Жаңалықтар

«ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘТТІ ҰҒЫМ, ШЫРЫН ДӘМІ» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасының ЕРЕЖЕСІ

«Мағауия СЕМБАЙ атындағы журналистерді қолдау» қоғамдық қоры ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ атындағы «Тәуелсіздік – тәтті ұғым, шырын дәмі» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасын жариялайды.

Мүшәйраның мақсаты:

30 жылда қол жеткізген жарқын жетістіктер мен өткен тарихты, кемел болашақты қара өлеңнің құдіретімен қалың жұртшылыққа паш ету, отансүйгіштікті дәріптеу, аймақ ақындарының шығармашылығына қолдау көрсету.

Шарттары:

Мүшәйраға 18 – 45 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады;

Ұсынылған өлеңдердің біреуі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, екіншісі – «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдық торқалы тойына немесе биылғы жылы туғанына 70 жыл толған Ибрагим Бекмаханұлына арналса, үшіншісі – еркін тақырыпта болуы шарт;

Әр өлең көлемі 100 жолдан аспауы керек; шығармалар электрондық нұсқада Microsoft Word форматында (14 кегльде (шрифт), жоларасы 1 интервал, Times New Roman қарпімен) жіберілуі қажет;

Жинақтарда, мерзімді басылымдарда, сайттарда, әлеуметтік желілерде жарияланған, басқа байқауларға ұсынылған және талапқа сай келмейтін шығармалар қабылданбайды;

Қабылданған шығармаларға пікір берілмейді;

Қазылар алқасының алдын-ала іріктеуінен өткен үміткерлер қорытынды шараға қатысады.

Үміткерлердің шығармаларын бағалау кезінде: ұсынылған шығармалар тақырыбының ашылуына; шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұнына; туындының көркемдік сапасына; автордың сөз саптау мәнері, стильдік ерекшелігіне назар аударылады. Барлық келіп түскен шығармаларды байқаудың қазылар алқасы алдын ала қарап, талдау жасайды және бағалайды.

Мүшәйраның жүлде қоры:

Бас жүлде (біреу) – 500 000 (бес жүз мың) теңге; І орын (біреу) – 250 000 (екі жүз елу мың) теңге;
ІІ орын (біреу) – 150 000 (жүз елу мың) теңге;
ІІІ орын (екеу) – 75 000 (жетпіс бес мың) теңгеден.
Ынталандыру сыйлығы (үшеу) – 30 000 (отыз мың) теңгеден. Мүшәйраның қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жарияланып, жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Мүшәйраға атсалысып, қосымша қолдау білдіреміз деген азаматтар болса қарсылық болмайды.

Мүшәйраға қатысу

Мүшәйраға қатысу үшін үміткердің шығармалары (аты-жөні, жұмыс немесе оқу орны, байланыс телефондары көрсетіле отырып, жеке куәлігінің көшірмесімен қоса) 2021 жылдың 26 қарашасына дейін ortalyq.kz@gmail.com, ortalyq.kaz@mail.ru электронды мекенжайы бойынша «Мүшәйраға» деген белгімен қабылданады.

Анықтама телефондары:

8 (7212) 433883,

8 701 751 13 52

Басқа материалдар

Back to top button