Басты тақырыпПоэзия

«Тәуелсіздік – тұғырым шыңнан биік»

«Тәуелсіздік – тұғырым шыңнан биік»

     Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орй редакцияға түскен бір топ өлеңдер мен поэмаларды осы ретпен топтастырдық. Жаныңызға жақсы жырдан ләззат сыйлап, арқадағы шымырлаған рухты ырғаңыз.

Мархабат!

Азаттық

(поэма)

Қазаққа арқалатып қасіретті,

Басынан үш қаралы ғасыр өтті.

Тартқызып ел – жұртыма тақсіретті,

Сан дәуір, сан алдияр тақсыр өтті.

Шайқалтқан шаңырақ пен керегені,

Араздық құртты ұйым мен берекені.

Өзара қырқысқаны қазақтардың,

Аңдысқан дұшпандардың керегі еді.

Жем болды ел Жоңғария қалмағына,

Ілінді Қытайдың да қармағына.

Үш жүздің бірігуі төтеп берді,

Дәуірдің жан төзбейтін салмағына.

Ұйысқан елдің жігер – күші кенен,

Үркіткен ата жауын сұсыменен.

Қол бастап баһадүрлер басқыншыны,

Жүргізді бақайының ұшыменен.

Белшеден кешіп қанды, азаптарды,

Жерінен қуды қалмақ, казактарды.

Абылай, үш Ұлы би қайтқаннан соң,

Бастады орыс қысым, мазақтарды.

Артында Абылайдың қалды қиқым,

Күндестік жұртты бұзып, алды сиқын.

Адыра қалды ұраны намыстының,

Қайтадан іріткіні салды күйкі үн.

Араздық итке айналып арын талап,

Рулар бірін – бірі барымталап.

Қауіп те естен шықты жүргенде елім,

Жіберген еселерін қарымталап.

Орысқа болды қазақ бағынышты,

Кәпірдің сарқытын жеп, қағын ішті.

Қырқыс пен бақталастық түпке жетіп,

Басынан құдай берген бағы да ұшты.

Көндікті ел орыс саздай илегенге,

Шен алған мәз болды елін билегенге.

Не қалды «момын» ұлтқа бұдан кейін,

Қайтеді құл қамытын кимегенде?!

Үйірді елді орыстар асықтай – ақ,

Бұйым ба оларға өңкей жасық саяқ.

Қазақтың жерін тұтас бағындырды,

Жүз жылда бірте – бірте асықпай – ақ.

Қарады ел төресі мен сұлтанына,

Сұлтандар айналды орыс ұлтанына.

Сұйылып тектілердің асыл қаны,

Айналды құлақ кесті құл қанына.

Қазақтың өмірі құл өмір еді,

Мәрт сынды жігері асыл темір еді.

Наданы ұлықтарға басын шұлғып,

Адамы ар алдында еңіреді.

Құлдықтан күрес отын жаққан оңды,

Тосқаннан бүгежектеп жатқа жонды.

Исатай, Кенесары, Махамбеттей,

Ерлері ту көтеріп атқа қонды.

Сатқындар алған еді жайлап төрді,

Олардың аузын орыс майлап көрді.

Құл мұндар құлқыны үшін орыстарға,

Елінің аяқ – қолын байлап берді.

Қазақтан орысекең жасын әлді,

Қазаққа жерінен тау – тасы қалды.

Қазақтың өз қолымен отаршылар,

Қазақтың ерлерінің басын алды.

Ұлының жүрегінде жанады Күн,

Сайрайды түйсігінде саналы ұғым.

Ескерген ел болмады парасатпен,

Абайдың ақылы мен даналығын.

Тұқыртты қор жылдар мен қыңыр айлар,

Өз жұртын сорды сүлік сұмырайлар.

Халықты ағартуға жанталасты,

Үш Ұлы – Шоқан, Абай, Ыбырайлар.

Қап – қара тұман буды сары даланы,

Жүректе намысы бар арланады.

Таусылып бар амалы Шортанбайлар,

Күйініп зар заманға, зарланады.

Құлдықта күн көрудің бар ма мәні,

Көкейді кернейді асыл арман әні.

Саналы білім қуып, өнер ізден,

Бұлқынып өзінше әркім қарманады.

Ақ патша ұлтты бұтап, жаңқалады,

Мөр басып тағдырын да таңбалады.

Меңіркеу, су қараңғы жұрттың ойы –

Мықтыға жағынғанда жан қалады.

Қуылды құнарлы өлке, ойдан қазақ,

Үрейден үрпиеді қоян қазақ.

Әлихан ақ патшаға шағымданып,

Міржақып жазды еңбегін «Оян, қазақ!»

Көп еді ел ішінде лағнеттер,

Көңілге жеткен билік бағын ептер.

Күреске шықты алашшыл қайраткерлер –

Әлихан, Мұстафа мен Ахметтер.

Патшаның тас құрсауы – қауіпті, асқақ,

Тұрады жендеттері шауып, жасқап.

Айдады арыстарды түрмелерге,

Газетін «Қазақ» атты жауып тастап.

У – да – шу, азан – қазан қылып елді,

Дүрмекті 16 – ның жылы келді.

Германның соғысына бармаймыз ! – деп

Шарт буды қазақтың бар ұлы белді.

Қаралы хабар үргін – сүргін қылып,

Қазаққа туды ереуіл, үркінділік.

Ата – ана мойынына бұршақ салды.

Түсіне қанды қасап қырғын кіріп.

Қоғамы патшаны да аздырады,

Азды деп патшаны жұрт жазғырады:

Қазаққа берген серт пен анттан тайып,

Қазаққа неге окобын қаздырады?

Айрылу оңай емес өрім жастан,

Қан бүркіп тұрғандайын көрінді аспан.

Қазақтан алмаймын деп әскерге адам,

Ант қайда, қолын қойып, мөрін басқан?!

Шарасыз ақсақалдар аһ ұрады,

Болыстар толқулы елге ақырады:

Патшаның жарлығымен қарсыласса,

Қаладан қалың әскер шақырады!

Болыстар ауылдарды аралады,

Аралап, қылар істі саралады.

Балаңды тізімдеуден босатам деп,

Ақшалы, малдылардан пара алады.

Ерулі ел әскер жиып, хан сайлады,

Бастарын тәуекелге сан байлады.

Казактар ауылдарға ойран салып,

Сағымды сары даланы қан жайлады.

Көтерді қан майданға қазақты ары,

Оятты көрген қорлық, азаптары.

Құмары қылышының қанға қанып,

Рахатқа батты орыстың казактары!

Өткерді дала қырғын, аттан шуды,

Қызылға бояды қан аққан суды.

Ресейдің іші – тысын бүлік жайлап,

Орыстар өз патшасын тақтан қуды.

Әбден – ақ бөккенінде дала сорға,

Қазақтың тірелгенде баласы орға.

Ұлтымның ойлысының басын қосқан,

Құрылды партиясы «Алашорда»!

Бар әлі қаһарман жұрт қазақ атты,

Отарға қарсыларға жаза қатты.

Үндеді күресуге «Алашорда»,

Елім мен жерім деген азаматты.

Сайланды «Алашорда» үкіметі,

Азаттық – оның басты үкімі еді.

Қазақтың жалпы 2 съезінде,

Қазақтар үкіметті үкіледі.

Жау жеңіп, ел қызылға қаратылды,

Алаштың үкіметі таратылды.

Көбінен тек Әлімхан тірі қалып,

Көрнекті мүшесінің бәрі атылды.

Жеңді де Ұлы қазан төңкерісі,

Байлардың сыпырылды жон терісі.

Халыққа ұзамай – ақ мәлім болды,

Большевик билігінің оң – терісі.

У жайып адамзаттың ғаламына,

Ресей айналды ұрыс алаңына.

Держава ақ – қызыл боп қақ бөлінді,

Келіспей бір – бірінің талабына.

Төңкеріс елді тастай қағыстырды,

Үркітті, атыстырды, шабыстырды.

Бір әке, бір шешеден туғандарды,

Бетпе – бет қан майданда табыстырды.

Қастерлеп Ленин атты қызыл ханды,

Әзәзіл үгітіне қызыл қанды.

Шығарды төбесіне тұтас елдің,

Құл – құтан, өңкей надан, бұзылғанды.

Қызылдар ауылдарда кеңес құрып,

Топасты даналармен теңестіріп.

Қазақты қазақтарға талаттырды,

Белсенді айдарынан жел естіріп.

Ұлықтап есұрық пен бар жаманды,

Орнатты аңыраған зар заманды.

Қырғидай тиді бай мен діндарларға,

Айтақтап ар, ниеті тар наданды.

Кигізді елге ноқта, тұмылдырық,

Халықты мал – жанынан түңілдіріп.

Қиянат ақыл – есті адастырды,

Тамұқтың қақпасына үңілдіріп.

Байлардың мал мен жерін, ғұрыпты алды.

Кедейден бас еркі мен ырықты алды.

Аштыққа ұшыратып қасақана,

Қазақтың бестен үшін қырып салды.

Қызылдан көрді халық көрмегенді,

Қамалды, тірідей от, көрге де енді.

Қынадай қырып салды қызыл жендет,

Қолпаштап соңдарына ермегенді.

Данасып сұм да үреді, ез де үреді,

Өз миын өздеріне ездіреді.

Дін, ділге қатал заңмен тиым салып,

Құдай мен иманынан бездіреді.

Қызылға дұшпан әрі қауіп – текті,

Харамдық перделеді жауып бетті.

Ауылдар ата жұртын тастай қашып,

Мыңдаған қазақ шетке ауып кетті.

Тұтқындап ұлттың еске мығымдарын,

Сотталды оқыған мен мұқым дарын.

Жазықсыз жала жауып, бәрін атып,

Қамады түрмелерге тұқымдарын.

Алмады ұлттың мұңын қаперіне,

Шүйлікті елдің ары ақ еріне.

Сталин қазақ жерін айналдырды,

Азаптың теңдесі жоқ лагеріне.

Итерді ұлтты құрдым жылымына,

Басұрды ел шовинизм ғылымына.

Пір тұтып орыстардың харам ғұрпын,

Салынды арағы мен шылымына.

Керек – ақ қазақтардың жоғы сұмға,

Баз кешті ел өлім – өмір тоғысында.

Мыңдаған ер – азамат ажал құшты,

Әйгілі Ұлы Отан соғысында.

Фашистен асып түсті қызыл қоғам,

Ар – ұят, тілден безіп, бұзылды адам.

Өз ұлтын менсінбейтін мәңгүрт шықты,

Олардан туған тексіз қыз – ұл – надан.

Партия үйіп – төкті бар апатты,

Қазағым дегендерге шара қатты.

Дін, ділден, тілден ұлтым айырылып,

Ұлттығы тұздай құрып бара жатты.

Күн көсем Ұлы Ленин бабамыз деп,

Кемпірі Надежданы анамыз деп.

Ұрпақтар салтанатпен ұрандады,

Партия ең кемеңгер данамыз! – деп.

Жазықсыз жәбірленіп, жазықты озды,

Жаттады ел ұлтты қорлар пасық сөзді.

Ағылған келімсектер тыңды игеріп,

Ұлттық та, жер, сана да азып – тозды.

Бейнесі қандай қызыл ашық түсті,

Аждаһа қоғам бүрді, басып тісті.

Қазақтың одан көрген мехнаты,

Бес ғасыр құқайынан асып түсті!

Жойылды ұлттың кемел ірілері,

Аңдылды аман қалған тірілері.

Азаптың лагерінен тірі қайтты,

Ірінің жандары тек сірілері.

Күресті қазақтың ер жастары да,

Елемей түсер істі бастарына.

Ұлтының қамын жеген өндірлерді,

Астыртын топтастырды қастарына.

Шымбайға батып болды қас мазағы,

Жойылу – ұлттың тартар басты азабы.

Ұлтының мүддесі үшін күреске енді,

Жұртымның жалындаған «Жас қазағы».

Орыстың сұмдық еді іздегені,

Жабылды мектептердің жүздегені.

Қазақша мектептерді жауып тастау –

«Тіліңнен күдеріңді үз!» – дегені.

Тастады ұлт ғұрпының түріп бәрін,

Үйренді ел орыстың салт – ғұрыптарын.

Бәріне қазақының шовинистер,

Тастады қылбұраулы құрықтарын.

Орыстар Ұлы халық саналады,

Тіл түгіл қаласа ұлттан жан алады.

Жастарды толғандырған деген сұрақ:

Қашанғы қазақ сорлап, қаналады?!

Қазақтың жерінде тың игерілді,

Тың жерден орысқа тың сый берілді.

Қаптаған келімсекті билік қолдап,

Кеудеден қазақ шетке итерілді.

Мәскеуге тау – тау астық, тың – керегі,

Белгілі лас ойының тым тереңі.

Ит тарих бауырында қыңсылайды,

Шовинист тәсілінің мың дерегі.

Ауылдың өмірінен маза кетті,

Далаға жаңа қайғы, аза жетті.

Қылмыскер келімсектер лаңды салып,

Қазақты ашық қорлап мазақ етті.

Тиісті өмірі мен дініне де,

Түріне, киіміне, діліне де.

Қазаққа «калбит» деген атты таңып,

Сөйлеуге тиым салды тіліне де.

«Тыңгерлер» ұлтты осылай бөріктіріп,

Шовинизм пешіне көрік құрып,

Жатқанда билік біткен тырс етпеді,

Қылығын бұзықтардың көріп тұрып.

Қазақты ұрып – соқты ішкен жынды,

Үлкендер күйзелгенмен іштен тынды.

Жанымен, руһымен сезді жастар,

Апатты, ұлт басына түскен күнді.

Ұлтының тайғанымен бастан бағы,

Жастардың жанарлары жасқанбады.

Айналған қойторыға үлкендердей,

Жастығын күйкіліктің жастанбады.

Бұйығы қараңғыны қақыратып,

Жұлдыздай жарқырады аспандағы.

Сияқты ер де шықты арасынан,

Мың жауға жалғыз шапқан дастандағы.

Көрмеді билік елді бұйым құрлы,

Басыну есті жасты күйіндірді.

Павлодар қаласында бір оқушы,

«Жас ұлан» атты ұлттық ұйым құрды.

Езді ұлтты шовинизм қара тағы,

Тыңды да кәдесіне жаратады.

Халыққа әшкерелеп тың қылмысын,

«Жас ұлан» үнпарақтар таратады.

Күреске үндеді елді үнпарағы,

Өлкеге ұрандаған үн тарады.

Сол күннен басталады Отансүйгіш,

Жастардың күресінің күнпарағы.

Ұлтшылдық – түсінгенге ұлттың бағы,

Елдіктің, ынтымақтың құт құндағы.

КГБ «Жас ұланды» әшкерелеп,

Жетекші, мүшелерін тұтқындады.

Бұл кімдер партияға көнбес тегі,

Маздаған жүрегінде сөнбес кегі?!

Бәрі де үшінші мектеп оқушысы,

Қазақтың балалары он бестегі!

Жастардың үнін барлық маңай ұқты,

Болады ұлтым деген жан айыпты.

КГБ «Жас ұланды» қыспаққа алып,

Тергеді жетекші Арман Қанаевты.

Сол кезде ол он бестегі өрім еді,

Үлкенге жас бала боп көрінеді.

Жасы әлі кәмлетке толмағанмен,

Санасы парасаттың өрінде еді.

Боздақтар аман қалды басы кетпей,

Соттауға заң бойынша жасы жетпей.

Аттары қаһармандар тізімінде,

Ісі – ерлік, әрқайсының басы бектей.

Оларды жиналыс та сығымдады,

Ниетін ұстаздар да ұғынбады.

Жастардың тәрбиесі жұмыстарын,

Халықтар достығымен мығымдады.

Халықтар достығы ол кез – жалған достық,

Отарлық саясатқа қалқан достық,

Патшаның мұрасынан қалған достық,

Шовинист дайындаған талқан достық.

Естіді мұны таудың әр қиясы,

Қазақтың Ұлы дала – қарт ұясы.

Құрылды Қарағанды қаласында,

Жастардың «ЕСЕП» атты партиясы.

Қазақ көп айыра алмайтын қасын достан,

Сезбейтін тағдырды алда жасын тосқан.

Құрылған Қарағанды қаласында,

Партия арлы жастың басын қосқан.

Орыстар төске өрледі басымдықпен,

Мақсаты – мәңгірту ұлт жасын түптен.

Күреске елін сүйген ерлер шықты,

Ұлтының мүддесі үшін басын тіккен.

Құриды саясатпен жанасқандар,

Біледі оны жанмен санасқандар.

«ЕСЕП» – тің мүшелері көгөрімдей,

Жастары жиырмадан жаңа асқандар.

«ЕСЕП» – ке ұлтшыл жастар топталады,

Ұсталып, бастаған іс тоқталады.

Партия құрып, оны басқарғандар,

Халықтың жауы атанып, сотталады.

Жұмысы тыңшылардың кемел еді,

Жауды ұстап, шовинистер кенеледі.

Сотталған Игіліков Зейнолла мен,

Жалынды жас Жүнісов Кәмел еді.

Сот ісі билік ойын мол ұқтырған,

Әр жерде күрескелер болып тұрған.

Зейнолла, Кәмел лагерь, түрмелерден,

Олардың бірнешеуін жолықтырған.

Келмейді жастарды тек жас деуге де,

-Ұлт! – десе, от лаулайды жас кеудеде.

«Жас қазақ», «Жас сұңқар» мен «Жас тұлпарлар»,

Құрылды Алматы мен Мәскеуде де.

Кімдер жоқ қазақтың бай даласында,

Табасың аласын да, құласын да.

1979 жылы болды ереуіл,

Сыртта да, іште де көп елдің жауы,

Жастарды ашындырды жердің дауы.

Қаһарман бабалардың бақ мұрасын,

Қорғайды жан – тәнімен ердің сауы.

Сталин немістерден қауіптенген,

Немістер елге айдалып, ауып келген.

Қазақтар асыраған сол немістер,

Жер үшін арамдықпен жауықты елмен.

Көрмеді қазақ ұлтын бұйым құрлы,

Астыртын шетелде, елде ұйым құрды.

АҚШ – тың қысымымен Бреженев,

Көңілін бар немістің сүйіндірді.

Жүрегін қазақтардың күйіндірді.

Айналды ел партияның ермегіне,

Өз еркі не қылса да жер – көгіне.

Биліктің қазақтармен есептеспей,

Неміске Ерейменді бермегі не?!

Немістер елге кірме, бөтен еді,

Кілең жас бас тігуге бекем еді.

Ереймен ұлттың ұлы, қаһарманы,

Қанжығалы Бөгенбай мекені еді.

Намысқа тиді неміс басынғаны,

Тойынып, көкіп, асып – тасынғаны.

Есті үлкен тәуекелмен белді буып,

Жастарды тік көтерді жасын қаны.

Қорлыққа шыдамады шын арлысы,

Осы еді шыдамның да сынар тұсы.

Аудан ғой Ерейментау жерұйықтай,

Шиманды құнарлының құнарлысы.

Қалды үнсіз ел зиялы деп жүргендер,

Биліктен сыбаға алып, жеп жүргендер.

Жастарға кеңес, беріп қамқорсыды:

Қашанда тоқ жүрмек, – деп, тек жүргендер!

Қазақты тығырыққа «Тың» қамады,

Күніне көккөз иттер мың қабады.

Белсеніп ереуілге шықты жастар,

Үргенін өз итінің тыңдамады.

Шыдамның түбіне ыза, нала жетті,

Жер үшін өмірін жас талақ етті.

«Неміске сүйем жер де берілмесін! –

Деп, жастар үкіметке талап етті.»

Жасады немісекең немістікті,

Көрсетті ниеттегі кемістікті.

Алаңда жас қазақтар тұрып алды,

Дабысы тітірентіп кеңістікті.

Намысты ұлтым деген ел – бір еді,

Ақылды намыс жөнге келтіреді.

Сірескен топ алдында ақ байрақтай,

Ақ жаулық, ақ сақалдар желбіреді.

Білмеді обком, горком не істеріне,

Келмеді қылар шара естеріне.

Жастардың ереуілі ұнамады,

Қазақтың бастық болған ездеріне.

Белгілі, жастар өлмей беріспейді,

Өлсе де намыс ісін ер істейді.

Толқуды жөнін тауып тоқтатпаса,

Елдің бар өңірінде өрістейді.

Мәрт жастар өз ұлтының ақ арындай,

Ашуы ашудастың сахарындай.

Бейнесі жауға шапқан бабалардың,

Сұстанған құйын – перен қаһарындай!

«Ешкімге жер бермейміз!» – тек тілегі,

Бекінген «қой» дегенді кек біледі.

Үгітші КГБ – нің агенттерін,

Ұстап ап жүндей сабап, тепкіледі.

Сақтанды жастар біреу арандар деп,

Билікте арандатар жарандар көп.

Басшылар кезек келіп үгіттейді:

-Ақымақ болмай, енді тараңдар! – деп.

Жатырмыз Мәскеумен біз байланысып,

Талаппен Мәскеу жатыр айналысып.

Күтеміз Кремльдің не дейтінін,

Қоймайды бұл іспен ол жай танысып.

Деген сөз обком жақтан естіледі,

Тып – тыныш таратуды ез тіледі.

Болмастай жастарды алдап – сулауға да,

Бала емес, шаға да емес, ес біледі.

Қатерге қаһар ғана бара алады,

Топ енді не қыларын саралады.

Теміржол бекетіне сәл аялдап,

Ең басты көшелерді аралады.

Жиналды жастар жағы ертесіне,

Ордадан шықты обкомның серкесі де,

Автономия болмайды! – деген сөзі,

Нұр құйды жастардың мәрт зердесіне.

Желпінтті КГБ – ны тектер істер,

Басталды тергеулер мен тексерістер.

Жастардың қимылынан іс таппады,

Мынауың заңға қайшы, теп – теріс! – дер.

Тарихат көлік емес ерттеулі,

Қомайды шындығы оны шертпеуді.

Оқиға ғалымдарға сұранып тұр,

Жан – жақты, түбегейлі зерттеуді.

Мәскеуге бағалы емес халық малдан,

Өмірі бағынуға қалыпталған.

Болса ғой Тәшеновтей бар қайраткер,

Ресейге жерді бермей, алып қалған.

Бұл істі жұрт ешқашан ұмытпайды,

Ел мұңын ел билеген қу ұқпайды.

Ресейге Хрущевтің қоспақ жері,

Жартысына ұлт жерінің жуықтайды.

Толғантты елді қоғам құбылысы,

«Данышпан» партияның шұғыл ісі.

Қазақты құртудың бұл бір шарасы,

Берілу Ресейге бес облысы.

Бұл шешім – ұлтқа құдай қарғысындай,

Басынан ұшқан бақыт, ар құсындай.

Ресейге бес облыс бөліп беру –

Әзәзіл Ібілістің жарғысындай.

Қазаққа жер – мүшесі денесінің,

Дәл өзі тіршіліктің кемесінің.

Жұмабек Ахметұлы төрағасы,

ҚазКСР Министрлер Кеңесінің.

Шаниған Кремльде жау да тісті,

Тасталған ұлт жеріне ау да күшті.

Ұлтының жер – суы үшін басын тігіп,

Тәшенов Хрущевпен дауға түсті.

Қайраткер ел мүддесін жасырмады,

Биліктің беделіне бас ұрмады.

Қазақтың Мәскеу аспас асқар белі,

Қазақтың басынан сөз асырмады.

Ұлт сөзін ұлтшыл ғана айта алады,

Қас тұлпар қияларда тайпалады.

Ленин де жеңе алмаған жер дауында,

Ерлігін Әлімханның қайталады:

Кім айтар қазақтардың жоқ ары деп,

Арынан билік сөзі жоғары деп.

Берілсе Ресейге бес облыс,

Жұртқа аян оның неге соғары тек!

Жер алу Кремльге бас шара ма,

Көреген елді осылай басқара ма?

Қазақтар бірі қалмай көтерілсе,

КСРО ұшырайды масқараға!

Кім мұны ақылына сыйғызады,

Ойласаң жүрек мұздап, ми қызады.

Кемеңгер Тәшеновтің дәлелдері,

Хрущевтің ақыл – есін жиғызады.

Әлемнің бір мықтысы Кеңес еді,

Кеңеспен АҚШ қана теңеседі.

Хрущевке Тәшеновті мақұлдау да,

Масқара болу да оңай емес еді.

Қазақтың ер ұлына ол кектенеді,

Ызадан іші де әбден кепкен еді.

Тәшенов іле орнынан босатылып,

Тым төмен қызметке кеткен еді.

Жер қылды ол Мәскеудегі асқақ үйді,

Жазалап, түсірсе де басқа күйді.

Есалаң шовинистер көсемінің,

Мастанған мәз маңдайы тасқа тиді.

Ардақтау керек елдің бар құндысын,

Ерлігін қаһарманның, халқым, түсін!

Әлімхан Ермеков пен Тәшеновке,

Орнату жарасады алтын мүсін!

Құлқынның орынында жоқ қалады,

Жауыздың орынында оқ қалады.

Өмірін елге арнаған ер соңында,

Жүректі алаулатар от қалады.

Өткенді елемеуден жеру керек,

Боздақтар деректерін теру керек.

Павлодар қаласында бір мектепке,

Атауын «Жас ұланның» беру керек!

Елі үшін бүгінгі жас алаңдар ма,

Үйіңде елім дейтін балаң бар ма?!

«Жас қазақ», «ЕСЕП» атын беру керек,

Мекеме, көшелерге, алаңдарға!

«Желтоқсан» КСРО – ны қақыратты,

Лақтырды ұлт бодан деген пақыр атты.

Азаттық ел руһын асқақтатып,

Шаттығы ұлттың жанын жадыратты.

Азаттық – ұлттың Ұлы жеңісі еді,

Ғарыштық ғаламмен тең кеңісі еді.

Қан кешкен өр халықтың үш ғасырлық,

Үздіксіз күресінің жемісі еді.

Ұлтымның еркіндігі – азаттықта,

Азаттың бел тірегі – қазақтықта.

Батыс пенен Шығысқа елігем деп,

Қазағым, өзіңді – өзің мазақ тұтпа!

Елімнің ірге тасы, құнды бағы –

Ұлттардың достығы мен ынтымағы.

Халқыма көзін тіккен бүкіл әлем:

«Осындай болсақ – ау!» – деп, ынтығады.

Күш – қуат, шаруа бекіп, базар байып,

Аз қалды мықты елдерден асарға иық.

Түсірді «Нұрлы жолға» Елбасымыз,

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Бықсытпай опа бермес бос тантықты,

Шарқынша өркенге үлес қосқан мықты.

Жүздеген бодан ұлт бар жер жүзінде,

Түсінде көре алмайтын бостандықты.

Біздің ел – данаға өзін басқартқан ел,

Лавадай жүрек оты тас қорытқан ел.

Атомның полигонын жауып тастап,

Атомның қаруынан бас тартқан ел.

Елбасы – адамзаттың бас данасы,

Астана – парасаттың астанасы.

Қазақстан – жарасқан ынтымағы,

Жүз елу ұлттың ортақ баспанасы.

Бірліксіз ел соңына қайғы ереді,

Ұқтырған оны тарих бай дерегі.

Ұлы елім – мәңгі көктеп бойлайтұғын,

Бақыт пен берекенің бәйтерегі!

Күн сайын қуат қосқан дәрменіне,

Таңғалған бүкіл әлем пәрменіне,

Мәңгілік Елде туып, өсіп – өнген,

Адамның дүниеде арманы не?!

Қалкен СМАЙЫЛ

Тәуелсіздік – тұғырым

Сол бір күн бүгінгідей әлі есімде,

Жарық күн таянғанда күн бесінге.

Тәуелсіздік,

Қуаныш келіп қонды,

Қазақтың Ұлы дала кеудесіне.

Иә сол сәт төгілді ғой Алла нұры,

Шырқалып көп аңсаған бақыт жыры.

Жарым ғасыр құлаған көтерілді,

Қазақтың бөрілі байтақ көкшіл туы.

Тәуелсіздік,

Ізгі арманы әр адамның,

Бақыты теңеуі жоқ бұл ғаламның.

Қуаныштан тебіреніп адам түгіл,

Елжіреді тасы да боз даламның.

Тәубә деп батқан мен атқан таңға,

Бақыт нұры құйылды қазақ жанға.

Қазағым жаяу қалған атқа мінді,

Тәуелсіздік байрағын алып қолға.

Ойласам өртенеді жан мен өзек,

Бөріден қашқан талай қорқақ көжек.

Қалайша Ұлы даламды жаулап алған,

Бұл дүние болар деген алма-кезек.

Баяғыда Өр Алтай тұрағым деп,

Асқақ рух, бөрілі байрақ ұраным деп.

Шындық-аңыз айтады адамзатта,

Қазақтарды көк бөрінің ұрпағы деп.

Тұлпары көкке шапшып арқыраған,

Дулығасы күн нұрымен жалтыраған.

Бөрі-бабам,

Алтайдың шықса тау басына,

Тұлғасынан бар әлем қалтыраған.

Жырлайсың келер ұрпақ рухтансын деп,

Ат тұяғын тай басар қазанат боп.

Біз қазақтар,

Жаулаған жарты әлемді,

Күлтегін Каһан басқарған қағанат боп.

Кісілік, батырлығы көктен асқан,

Өргізген көк тамырын қара тастан.

Біз қазақтар,

Батыр-дана көк түріктей,

Ең алғаш әріптерді тасқа басқан.

Рух алып мәңгі өшпес Алла хақтан,

Ер үстінде садағын жайдай тартқан.

Біз қазақтар,

Аттиладай Ғұндар болып,

Европаның басына ат ойнатқан.

Сәулет өнер нұр тамызған қара тастан,

Созақ пен Сығанағым арай шашқан.

Біз қазақтар,

Әбу Насыр Әл-Фарабидей,

Әлемге тұғыш ғылым бетін ашқан.

Рухымыздан езілген жаман бордан,

Қытай қорқып тұрғызған зәулім қорған.

Біз қазақтар,

Бейбарыстай бар мұсылманды,

Крест таққан батыстан қорғап қалған.

Алтын алған шіріген темір таттан,

Домбырасын күмбірлетіп үкі таққан.

Біз қазақтар,

Адамзаттың тұңғыш кітапханасы,

Отырардай біліммен шырақ жаққан.

Көк мұхиттай тулатып Есілдерін,

Кешіп өткен Дон менен Еділдерін.

Біз қазақтар,

Кньяздарға таққа мініу үшін,

Табанын сүйдірткен кеп Едігенің.

Қу шөлден де меңіреу өлі су шығарған,

Айбатынан күн тұтылып, түн қуарған.

Біз қазақтар,

Тарағай ұлы Темір болып,

Үндінің мұхитына ат суарған.

Асқақ рух жанып сонау Күлтегіннен,

Әлемде найзағайдай күркіреген.

Біз қазақтар,

Ақ орда ханы Тоқтамыстай,

Мәскеуді бір емес, жеті өртеге.

Шығатын қырқа емес тау үстіне,

Кім жетеді өмірде рух күштіге.

Біз қазақтар,

Елі үшін Жәнібек, Тәуке хандай,

Ұя салдырған бозторғайды қой үстіне.

Досына ақ көңілі жалтыраған,

Дұшпанға найзағайдай жарқыраған.

Біз қазақтар,

Сарыарқада ошақ жақсақ,

Жалыны Балқан тауда жарқыраған.

Көрген жұрт елдігіне болған қайран,

Жыланға да ақ құйып төккен айран.

Кісілік пен батырлық арқасында,

Бөрі- бабам Ұлы далады салған сайран.

Жердің өсі жаншылып салмағынан,

Талай ұлттар пана тапқан жарғағынан.

Кіндік кесіп Ұлы далада бұл жалғанда,

Батыр бабам басыпты жалпағынан.

Түкірген түкірігі де көкте қалқып,

Ырыс-бақтың мас қыларлық исі аңқып.

Дамыған өркениеттен кештеу қалып,

Бөрі бабам кетіпті біраз қалғып.

Кәрін төксе қаратүн шамшыраққа,

Алла жазса не дауа бұл сұмдыққа.

Кешегі табанын сүйген қоңыр аю,

Өркениетпен айналыпты самұрыққа.

Ойласам өртенеді жан мен өзек,

Болар деген бұл дүние алма кезек.

Самұрық Ұлы даламды жаулап алған,

Тұмсығы-оқ, зеңбірек пен тырнақ кезеп.

Боласың қорғасынға тесік өкпе,

Тиді ғой тұщы тырнақ жүрек-етке.

Батырлығы бабамның оққа ұшты,

Найзамен не істейсің зеңбірекке.

Туған Отан Ұлы дала жер-көгінде,

Асқақ рух ойнап тамыр қан-тегінде.

Тәуелсіздік деген сезім бір сәтке де,

Қазақтардың өшкен жоқ жүрегінде.

Садаға жан мен жүрек өскен елден,

Кіндік кесіп, ерге мінген туған жерден.

Біз қазақтар,

Кенесарыдай он жыл бойы,

Шоқпармен-ақ зеңбірекке төтеп берген.

Дірілдеген мұжығы сақал түкті,

Ту көтерген әрқашан бостандықты.

Біз қазақтар,

Қасым төре, Кейкілердей,

Мойындамаған өмірі бодандықты.

Төрт мұхитты шалшықша жалдап өткен,

Алты құрлық кілемін дірілдеткен.

Біз қазақтар,

Қажымұқандай бар әлемді,

Алып ұрып жауырынын жер иіскеткен.

Қаймықпай Алашым деп билік күштен,

Туған ұлтым болсын деген биік үстем.

Біз қазақтар,

Әлихан, Жұмабектей,

Тақтан түсіп елі үшін көрге түскен.

Мирас еткен ұрпаққа батыр бабам,

Атырау-Алтай арасы байтақ далам.

Біз қазақтар,

Желтоқсанда Ер Қайраттай,

Мұхитта жатып, жалындай лапылдаған.

Бодандықта саңқылдатқан өктем үнің,

Қырандай мойынын үзген бөктергінің.

Тәуелсіздік деп,

Әлемде ең көп бас көтерген.

Біз қазақтар ,

Ұрпағы көк бөрінің.

Империяға үш жүз рет найза сұға,

Әлсіреткен қазақтар алып тұлға.

Асқақ рух тәуелсіздік алды бүгін,

Көкжал бөрі тұрмайды темір торда.

Табанға салған басын көктегінің,

Кісілік, батырлық пен төккен нұрын.

Адамзат жаралғалы,

Тәңіріге ғана,

Басын иген ұрпағы көк бөрінің.

Алашым қайта оянған сен бір алып,

Тік тұрдың, жата көрме қайта қалғып.

Ұлы далам, кіндік кескен әз Отаным,

Қазағым дүниедегі Ұлы халық.

Алашым деп, бабамның қан мен тері,

Сіңген мынау қасиетті қазақ жері.

Тек бар ғой,

Рух бар ғой бұл күндері,

Қазағым көп елдерден көш ілгері.

Бөрі бабам, рухы биік, қайтпас жүрек,

Кімді болсын өмірде,

Тартады тек.

Сенемін келер ұрпақ көк тірейді,

Бабасындай азуын айға білеп.

Тәубә шүкір,

Бұл қазағым көкте бүгін,

Тәуелсіздік лебі ескен көктемімнің.

Қарадым көзін ашқан бөлтірікке,

Ұрпағы аман болсын көк бөрінің.

Ардақ БЕКЖАНҰЛЫ

Тәуелсіздік таңы

Тәуелсізбін, мен бүгін байтақ елмін!

Айта бергім келеді, айта бергім.

Тәуелсіздік таңы кеп атқаннан соң,

Осы өмірге туылып қайта келдім.

Қайта келмей қайтейін, қуанамын!

Тәуелсіз Қазақ Елін құп аламын.

Елдігіңді сақтай біл кейінгі ұрпақ,

Сендерден дем біткенше сұранамын.

Сұранамын, сақта осындай елдігіңді!

Айыптайсың бұдан кейін енді кімді?

Алпауыт талай елмен терезе тең,

Қастерлей біл осындай теңдігіңді.

Жегілмеңдер жем болып азғырғанға,

Не шығады айыптап жазғырғанда?

Барлық іске тарих куә, талдап шығар,

Жер басып жүр ғой талай азғындар да.

Ат төбеліндей аз халықпыз сақтанатын,

Жер жүзіне жерім бай деп мақтанатын.

Дархандықтан, кеңдіктен кенде болмай,

Жалғыз атты сой деуге де шақ қалатын.

Жаңылмайтын жақ болмайды білесіздер,

Шаттанып Мәңгі Ел болып күлесіздер!

Жаратқан жар боп тұрса ел-жұртыма,

Бақытты Ел боп, талай түндік түресіздер.

Төлеу КҮНЖОЛҰЛЫ

Жүректен жырды арнадым

О, Құдірет шабыт бер маған тағы,

Шабытсыз жылжымайды қалам дағы.

Тәуелсіздік күнінде тебірене,

Төгейін сұлу сөзді санамдағы.

25 жыл Тәуелсіз елім менің,

Бұл күнде мен де қазақ жеріндемін.

Көп қазақтың бірімін көшіп келген,

Болашаққа байлаған сенімдерін.

О, Қазағым, жайсаңым, серім менің,

Кезі келсе қайсарым, ерім менің.

Өтті-ау Сәкен, Қасымың, Әлиханың,

Егілсең де ешқашан жеңілмедің.

Берілмедің, қиналдың, сөгілмедің,

Сөгілсе де қабырғаң төгілмедің.

Құрбан етті өрімдей ұл-қыздарың,

Тәуелсіздік жолында өмірлерін.

Көк туыңда нұр шашып алтын күнің,

Қыраныңдай самғасын әрбір ұлың.

Тәуелсіздік бақытын ала келіп,

Таусылмасын ешқашан ән мен жырың.

Елбасым бар көреген елден ерек,

Көз тимесін шіркін-ай неткен зерек.

Қатарына іргелі отыз елдің,

Нұрағасы қазақтың бастап келед.

Мақтанатын жеріңде мақтан, қазақ,

Шаттанатын күнің бұл, шаттан қазақ.

25 жыл мерекең құтты болсын,

Жаса халқым, жасай бер, көрмей азап!

Зейнегүл ӘБУҚЫЗЫ.

Тәуелсіздік таңы

Тәуелсіздік тұғырым шыңнан биік,

Тағзым етем мен саған басымды иіп.

Асыл мұра байлығым, баға жетпес,

Бір сен үшін берер ем, бәрін қиып.

Тәуелсіздік бағым ең, бабам күткен,

Тарихым бар, тармақты күндер өткен.

Баба арманы бұл күнде бізге мұра,

Дей алмассың, бәрі де түсті көктен.

Тәуелсіздік туған жер, Атамекен,

Биік болсын тұғырың, мәңгі бекем.

Асулардан асып сен Алатаудай,

Көк байрағым көгімнен түспесе екен!

Тәуелсіздік бақытым қонған басқа,

Барма менің арманым одан басқа.

Егемен ел ертеңі, Ер қолында,

Таудай талап тасыған тал бойында.

Туған өлкем, кең байтақ Қазақстан,

Көлдей көңілім, өзіңді сүйіп құшқан.

Көкжиегің кең болсын, атар таңда,

Табыстарың толағай, асып тасқан.

Тәуелсізбіз бұл күнде, шарықтаған,

Самұрық боп аспанда қалықтаған.

Тәуелсіздік таңдарым ғұмырлы бол,

Айың туып, жұлдызың жарқыраған.

Үстем болғай мерейің Қазақ елі,

Мұра болып бабамнан қалған жері.

Алда болсын шыңдарың шығар сенің,

Есен сау боп, ерлерің, сүйген елің!

Ерментай КЕНТАЙҰЛЫ

Бодандықтан көз ашпаған қазағым

Бодандықтан көз ашпаған қазағым,

Сан ғасырда көрдің өмір азабын.

Әуел бастан бас-басына би болған,

Қазағыма құрды жаулар тұзағын.

Өз жері бар, әдет-ғұрпы салты бар,

Көшпендіге түркі тектес халқыма.

Найзаларын келді қалмақ кезеніп,

Жауды жеңу жазылған деп антыма.

Елім-ай деп туған жерін қимаған,

Жыр естілді адам жанын қинаған.

Жас арулар қолаң шашын төгілтіп,

Жас сәбилер көздің жасын тыймаған.

Ер намысы қойғызбайды еркіне,

Батыр шықты Ақ Ордадан желпіне.

Бөгенбай мен Малайсары, Тайлақтар,

Сол батырдың сүйсінді түс кейпіне.

Бір ғасырдан бір ғасырды өткеріп,

Кетті қазақ орыстарды дос көріп.

Кінәміз жоқ бұл халықтың алдында,

Иілдік қой табақ тартып, бас беріп.

Өткен ғасыр төңкерісі заманның,

Ала келді қазағыма тозағын.

Миллиондап аштан қазақ қырылды,

Көрді өмірдің соғыссыз -ақ мазағын.

Кезегімен келді артынан сор жылдар,

Атақ-даңқы айуандықпен зор жылдар.

Қазағымның Арыстарын жайратқан,

Қан қасапты, қара түнек қор жылдар.

Ақбоз аты Әбілхайыр Сұлтаның,

Алып тұлға, ер түркінің ұрпағы.

Бас қолбасшы етіп бәрі сайлапты,

Желеп-жебеп, қазақты алқап тұр, Тәңір!

Таңыбай ӘБДІХАЛЫҚ

                                                                                         Мен – қазақпын

Боданына бұғауланбай өзгенің,
Тиылды ғой жанарда жас, көзде мұң.
Жасқанбаймын жоңғар қайтып келсе де,
Себебі, мен – Тәуелсізбін, бөгдемін.

Көшін тартқан өрлеуге алғы шептің
Мен – қазақпын, Кереймін, Жәнібекпін.
Қазақия қазығын мығым қағып
Мәңгілікке ізімді салып өттім.

Мен – қазақпын, Қасыммын, Есім ханмын

Ерегіскен жауымның есін алдым.
Қасқа жолда қасқайған дұшпанымның
Ескі жолда есіркемей көшін жардым.

Мен – қазақпын, тәуекелшіл Тәукемін
Ұлт көрмеген тағдырымның тәлкегін.
Дәстүріме бас ұрмаған халыққа
Аяушылық танытып мен қайтемін.

Мен – Әйтеке, Қазыбекпін, Төлемін,
Дала төсін сөзбен өрген өлеңім.
Ұшқыр ойды қас қағымда тілге орап
Екі ауыз сөзбен шешкен ер құнын.

Мен – қазақпын, аруақты Абылай
Кімге болсын қарсы тұрар мойымай.
Бұлантыда атой салған шайқаста
Басын иген қара қалмақ аңырай.

Мен – қазақпын, Құнанбаймын, Абаймын,
Санасына шуақ төккен талайдың.
Заманының қырандары – жастарға

Жалын рухты Мағжан болып қараймын.

Мен – қазақпын, Алиханмын, Алашпын,
Көзім барда санам соқыр тумаспын.
Тілім менен дінім құрып кетсе егер
Бұл дүниеге адам болып сыймаспын.

Мен – қазақпын, Бауыржаны Момыштың
Отын басқан жалындаған Соғыстың
Тіл тигізсе рухы биік халқыма
Жүзі өткір қиып түсер қылышпын.

Мен – қазақпын, Рахымжанмын кешегі
Аңыз болған өшпес мәңгі ерлігі.
“Қара дауыл қара қылды қақ жарып
Рейхстагқа Ту тіккен ер” десе – ді.

Мен – қазақпын, Рысқұлбеков Қайратпын,

Отаршылдық саясатты жайраттым.
Қазақ қызын ұрғанына шыдамай
Қанды боран желтоқсанда бораттым.

Мен – Нұрсұлтан, айбынды ер Алашпын,
Барлық ғалам мойындаған Азатпын.
Тоқсан бірде дүркіретіп әлемді
Жаңа Орда тіккен ұлы қазақпын.

Мен – қазақпын, азатпын, еркін елмін,
Көк бөрідей ұрпағы түркілердің.
Арыстандар жан жақтан тартса-дағы
Түзде жортқан құландай үркімедім.

Мен – қазақпын, байлық, Бақыт көшімін,
Мен – қазақпын, кең байтақ жер төсімін.
“Қасқа жол” мен “Ескі жолды” жалғаған
“Нұрлы жолмен” нұрлы күнге көсілдім.

Мен – қазақпын, Қазақстан елімін,
Бірлік, ырыс тұнып тұрған жерімін.
Бес ғасырдан артық сақтап келемін
Бабалардың секем бермес сенімін.

Мен – қайтпаған батыр халық қазақпын,
Ұрпағымын талай қыршын боздақтың.
Тектіліктің ұлы көшін жалғаймын
Себебі, мен – Тәуелсізбін, азатпын!!!

Жасқанат БАҚЫТҰЛЫ

Әзірлеген: Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button