Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған марапаттар Қарағанды полицейлеріне табысталды
Қарағанды облысының полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында халыққа қызмет етуге және өңірдегі құқықтық тәртіпті сақтауға күш беретіндерді, ІІО ардагерлерін және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің аналарын құттықтады.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек полиция қызметкерлеріне құттықтау хат жолдап, егемендікті нығайтудағы ішкі істер органдарының ерекше рөлін атап өтті. Көшелердегі тәртіп пен азаматтардың өз қауіпсіздігіне деген сенімі олардың кәсібилігі мен нақты жұмысына байланысты.
– Биыл ішкі істер органдарының қызметкерлері бірқатар резонанстық қылмыстарды ашты. Сіздердің адал қызметтеріңіздің арқасында өңірдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп, әлеуметтік-саяси тұрақтылық қамтамасыз етілді. Сіздерді еліміздің Тәуелсіздік күнінің 30 жылдығымен құттықтаймын. Қарағанды облысының Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы мен ардагерлеріне зор денсаулық, амандық және жаңа кәсіби табыстар тілеймін! – деп құттықтады өңір басшысы қатысушыларды.
ҚР Президентінің Жарлығымен қызметтік және әскери міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен Қарағанды облысы ПД бастығының кеңесшісі Болат Ахимбеков, Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Мұқанов, Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Афанасий Ли, оқу взводының командирі Бағлан Файзулин және штаб бастығының орынбасары Евгений Киндяков марапатталды.
Осы жылы көзге түскен полицейлер Ішкі істер министрлігі мен Қарағанды облысы полиция департаментінің наградаларына ие болды.
Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін олар ведомстволық наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
– 20 жыл бойы менің қызметімде елеулі өзгерістер болды, – деді марапатталғандардың бірі – Қарағанды қаласы полиция басқармасының жедел-криминалистикалық бөлімшесінің бастығы Денис Сафонов. – Бұл полиция қызметкерлерін материалдық қамтамасыз етуге және олардың кәсіби міндеттерін орындау кезіндегі ыңғайлылығына қатысты. Қазіргі уақытта Қазақстан полициясы қойылған міндеттерді орындау үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, зор денсаулық және Отанымыздың игілігі үшін қызмет етулеріңізге тілектеспін!
Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин барлық жеке құрамның атынан аналары Валентина Истомина мен Камиляш Тайгожинаға «Ерлігі үшін» медалін табыстады. Арнайы мақсаттағы ротаның мергені Александр Истомин мен қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы Алданыш Тайгожин қарулы қылмыскерлерді ұстау кезінде қаза тапты.
Салтанатты рәсім соңында ІІО еңбек сіңірген ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Оларға мамандыққа берілгендігі және жас мамандарды тәрбиелегені үшін, сондай-ақ ішкі істер органдары жүйесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтылды.
– Қаза тапқан қызметкерлер мен ардагерлердің аналарына ерекше алғыс білдіреміз, – деді Ерлан Файзуллин. – Адам өмірі мен тағдыры біздің жеделдігіміз бен кәсібилігімізге байланысты, біз оны күн сайын есте сақтауымыз керек.