Тәуелсіздікке – тәбәрік
Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист Төлен ТІЛЕУБАЙДЫҢ «Тәуелсіздік – тұмарым» кітабының таныстырылымы өтті. Онда автордың өзі қатысып, оқырмандарымен ой бөлісті.
Аталған еңбекте қазақ баспасөзінде кейінгі 15 жылда жарық көрген сұхбат, сараптамалық мақала, репортаж, журналистік зерттеу, шағын ой-толғаулар, сондай-ақ, публицистикалық шығармалар топтастырылған. Бұған дейін «Аласапыран Америка» (2006 жылы) атты тұңғыш кітабы жарық көрген автор бір жазбасында: «Алаш аңсаған азаттықты, Тәңір сыйлаған Тәуелсіздікті тұғырына қондыруға, өз дәрежесінде ұлықтауға қазақ баспасөзінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жиырма бес жылда қазақ баспасөзі қара халықтың мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Ар-намысына араша түсті. Ұлтқа, ұлттық мүддеге «тас лақтырғандарға» сөзбен «соғыс ашты». Ел қуанғанда шаттанды, ел мұңайғанда жұбатты. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктің таңы атқаннан бері елдік, мемлекеттік мүдделерге жан-тәнімен қызмет етті. Сол себептен кітапты шығаруда қазақ қоғамында айтылған өткір пікір, тұшымды ой, парасатты сын, жанашыр тілекті таспаға бастырып, тарихтың парағында қалдыруды мұрат еттім», – дейді.
Кітап Тәуелсіздік жылдарында қазақ баспасөзіндегі сөз бостандығы мен пікір алуандығының жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетуімен де қызықты. «Саясаттанушы Ерлан Қаринның: «Тәуелсіз мемлекетті тек азат ойлы азаматтар құрады» деген сөзі бар. Азат ойлы қоғамға айналамыз десек, сұхбат беретін адам да, оны жазатын адам да оқырманның ақиқатты білу, азат ойды жеткізу құқын қастерлеуі керек», – дейді журналист. Жаңа кітап Астанадағы «Bagorda» баспасынан басылып шықты.
Жәнібек ӘЛИМАН