Тәуелсіздік және тұлғалар (Оралбай Әбдікәрімұлы 80 жаста)
Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихындағы айтулы тұлғалар мен олардың ел дамуына қосқан үлесін бағалай білу еліміздің ертеңі үшін маңызды. Әрбір тарихи кезеңде ұлтты алға жетелейтін ардақты азаматтар болады. Олар – саясаткер, ғалым, жазушы немесе қарапайым еңбек адамы болсын, елінің жарқын болашағы үшін аянбай қызмет еткен тұлғалар.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетіміз көптеген сын-қатерлерге төтеп беріп, жаңа даму жолына түсті. Осы кезеңдегі тұлғалардың рөлі мен еңбегі, олардың болашақ ұрпаққа қалдырған мұрасы – біз үшін аса құнды.
Тәуелсіздік қазақ халқының баға жетпес құндылығы, бәрінен де қымбат асылымыз. Ата-бабаларымыз аңсаған, қан мен терін төккен тәуелсіздікке қол жеткізген де, оның тұғырлы болуына аянбай еңбек қаншама адамдар мен олардың тағдырлары тарих қойнауына сүңгіп кетті. Көбінің есімдері көлеңкеде қалып қойды.
Біздің ой толғауымызға арқау болып отырған тұлға Оралбай Әбдікәрімұлы. Бір жағынан мемлекетіміздің дамуына үздіксіз қызмет жасаған саяси және қоғам қайраткері. Екінші жағынан адамгершіліктің, зиялылықтың, қарпайымдылық пен кішпейілдіктің үлгісі болар тұлға. Ендігі кезекте Оралбай Әбдікәрімұлының ел тәуелсіздігін нығайтудағы өмір белестеріне тоқталып өтейік.
Оралбай Әбдікәрімұлы – 1944 жылдың 18 желтоқсанында Қарағанды облысы Нұра ауданында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін, Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын шопандықтан бастаған, әскери теңіз флотында борышын атқарған. 1969 жылдан бері қоғамдық-саяси жұмыс атқарған.
Еңбек жолын ауылда қарапайым совхоз шопаны, мұғалім, кәсіптік мектеп шебері болған Оралбай Әбдікәрімұлы 1969-1975 жылдары «Шахтинскжилстрой» тресі комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан Лениндік Коммунистік Жастар Одағы Қарағанды облыстық комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі жауапты қызметтеріне тағайындалады.
Осы жылдары Оралбай Әбдікәрімұлы Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің студенті болғанын да айтып өтуіміз керек. Тарих факультетінің Қали Жуасов, Нұрислам Фарфутдинов, Мырзағали Хасенов, Қаби Есімов, Бірлік Қыздарбеков тәрізді білікті маман тарихшыларынан дәріс алып, білімін шыңдайды.
1975-1980 жылдары Қарағанды қалалық партия комитеті төрағасының орынбасары, 1980-1981 жылдары Қарағанды қалалық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, 1981-1985 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1985-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің сектор меңгерушісі, инспекторы, ұйымдастыру-партиялық және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісі қызметтерін атқарады.
Тәуелсіздік жылдарының қарсаңында, 1989-1991 жылдары Қазақ КСР халық депутаттарын сайлау және кері шақырып алу жөніндегі Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары болады.
1990 жылдың 25 қазанында Егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл – өзге халықтармен тереземіз тең екендігін білдіретін тарихи құжат. Осы тарихи оқиғаның бел ортасында жүрген тұлғалардың ішінде Оралбай Әбдікәрімұлы бар еді.
1990 жылы Орталық партия комитетінде ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімін басқарған Оралбай Әбдікәрімұлы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдау барысында бас қасында болған, барлық қиындықтарды көрген. Мәселен, ағамыз Декларацияның қабылдануы сәтін былай еске алады: «Декларацияның қабылдануы үшін кемінде 75 пайыз дауыс жинау қажет еді. Қай бағытқа бет аламыз деп әрі-сәрі күй кешкен уақытта мұнша дауыс жинау оңай болмады. Сол құжатты дайындап, егемендік мәселесін алғаш көтергендер қатарында академик Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев секілді мүйізі қарағайдай мықты заңгерлер болды. Жоғарғы кеңесте Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза секілді елге танымал депутаттар оларды қолдап, бірнеше рет шығып сөз сөйлеп, ақыры басым дауыспен декларацияны қабылдадық.
«Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттық» деп жатамыз ғой. 1990 жылдың 25 қазаны – сол арман орындалған ұлттық тарихи күн болып қалды. Әлі есімде, депутаттар бір-бірін құттықтап, кейбірі тіпті көзіне жас алып та жатты. Патриоттық сезім кеудені кернеді. Ешкімге жалтақтамай, біреудің қас-қабағына қарамай өз-өзімізді басқаратын егемен ел болдық деп қуанышымыз қойнымызға сыймады».
Оралбай Әбдікәрімұлы егемендігімзді алғаннан кейін тағдыр шешті кезеңдерінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 12 шақырылымының депутаты болғанын атап өтуіміз керек.
Ол кезде еліміздің ертеңі бұлыңғыр, Одақтың ыдырағанына қынжылған, тәуелсіздік скептиктері де болғанын білеміз. Бірақ сол кезде, білімді, елінің нағыз патриоттары бел шешіп, білек сыбанып іске кірісіп, Қазақстаннның мемлекет болып қалыптасуына аянбай тер төкті. Сол замандағы біртуар азаматтардың көпшілігінің есімдері күні бүгінге дейін ерекше ықыласпен айтылады. Мәселен, алғашқы вице президент қызметін атқарған Ерік Асанбаев, кемеңгер жазушы, мемлекеттің рухани саясатының көшбасшысы Әбіш Кекілбаев, еліміздің қаржы жүйесінің бастауында тұрған Дәулет Сембаев, мемлекетшіл қайраткер Сауық Тәкежанов тәрізді тұлғалар тәуелсіздігімізді нығайтуға өз үлестерін қосты.
Оралбай Әбдікәрімұлы әртүрлі мемлкеттік жауапты қызметтерді атқарды. Атап айтсақ: 1996-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы; 1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы; 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы ретінде ел Тәуелсіздігінің тұғырлы болуына қызмет жасады.
Еліміздің тәуелсіздігінің тұрақтылығын басты формуласын Оралбай Әбдікәрімұлы түйіндейді:
«Ең бастысы, елдің бірлігін сақтау керек еді. Жерімізді мекендеген түрлі ұлт пен дін өкілдерінің басын біріктіріп, тату-тәтті тұрмысқа шақыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, осы ынтымақ пен келісімнің арқасында біз тәуелсіздігімізді жыл өткен сайын нығайта түстік. Біз татулығымыз бен табандылығымыздың арқасында оны сақтадық. Мұны біз ешуақытта ұмытпай, бағалай білуіміз керек».
Бүгінде Орлабай Әбдікәрімұлы «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің құрметті төрағасы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал адам» тұжырымының негізінде жастарға тәрбие беруді жүзеге асыруда, әртүрлі әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетуге мақсат еткен.
Оралбай Әбдікәрімұлы Қазақстан Республикасының 1-дәрежелі «Барыс» және 2-дәрежелі «Барыс» ордендерімен, сондай-ақ бірқатар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың наградаларымен марапатталғанын атап өткіміз келеді.
Оралбай Әбдікәрімұлы сексеннің сеңгіріне шығар шағында өзі оқып, білім алған ордасы, қасиетті қара шаңырақ Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ат басын бұрып, университетіміздің жастарымен өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Университет ұжымы мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлының еліне деген ерен еңбегін бағалай отырып, университеттің «Құрметті профессоры» атағын табыстады. Екі дәуірдің мемлекеттік басқару құрылымдарында қызмет жасаған Оралбай Әбдікәрімұлының өнегелі өмір жолы жастарға бағдар болатыны, тұлғалық қасиеттері үлгі боларына сенімдіміз.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор.
Жамбыл ЖҰМАБЕКОВ,
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.