Тұғырдағы тұлға
Еңселі азамат. Елеулі тұлға.
Халықшыл шенеунік. Сыршыл ақын.
Қаламы жорға журналист.
Ұлытаудың ұлы.
Айналасына нұрын шашып жүретін жақсы ағам – Ақкем!
Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы Ахат Құрмансейітовті Арқа жұрты осылай ардақтап, мұқым қазақ құрмет тұтады.
Ол – лайықты!
Елін сүйеді, халқын қадірлейді. Асыл жары Тәслима жеңгеміз де, алтын асықтай ұлдары ел игілігіне қызмет етіп, ел алдында еңселері биік жүр. Ұлытау жастарының жетекшісі болып басталған қызмет жолы мемлекеттік қызметте абыройға бастап, шығармашылық жолда шыңдалды.
Қазыналы Қаражал қаласына да ат шалдырып, қалалық газетте бас редактор болды. Қала әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды.
Қарағандыға қоныс аударып, шығармашылыққа ден қойды. Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болды. Ешкім оған «Қайдан келдің?» деген жоқ. Адал пейілі өлең болып өрілген, парасатты ойы көсемсөздің шоғын көсеген Ахат ағамды ешкім жатырқамады.
Кейіннен туған жерге ту тікті. Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің екі тізгін, бір шылбырын берік ұстаған ол – қазір аудандық мәслихат төрағасы.
Өз тұғырына қонған нағыз қайраткер тұлға!
Алпысқа алқынбай келді. Бұл белес Ақкем өмірінің тал түсі болсын!
Алқынбаңыз, Аға!
Жарқылдаңыз, жақсы Адам!
Нұргүл ШАМАЕВА.