Бас тақырыпБасты тақырып

«Бақыт құшағында» мюзиклы 23 қазанда кинотеатрлардан көрсетіледі

Қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында жаңа мюзикл фильм экрандарға жол тартпақ. Фильмнің бас продюсері әрі режиссеры New York Film Academy түлегі Санат Шапашовтың мәліметінше, фильм үшін арнайы Ш. Қалдаяқовтың 13 әні симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылады.

Сурет atamekengazeti.kz

Фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау көрсетуде. Бұл режиссердің дебюты. Осыған дейін Санат Шапашов үлкен музыкалық тв жобалар арқылы және «Казахи» КВН командасы резиденті ретінде танымал.
Фильм түсірілімдері үшін арнайы Голливудтың әйгілі кинотуындыларын түсірген инновациялық кинокамера алдырылды.
Фильм бір айдың ішінде толығымен қазақ тілінде және эпизодтар елорданың көркем жерлерінде түсірілген. «Бақыт құшағында» jukebox мюзиклы үшін бір түсірілім алаңына 230ге жуық актер бас қосқан ең үлкен массалық көріністер бар. Бұл кадрда бишілер Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі әніне би эпизодтарын орындайды.

Сонымен қатар, фильмде 80 адам бірден қатысқан массалық көріністер де түсірілген болатын. Арнайы хореограф фильмдегі билерді бір ай көлемінде арнайы қойып, дайындықтан өткізді.
Мюзикл қазақ киносы тарихында көрермен үшін мәдени, ақпараттық танымға жол ашатын көркем туынды ретінде өз орнын алады деген сенім бар.
Кинолента қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарының өзекті мәселелері, махаббатқа сенім мен адал достық тақырыбын тереңінен аша түседі. Идеологиялық миссия ретінде анаға құрмет, отбасы институтының беріктігі, адал мінез бен шынайы қарым-қатынас тақырыптары да таңдалды.
Басты рольдерде Дәурен Серғазин, 5 жылдық үзілістен кейін үлкен киноға оралған Әлия Әнуарбек, Шахмұрат Ордабаев, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Айнұр Ильясова бар.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button