Жаңалықтар

Тәуелсіздік тәжі

Демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласына жиі жол түсіп тұрады. Сонда алып шаһардың шырайы барған сайын артып, шартарабының кеңейіп жатқанын көріп, таңдай қағып қайтамын. Құдды ертегідегі кейіпкердей күн сайын өсіп келеді.

Нұр-Сұлтан қаласының биік мұнаралары шаһарға шамалы қалғанда менмұндалап тұрады. Әуелі, алыстан көз тартатыны – «АбуДаби Плаза» көпфункционалды кешені. Жасыратыны жоқ, құрылысы баяу жүрсе де, қала сәулетінің ажарын аша түсетін, ең үлкен, әлеуеті зор кешен екені айқын. Өткен жылдың көктемінде «Абу-Даби Плазаның» сауда-ойын-сауық орталығы, қонақүй сияқты бірқатар нысаны қолданысқа беріліпті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында: «Келесі жылы аяқталатын «Абу-Даби Плазаның» ең биік мұнарасын «Қазақстан мұнарасы» деп атаймын. Мұндай биік ғимарат жоқ. Кең даламызда алыстан көрініп тұратын болады. Діни және туристік мақсатта әлемдегі ең үлкен мешіт салынып жатыр. Ел астанасын одан әрі көркейту үшін талай ойлар, жоспарлар бар. Көп болып қолға алсақ, атқарылмайтын іс жоқ. Мұның барлығы Қазақстанның әлем алдындағы әлеуетін көрсетеді», – деді.

Тағы бір көзіме оттай басылғаны – Елбасының өзі іргетасын қалаған мешіт құрылысы. Әжептәуір еңсе тіктеп қалыпты. Аумағы атшаптырым. Хазірет сұлтан мешітінен үш есе үлкен дейді дереккөздері. Бұйырса, Қазақстандағы ең үлкен мешіт болмақ. Қаланың сол жағалауында «Expo2017» туристік нысанының бас сферасымен бір тізбекте орналасқан. Алып ғибадат орны да алыстан көз тартады. «Mega Silkway» сауда ойын-сауық кешеніне жақын.

Жалпы, жаңа қала тың жобаларымен де таңырқатпай қоймайды. Неге дейсіз ғой? Қаланың тұрғындары үшін мынадай жазғы жетістіктері бар екен. Жақында ғана «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алыныпты. Енді, әр сенбі сайын Абай даңғылы мен Ә.Сембинов көшесінің қиылысында орналасқан Қаламгерлер аллеясында дәстүрлі түрде өтеді. Мұнда көбіне балаларға арналған әдеби кітаптар, әйгілі жазушылардың шығармалары ұсынылады. Тұрғындарды кітап оқуға шақырудың таптырмас тәсілі – бұл. Ол аз десеңіз, «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер – жоспары аясында Ә.Мәмбетов көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған «Demalys Promenade» көшесі ашылыпты. Мұнда демалыс күндері сағат 10.00-22.00 аралығында шығармашылық қойылымдар, түрлі ойын-сауық бағдарламалар, би жарыстары, спорттық шеберлік сыныптары, тақырыптық фестивальдар және басқа да қызықты шаралар өткізіліп тұрмақ. Айтпақшы, аумақтың бір бөлігінен ұлттық ойындар үшін де орын беріліпті. Асық, тоғызқұмалақ ойнауға толық мүмкіндік бар. Бастысы, қала тұрғындарының көңілінен шығуда.

Сондай-ақ, тұрғындардың талап-тілегі негізінде Сарайшық көшесіндегі Триатлон-паркте жаңа жағажайды қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Бұйырса, қаланың туған күні қарсаңында тарту етілмек. Есіл өзенінің саябағында балаларға арналған тағы бір ерекше ойын алаңының құрылысы да әне-міне аяқталады деп күтілуде.

Біз сөз еткен сәулет нысандары да, қаланың жаңа жобалары да Астананың жұмыс жоспарының бір парасы ғана. Қала сұлулығын сөзбен әспеттеу мүмкін емес-ті. Тек, көзбен көріп ұғынарсыз. Елорда – Тәуелсіздігіміздің тәжі екендігін сонда сезінесіз.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button