Тәуелсіздік – тек шекара ғана емес
«Егер тіл мен мәдениет жоғалса, шекараңды аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес» деген сөз бар. Бұл – әлемдік деңгейдегі қайраткер һәм күрескер Нельсон Манделаның сөзі. Қазақ егемендігін алғанда шекарасы үшін ғана қуанған жоқ. Өйткені, бұл – ұлы өркениеттің, ұлы рухтың үні Ана тіліміздің, салт-дәстүр, ұлттық таным-дүние мен мәдениетіміздің, азаттығымыздың қасиетті мекені. Өз мекеніңде, өз төріңде ғана Жаратқаннан түскен болмысыңмен, еркіндігіңмен ғұмыр кешесің. Міне, Егемендік дегеніңіз – сызылған шекара ғана емес.

Қазақ «Ұлым – құл, қызым – күң болмасын» деп талай ғасыр қасиетті күрес жүргізді. Бұл – әуелден азат болу үшін жаралған ер халықтың ғана айтатын сөзі. Әйтпесе, жер бетінде құлдықтың шынжырымен жетектеліп, талай халық уақыттың қара құрдымына еніп, ғайып болған. Жер-жаһанда, мынау қатыгез жалғанда бұдан асқан қасірет, бұдан асқан қайғы жоқ.
Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Кесік бас, тірі тұлып» деген хикаясын оқығаныңыз бар шығар? Міне, сондағы бір кезеңде дәуірі дүркіреген, қуатынан тұтас құрлық тітіренген империяның ең соңғы бас көтерері, шерлі шерісі Жа-Ламаның трагедиясын еске түсіріңіздерші. Көз алдында ұлысы құрып жатқан Жа-Лама демі үзілгенше күреспей ме? Хикаяттың бір тұсында Жа-Лама халқының жан тебірентер әндерін көкірегін қарс айырар сағынышпен шырқайтыны бар. Мереке кезіндегі ойын-сауықтарын, ұл-қыздарының шат-шадыман күлкісін қайғыланып еске алады. Өзімен өмір салты ұқсас, өздеріндей далалық қазаққа «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» ұйымдастырған, қисапсыз қырғынға салған Жоңғар империясы жер жүзінен жойылды. Жер шарынан шекарасы өшіргішпен өшірілгендей болды. Уақыттың қатал заңдары шекарасымен бірге олардың далалық мәдениетін, салт-дәстүрін жоқ қылды.
Қазақ әдебиетінің тағы бір алыбы Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» деген повесі де ормандағы Араку тайпасының қасіретін баяндайды. Тайпа мәдениеті мен тілі үшін күреспек түгілі жан сауғалар орын таппай қалады. Жалпы, әлем әдебиетін ақтарып отырсаңыз, тіршілігі тоқтаған, жалауы құлаған ұлыстардың, елдердің трагедиясын баяндайтын шығармалар жетерлік. Бұның бәрі әлгі айтып отырған қасіреттің салмағын сездіреді, сездіре отырып елдіктің қадір-қасиетін ұқтырады.
Осы күнде қазақ өткеніне зор үреймен де қарайды. Үреймен қарайтындай-ақ жөні бар. Талай мәрте тағдырдың қыл көпірінен өттік. Бірақ, «ар» деп, «қастерлі Атамекен» деп ер туған ата-бабаларға мың алғыс, тағзым. Ғасырлар бойы армандаған, аңсаған азаттыққа қол жеткіздік. Шекарамыз бүтінделіп, Ата Заңымыз жазылды. Бүгінде өзінің мәдениетін, ұлан-ғайыр даласында тамыр жайған өркениетін бүкіл әлемге паш етіп отыр.
Қазақтың болмысы күй өнерінде жатыр. Осы күнде Арқада дәулескер күйшілердің мұралары барынша дәріптеліп, кейінгі жас толқын жаһанның түпкір-түпкірінде домбыраны күмбірлетіп жүр. АҚШ-та миллиондаған тыңдарманның алдында күй шерткен Димаш Құдайбергеннің өзі бір бөлек әңгіме.
Ойлап қарасаңыз, күйшілер өзінің бар білгенін үйретер, аманаттар шәкірт таппай зар-құсаның шыңырауына түскен заман да болған. Далаға жендет жайылып, домбыраны өртеп, күйшісін барса келмеске жіберген күндер де өткен мына жұрттың басынан.
Қазақ рухының алауы жанған фольклорымен қайта табысты. Ұрпағының жүрегіне от жағу үшін эпосына қайта қайырылды. Ғасырға жуық уақыт қазақ Мағжан, Міржақып, Ілияс секілді асыл перзенттерінің атын атауға да үрейленген еді. Егемендікте ұлан-ғайыр атыраптың түпкір-түпкірінде Алаш арыстарының оқулары өтіп, үндері қайта жаңғыруда. Олардың мұралары ұрпақ тәрбиесінің негізгі құралына айналды. Сөйтіп, өзінің өзегіне оралды. Өзегінен алыстағанның көрер жарығы жоқ.
«Жоқтық деген немене –
барлық делік,
Бақыт деген дүние ме –
алдық бөліп.
Дүниедегі ең ұлы көрініс не?
Ол шідерін үзген ат қарғып келіп» дейді классик ақын Есенғали Раушанов. Қазақ – шідерін үзген ат. Шідерін үзіп, күй мен жыр аңқыған жұпарлы даласында бауырын еркін жазып жүр. «Аяғыма қараймын – шідерім жоқ, Неге қақсай береді жіліншігім?» дейді әрі қарай. Үш ғасырға жуық шідерлендік. Аз уақыт емес. Сыз тартар, жіліншігіңді қажар шідердің ізі қалатындай-ақ. Бірақ, қазақ деген ұлы халық дүниенің сырын білген данышпан емес пе?! «Уақыт емші» дейді сол данышпан жұрт. Бәрі уақыттың еншісінде. Егемендіктің ширек ғасырынан енді қара үзіп барамыз. Бірақ, осы уақыттың өзінде жоғалтқанымызбен табыстық. Енді соның қадірін біліп, төбемізге тұтпақ керек, аяламақ керек. Төбесіне тұта алса, аялай алса, өмірдің һәм жалғанның пайымын алты ауыз өлеңіне сыйғыза салған осы бір ардақты жұрттың келешегі жарқын.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



