Спорт

Тұғыр – төзімдінікі

Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында жеңіл атлетикадан Орталық Азиядағы ең ірі жарыстардың бірі – Ғұсман Қосановты еске алуға арналған XXXIV халықаралық турнир өтті. Биылғы жарысқа 17 елден 214 спортшы қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Облысымыздың намысын 11 спортшы қорғады. Олардың оны Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушілері, ал, біреуі Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернатының оқушысы. Облыс құрамасы жарысты жоғары нәтижемен аяқтап, 1 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.

Бұл турнир – күзде Жапонияда өтетін әлем чемпионаты алдындағы маңызды рейтингтік жарыстардың бірі. Мұнда жиналған ұпай саны жерлестеріміздің әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігін арттырады.

– Қарағандылық спортшылар өте жақсы нәтиже көрсетті. Облыс­та жеңіл атлетика тұрақты түрде жанданып келеді. Биыл біз Қазақстанның Жастар ойындарында қатарынан төртінші рет чемпион атандық, – деді Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Андрей Агеев.

Бапкердің айтуынша, мемориалда Аделина Земс ерекше көзге түсті. Ол сайыстың екі түрінен бірінші және екінші орындарды жеңіп алды, сондай-ақ, 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде күміс медаль иеленді. Осылайша, әлем чемпионатына жетпей тұрған рейтингтік ұпайларын толықтырды. Алда жерлесімізді Ташкент пен Словакиядағы жарыс­тар күтіп тұр. Осы бәсекелерден кейін оның әлем біріншілігіне жолдама алатыны анықталмақ.

Әлемдік додаға қатысу мүмкіндігін Мария Ефремова да иеленді. Ол үш рет секіру және эстафетадан екі күміс медальға қол жеткізді.

Жарыстың ең жас қатысушысы – 18 жастағы Милана Зубарева. Ол 400 метр қашықтықта күміс жүлдегер атанып, жеке рекордын жаңартты. Бұған дейін Милана Азия чемпионатында екі мәрте жүлдегер атанды.
Сондай-ақ, жүлдегерлер қатарында Виталий Земс, Алина Чистякова, Евгений Прокудин және Валерия Сафонова бар.

Ғұсман Қосанов атындағы сайыс – World Athletics Continental Tour Bronze деңгейіндегі халықаралық турнир. Ол осы жеңіл атлетика сайысынан осы маусымдағы маңызды кезеңдердің бірі.

Әйгілі Ғұсман Қосанов – КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, 1960 жылы Римде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Оның есімі Олимпиадада жүлде жеңіп алған алғашқы қазақстандық атлет ретінде ел тарихында таңбаланды. Алматыда оның құрметіне арналған халықаралық жарыс жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button