Жаңалықтар

Тәуелсіздік тірегі

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Бұл – мемлекет тәуелсіздігін бекітетін, оның құқықтық және саяси-әлеуметтік жүйесін айқындайтын негізгі құжат. Конституция мемлекетімізді демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде белгілейді. Оның жоғары құндылығы – адам өмірі мен денсаулығы. Ата Заң – жоғары күшке ие.

Сурет ustinka.kz

Конституция мемлекеттік органдардың құрылымын, оның ішінде, Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің және соттардың өкілеттіліктерін белгілейді. Сонымен қатар, мемлекет пен азаматтар арасындағы әртүрлі қатынастарды реттейді. Адамның өмір сүру құқығы, сөз бостандығы, заң алдындағы барлық азаматтардың тең дәрежедегі құқықтарын бекіту халықаралық адам құқық стандарттарына сәйкес келеді.

1995 жылдан бері Конституция бірнеше өзгерістерге ұшырады. Ол 1998, 2007, 2022 жылдары мемлекетті басқаруды жетілдіруге және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталды. Мысалы, 2022 жылғы «Жаңа Қазақстан» аясындағы реформалар халықтың билікке қатысуын, әлеуметтік әділеттілікті арттырды. Бұл реформалар мемлекеттік институттардың ашықтығын, сот жүйесін цифрландыру арқылы қоғамның сенімін күшейтті. Сонымен қатар, өзгерістер экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігіне, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етті.

Заңның 4-бабына сәйкес барлық нормативтік актілер мен заңдар Конституцияға сай болуы тиіс. Ол құқық үстемдігі, билік бөлінісі және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау сияқты принциптерді бекітеді. Қазақстанды біртұтас, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде анықтай отырып, Конституция мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін және азаматтармен қарым-қатынасты реттейді. Сонымен қатар, Конституция мемлекеттік тілдің – қазақ тілінің мәртебесін бекітіп, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді сақтауға, дамытуға ықпал етті. Бұл мемлекеттің қоғамдық бірлігін нығайтады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, сонымен қатар, тәуелсіздік пен демократияның символы. Конституцияға енгізілген өзгерістер құқықтық мемлекетті дамытты. Азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық бірлікті қамтамасыз етуге септігін тигізді.

З.ЗӘРУБЕК,
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы

Басқа материалдар

Back to top button