Тұғырлы тұлға тағылымы
Қарағанды қаласында әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай түрлі іс-шара өтуде. Атап айтсақ, Н.Гоголь облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ғалымның мол мұрасына арналған «Ұлттың ұлы перзенті» тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Аталған көрменің көркі мен көрінісі көңіліңе күй ойнатпай қоймайды. Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің ұлт жолында жасаған орасан зор еңбегін түгел сипаттамаса да, бірталай зерттеулерінің жемісі сол көрмеде қаз-қатар тізіліп тұр. Баға жетпес бұл рухани құнды көрмеден ұлттың ұлы перзентінің тағылымға толы ғұмырының сан-қилы соқпақтарымен де танысуға болады.
Мұнда жазушы Медеу Сәрсекенің «Сәтбаев» кітабы, «EGEMEN QAZAQSTAN» газетіне жарияланған ғалым туралы мақалалар һәм альбом-кітаптар және басқа да деректер қойылған.
Тіпті, ұлттық ғылымның қалыптасуы мен өркендеуі жолына өлшеусіз үлес қосқан академикке арналған «Қаныш Қазына» фильмі жайлы да тың ақпараттар бар. Өзінің туған елі мен жерін, атамекенін ардақтайтын әрбір патриот азамат, осындай өр тұлғалы мақтаныштарының еңбек жолымен таныс болуы тиіс.
Бұл көрме осы тұрғыда ұлттың ұлылары мен қазіргі жас буынды байланыстыратын көпір болып тұр.
Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің II курс студенті.