АймақБұқар жырау

Флейтаны алғаш қазақша сөйлеткен кім?

Қазақтан шыққан тұңғыш флейташы, профессор Қайролла Акрамханұлы егер тірі болса, биылғы 23 тамызда 70 жасқа толар еді. Соған байланысты дәл сол күні оның туған жері Төрткөл аулының клубында Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінің бастамасымен “Флейтаның сазды үні” атты еске алу кеші өтті.

Суреттерді түсірген Жанұзақ Макишев

Осы ауылда туып-өскен Қайролла Алматы қаласында Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебін тәмамдаған соң Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияны бітіріп, Мәскеудің П.Чайковский атындағы консерваториясының аспирантурасын аяқтаған. Жасынан флейтаны жанына серік еткен ол сазды әуендерін сызылтып, сол өнерінің арқасында әлемнің түкпір-түкпіріне танылып, “Қазақстанның алтын флейтасы” атанды. Қазақ Ұлттық музыка академиясының профессоры болып, қаншама шәкірттерді осы өнерге баулып, тәрбиеледі.

Қайролла Акрамханұлы өзінің 53 жылдық қысқа өмірінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, шығармашылықтың шыңына шықты. Ол халықаралық Мирн Браун атындағы қордың Құрметті сыйлығын алып, КСРО Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамоталарымен, “Ерен еңбегі” үшін медалімен марапатталған.Ол Қазақстан ғана емес, Австрия, Франция, Италия, Ресей, сияқты әлем мемлекеттерінің сахналарын флейтасынан төгілген сиқырлы сазымен жаулап, тыңдармандарын хас дарынымен баурап алған бірегей өнерпаз болатын. Өкінішке орай, 2008 жылдың 29 желтоқсанында оның сыршыл да нәзік жүрегі кілт тоқтап, ел-жұрты қайғыра жоқтап, денесі туған топырағына тапсырылып, жерленген еді.

Міне, содан бері өткен 17 жылда оның жарқын бейнесі мен өлмес өнері елінің есінде екенін осы өткен кеш те көрсеткендей. Онда Үміткер ауылдық округінің әкімі Ерсін Зәлелов, осы Төрткөл ауылдық клубында ұзақ жылдар меңгеруші болған еңбек ардагері Ақлима Ниязбекова, Қайролла марқұмның туған қарындасы Сәуле Акрамханқызы ол жайлы жүрек тебірентерлік естеліктер айтып, жергілікті және аудан өнерпаздары үлкен концерт қойды. Кешке жиналған халық Қазбек Талашев, Зәуре Төлеубаева, Қайролла Маемеров, Жұмағали Елжанов, тағы да басқа өнерпаздар шырқаған әндерге қошемет көрсетіп, қол соқты.

Тұңғыш флейташыны еске алу шарасы оның осы Төрткөл аулындағы қабіріне дұға оқып, тағзым етумен түйінделді.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button