос стансасы алдымен 15 млн. теңгеге бағаланды. Кейін құны 30 млн. теңгеге жетті. Бүгінгі күнде кәріз жүйесі жабдығымен 110 млн. теңгеге бағаланып отыр. Құбыр жүйесі ауыстыруды қажет етеді. Әбден тозығы жеткен. Шашубай кентіне қарасты 7,5 шақырым көлемінде кәріз жүйесі бар. Сол үшін халық төлем төлеп отыр. Қарызына байланысты станса электр көзінен ажыратылғанда кәріз суы кері, «Тұздыкөл» атанған көлге қарай ағады. Электр жүйесі «Ақтоғайэнерго» мекемесіне қарайды. «Казэнергоцентр» ЖШС төлем ақшасын жинап алушы мекеме ретінде отыр. Желілерімізге ешбір жөндеу жұмысын жүргізбейді. Бұл жерде, тіпті, электрші маман жоқ. «Балқашэнерго» мекемесінің қызметіне жүгінеміз, – дейді әкім Даниал Исбеков.
Шашубайлықтардың қалтасына салмақ салған кәріз суы енді далаға жайылып аға берсе, өңірдің экологиялық ахуалын нашарлататыны анық. Мұны талай мәрте мәселе ретінде әкім көтерген. Алайда, қаржы – қолбайлау.
Сонымен қатар, аудандық әкімдік Балқаш көлінің маңына қорғасын зауыты салынбайтынын мәлімдеді. Әкімдік жауабына сүйенсек, Шашубай кенті маңындағы бұрынғы «КазЗолото» кәсіпорны аумағына Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорнынан қорғасын ұнтағы тасымалданып, бүгінгі күні жабық ғимарат ішінде сақталуда. Қорғасын зауытын алматылық «LEM&ka» ЖШС ашпақ болған. Осы жылдың мамыр айында нысанда арнайы зертханалық тексеріс өткізіліпті. Бірақ, ешқандай зиянды зат анықталмаған. Кәсіпорын басшыларының қолында жұмыс жүргізуге арналған рұқсат етілген толық құжаттары бар. Десек те, «КазЗолото» аумағында зауыт не болмаса фабрика ашылмайды. Кейін кәсіпорын басшылары мәлімдегендей, ұнтақ Семей қаласына жөнелтіледі.
Осы бағыттағы мәселе бойынша барлық құжаттар көшірмелерін ұсына отырып, аудан әкімі атынан облыс прокуратурасына хат жолданды.
Бірақ, биліктің бұл жауабына жергілікті жұрттың көңілі толмай отыр.
– Шашубай кентінде проблема жеткілікті. Экологиялық мәселе ушығып тұр. Біз ауылымыздың іргесінен, көлдің жағасынан зауыт-фабрика салғанына қарсымыз. «КазЗолото» аумағында сақталатын қорғасын ұнтағының зиян келтірмесіне кім кепіл?! Егер, демалыс орны немесе шипажай сияқты нысан ашса, қарсы емеспіз. Балқаштың ақшағыл құмы мен жадыраған күнін неге туристерді тартуға жаратпасқа?! Жығылғанға жұдырық деген. Он жылдан бері кәріз суы далаға ағып, тұрғындардың тынышын алды. Бір кездері ел аузында «Тұздыкөл» атанған жер «Сасықкөлге» айналды. Баяғыда науқастар бұл жердің сазына аунап, дертіне шипа тапқан. Сәуір айы бойы, одан кейін 13 мамырға дейін насос стансасына тоқ берілмей, лас су далаға ақты. Сасық иіс, кәріз суы тұрғындардың денсаулығына зиянды екені бесенеден белгілі, – дейді Шашубай кентінің тұрғыны Фарида Құрышева.
Маман пікірін білмек мақсатта Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Ерғалиұлына хабарласқан едік. – «КазЗолото» аумағында орналасқан өнімдер арнайы зертханалық тексерістен өткізілді. Ол жерде ешқандай адам өміріне зиянды зат анықталмады. Ал, кәріз суына байланысты тексерісті жүргізу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жолданды, – деді лауазым иесі.
Мақаламызға арқау болған аумақты аралап, көзбен көрдік. Үш мыңға жуық халқы бар кенттің кәріз суын айдайтын насос стансасының тозығы жетіп тұр екен. Әлдеқашан ауыстырылуы тиіс жабдықтар әупіріммен істеп тұр. Кәріз суының далаға, көлге қарай ағуы тоқтаған. Бірақ, ертең насос істен шықса, жұрттың берекесін тағы алары сөзсіз.
Бұрынғы «КазЗолото» кәсіпорнының аумағында болдық. Жұмыс тоқтап тұр. Күзетшісімен тілдесіп, кері қайттық.
Шашубай кентінің экологиясына қатысты ақпараттар бүгінде ел арасындағы түрлі алып-қашпа әңгімеге негіз болып үлгерді. Екі шоқып, бір қарайтын мәселе болғандықтан біз тұрақты назарымызда ұстаймыз.
Нұрдос КӘРІМ,
АҚТОҒАЙ ауданы.