Тәуелсіздік – теңдігімнің тірегі
Отан дегеніміз не? Отан сөзі – әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиер сөз… Осы мақсатта өткізілетін балабақшадағы мерекелер еліміздің өміріндегі атаулы оқиғаларды қамтып келеді.
Мағжан Жұмабаевтың «Тәрбиеден мақсұт – баланың тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек өз заманына сай қылып шығару… Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі» дегеніндей заманында жоғары білімді ұлт болуымыз үшін жас ұрпақты ұлттық құндылықта тәрбиелеудің маңызы зор. Өскелең ұрпақтың бүгінгі келбеті еліміздің ертеңін елестетеді.
Балалар бүкіл халықтық мерекелер негізінде жатқан үлкен идеяларды барынша түсінікті түрде, көркем образдар арқылы онан әрі қабылдауға дайындалады, патриоттық сезімдердің дамуына белсенді ықпал етеді, балалардың өз Отанына деген мақтаныш сезімін арттыруға тәрбиелейді. Еліміздің тәуелсіздік алған күні – біздің Отанымыздың туған күні ретінде атап өтіледі. Ертеңгілікте балабақшада өткізілетін жалпы тәрбие жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. Онда адамгершілік, ой, дене және эстетикалық тәрбие міндеттері жүзеге асырылады. Сондықтан мерекеге дайындық, оны ұйымдастыру, өткізу және балалардың одан әрі алған әсерін тиянақтауды педагогикалық процестің бір тармағы деп қараған жөн.
Осы ретте «Жұлдыз» балабақшасындағы «Арман» тобының бүлдіршіндері Тәуелсіздік күніне ертеңгілік арнады. «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» тақырыбындағы шарада қазақ тарихындағы ұлы күнмен байланысты көріністер сахналанды.
Әсіресе, жоңғар хандығы ордасында орын алған көріністер қазақ батырларының бейнесін ашты. «Арман» тобының бүлдіршіндері Қазыбек бидің даналық ойлары, ел мен жер үшін айқасқан бабалар аманатын жалғастыратын боздақтар ерлігін дәріптеу арқылы ертеңгіліктің мақсатын орындады. Желтоқсандағы Қайрат Рысқұлбековтың бейнесін сомдап, әскери адамдар кейпіне еніп, егемендік ұғымының мәнін ашты.
Шара барысында бүлдіршіндер орындаған «Қамажай» биі мен «Аққу» күйін орындау арқылы ата-аналардың қошеметіне бөленді. Көрініс барысында әженің «Тәуелсіздікке жету үшін қазақ халқы талай қиыншылықты бастан өткерді. Қайсар, батыр апаларымыздың арқасында егеменді ел болдық. Ту, Әнұран, Елтаңбамыз бар. Тәуелсіздік – ата-баба қанымен келген, елге құт болып қонған мереке» деп атап өтті.
Ертеңгілік барысында ата-аналар ұйымдастырушыларға лебіздерін білдіріп, мерекемен құттықтады. Бүлдіршіндер ән ырғағымен ертеңгілікті аяқтады.
Зауре АХМЕТОВА,
«Жұлдыз» балабақшасының тәрбиешісі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.