Тұғырда –тегеурінді асқақ өлең
Қарағанды топырағында дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВ жырлары қайта түледі. Ақынның өзі айтпақшы, «жер сарайын жаңғыртып келген бақытты ұрпақ» бейсенбі күні дүниеге ақын мұраларын паш етті. Қасымның әндерін айтып қана қоймай, жырларын жатқа оқып, өлеңге таласы бар оқушылар дауылпаз аталарын жырмен әспеттеді.
Былтыр Арқадағы рухани орта жылды Қасымның 105 жылдығымен қорытындылаған. Ақын рухының құрметіне жер-жерде түрлі әдеби-мәдени шаралар, жыр мүшәйралары ұйымдастырылғаны әмбеге аян. Сол игі дәстүрдің ізін суытпай биыл қалалық білім бөлімі мен №92 гимназия ұжымының «Жасын ғұмыр – Қасым ғұмыр» атты І қалалық Қасым оқуларын ұйымдастырғаны – ақылға қонымды айтарлық іс болды. Аталған мекемелерге риза болған біз көзімізді жұмып, аузымызды ашып қайттық. Байқауға қатысушы жүзге тарта оқушы таңертеңнен кешке шейін «Ей, тәкаппар дүние, Мағанда бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен – қазақтың баласы!» деген сарындағы Қасым мұраларының қайсар рухын жаңғыртты.
Бұған дейін Қасым оқулары ескерткішінің алдында бейресми ұйымдастырылып жүргенімен, қалалық деңгейде бұлай ресми өтуі тұңғыш рет. Қарағанды мектептері бойынша мұнда балағының биті бар жүзге жуық оқушы қатысты. Қала көлемінде алғаш ұйымдастырылған шараға аз емес. Келер жылы жүз елу, екі жүзге дейін артуы мүмкін. Өйткені, ақын жырларын жатқа оқушылардың әрқайсысы кемі жиырма өлеңнен, алды жүз өлеңге шейін жаттапты. Бұл жастардың Қасым жырларына деген махаббаты. Тез әрі оңай жатталатын дауылпаз жырлары асқақ рух пен азаттықтың жаршысы екенін әдебиет пәнінің мұғалімдері білсе керек.
«Қасым оқуларына» қатысқан талапкерлердің отыздан астамы ақынның қайсар рухты өлеңдерін жатқа оқып жарысса, енді осындайы әндерін шырқады. Қалған отызы – ақын рухына арнау жазып келген болашақ ақындар екен. Мәнерлеп жатқа оқу мен ән салудың жарысы өз алдына, бұл жолғы мүшәйра талабы жоғары болды. Онда қазылық етуші Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай, Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын Айнұр Жаппарқұлова 32 талапкердің ішінен әуелі 20-сын екшеп алды. Жеке кабинетке жинап алып оларға «Қыс», «Гүл», «Домбыра» тақырыптарын ұсынып, сол жерде 20-30 минут аралығында бір-екі шумақтан өлең жаздырып сынады. Сөйткенде өлеңге бейімі барлары бірден анықталып шыға келді.
Қасым өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу – «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» кезеңінде де қазылар қалалық білім бөлімінің әдіскерлері Г.Жаркеева мен К.Аймағанбетова, Қарағанды облысы Тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері Ж.Жақанова, республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының жауапты хатшысы, жазушы А.Мырзахмет, №53 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Г.Шоланова талапты жоғары қойды. Ең кемі 20 өлеңнен жаттап келген оқушылардың әрқайсынан он жырдан сұрады. Жатқа оқып бастап берген оқушыны тоқтатып қойып, өлеңнің ортасындағы бір жолын айтып, жалғастыруын талап етеді. Өлеңді жатқа оқушы әрбір үш талапкерден соң Қасым әндерін орындау сайысы – «Жыры қалды жүректе жарқылдаған, Үні қалды құлақта саңқылдаған» кезеңінің әр үміткері бір әннен салып отырды. Оған №77 мектептің музыка пәнінің мұғалімі С.Жұматова төрелік етті.
«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, осы орайда №92 гимназия ұжымының еңбегін айтпай кетуге тағы болмайды. Гимназия директоры Айман Мусина бастаған ұжым мүшелері, атап айтқанда гимназия әкімшілігі, кафедра жетекшілері, ұстаздар қауымы, үйірме жетекшілері, кітапханашылар тегіс бір кісідей ат салысып, тап-тұйнақтай етіп өткізді «Қасым оқуларын». Әуелі шара шымылдығы түрілгенде, мектеп қабырғасындағы мұражайда «Дала әуені» атты этно-мәдени көрмені тамашаладық. Онда оқушылар ақын шығармашылығына байланысты деректі-сазды көрсетілім қойды. «Қасым оқулары» аясындағы шағын концертте оқушылар өнер көрсетті. Осының бәрі жоғарыда аты аталған директор мен ұжым арқасында ұйымдасып жатты. Республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының демеушілік жасап, жүлдегерлерге сыйлықтар табыстады.
Басты бір мәселе, ашылу салтанатында сөз сөйлеген Гүлназ Жаркеева құттықтау лебізінің арасындағы қаланың қақ ортасынан бір мектепті, әлде осы гимназияны Қасым есіміне еншілесе тіпті, қатып кетер еді, деген ұсынысын көпшілік те қолдап ала жөнелді. Дауылпаз ақын атындағы кабинеттің ашылуын келесі жылы өтетін ІІ Қасым оқуларына орайластырса нұр үстіне нұр болар еді. Жеңімпаздарды Қасым ескерткішінен бастап Қарқаралыдағы, Қасым ауылындағы мұражайларға, туған жеріне, «Қасым» құдығына апаруға мүмкіндік жасалса, қандай тамаша! Арнайы стипендиялар тағайындалса байқаудың ауқымы кеңейіп, оқушылардың ынтасы артар еді…
Сонымен, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» – Қасым шығармаларын жатқа оқу аталымында бас жүлде №74 мектеп оқушысы Аружан Мағазға, І орын Айару Дәулетке, қос бірдей ІІ орын №92 гимназия оқушысы Ерлан Байжұманов пен Ділназ Мұратқа (№61 мектеп), ІІІ орын Абзал Егінбаев (№36 мектеп), С.Айтмағанбет (№77 мектеп), Нұрәсем Иманғалиеваға (№4 Мектеп) бұйырды.
«Жыры қалды жүректе жарқылдаған, Үні қалды құлаққа саңқылдаған…» атты Қасым әндерін нақышына келтіріп орындау номинациясының бас жүлдесін Өркен Миров (№76 мектеп), І орын Томирис Есенғалиева (№41 мектеп), ІІ орын Диас Садывахас пен Нұржан Мұхаммед, ІІІ орынды Ислам Абдуап (№77 мектеп), Ақерке Жұмағұлова (№39 гимназия) мен Ілияс Қабдырай (№68 мектеп) өзара бөлісті.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты жас ақындар мүшәйрасының бас жүлдесіне А.Ашамаева (№41 мектеп), І орын Саяжан Қанатова (№6 мектеп), ІІ орын Шұғыла Испанова (№65 мектеп) мен Шыңғысхан Тұрғанбеков (№17 мектеп), ІІІ орынға Расулолла Ғабиболла (№23 мектеп), Ардана Мырзанова (№61 мектеп) мен Диана Саинова (№8 мектеп) лайық деп танылды. Шара соңында Мирас Асан, Жанат Жаңқашұлы, Жадыра Байбұланова, Аян Мейраш, Ерік Нарын мен Әділет Шопен сияқты жас ақындар өлеңдерін оқыды.
Басты бір мәселе, ашылу салтанатында сөз сөйлеген Гүлназ Жаркеева құттықтау лебізінің арасындағы қаланың қақ ортасынан бір мектепті, әлде осы гимназияны Қасым есіміне еншілесе тіпті, қатып кетер еді деген ұсынысын көпшілік те қолдап ала жөнелді.
Жәнібек ӘЛИМАН